Париж - Ницца. Astana – Premier Tech командалық есепте көш бастады

1300

Санчес шабуылға шығып, Власов пен Исагирре алғашқы таулы кезеңде он үздіктің қатарынан табылды.

Париж - Ницца. Astana – Premier Tech командалық есепте көш бастады

Шамамен финишке 13 шақырым қалғанда Луис Леон Санчес финалдық асуда жойқын шабуылға шықты. Тіпті көш басында жалғыз өзі болып, кезеңдегі жеңіс үшін таласты. Бірақ, мәреге 3 шақырым қалғанда оны Примож Роглич пен жалпы есептің басқа да фавориттері қуып жетті. Нәтижесінде Astana - Premier Tech командасының екі шабандозы - Александр Власов пен Йон Исагирре кезеңдегі он үздік шабандоздың қатарында жарысты аяқтады. Александр 5-орын иеленсе, ал Йон 10-нәтиже көрсетті.

"Жалпы "Париж-Ниццаның" алғашқы таулы кезеңінде көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Финалдық асу аса тік орналаспағандықтан, маған ыңғайсыз болды. Себебі мен ұзақ әрі тік орналасқан тау жолдарын ұнатамын. Команда бүгін өте жақсы жұмыс атқарды. Күні бойы әріптестерімнің қолдауын сезіндім. Соңғы асуда жігіттер мені алдыңғы қатардағы жақсы позицияға шығарды. Бірақ, Рогличтың шабуылының соңынан ілесу қиын болды. Асудың соңғы бөлігінде жоғары жылдамдықты сақтап қалуға тырыстым. Қуғыншылар тобынан шабуылға шыққан гөрі барынша аз уақыт жоғалтуды жөн санадым. Өйткені жарыс жолының соңғы шақырымдары айтарлықтай төмендей бастады. Нәтижесінде мәреге Рогличтан 12 секундтан кейін келдім және бұл мен үшін таулы аймақта өткен жақсы сынақ болды. Алда тағы да бірнеше қиын жарыс күні күтіп тұр. Сондықтан келесі кезеңдерде қандай нәтиже көрсететінімізді көре жатармыз", - деді Александр Власов.

Шалон-сюр-Сон қаласында жарыс басталған соң алты шабандоз шабуылға шықты. Олар пелотоннан төрт минуттай басымдылыққа ие болды. Алты категориялы асуы бар, 160 шақырымдық жарыс жолынан кейін де көшбасшы топ бір минуттық басымдылықпен пелотоннан алда келе жатты. Шамамен осы уақытта негізгі топтан Испания чемпионы Луис Леон Санчес шабуылға шығып, француз шабандозы Реми Каваньяның ізіне түсті. Сәл кейінірек Санчес алдыңғы қатарда көшбасшы топтан қалған шабандозды қуып жетті. Ал мәреге шамамен 5 шақырым қалғанда жалғыз өзі қайта шабуылдады.

"Бұл кезеңдегі жеңіске жету үшін тамаша мүмкіндік болды. Асу жолының алғашқы бөлігі қиынға соқты. Мен алдыңғы қатарда барынша ұзағырақ қалу үшін 100% барымды салдым. Соңғы үш шақырымға дейін жеткенімде, әлі де болса менің жеңіске деген мүмкіндігім болар еді. Бірақ Рогличпен бірге басқа да шабандоздар мені қуып жетті. Бабымның да жақсарып келе жатқанын айқындайтын жақсы мүмкіндік болды.Тағы да бағымды сынап көремін", - деді Луис Леон Санчес.

Жарыс жолының соңғы шақырымдарында Примож Роглич жекелей шабуылға шығып, Александр Власов пен Йон Исагирре қуғыншылар тобында көш бастады. Нәтижесінде Роглич кезеңде жеңіске жетті. Власов кезеңді бесінші, Исагирре оныншы болып аяқтады.

Роглич жалпы есептің көшбасшысына айналды. Ал Власов 4-орынға (+0.41) көтерілді. Исагирре бесінші сатыға жайғасса (+0.43), Санчес 9-позицияға тұрақтады (+1.11). Нәтижесінде Astana – Premier Tech кезең қорытындысы бойынша командалық есепте көш бастады.

"Біздің осы кезеңге арналған бірнеше жоспарымыз болды. Бірақ басты мақсатымыз жалпы есепте өз мүмкіндігімізді сынақтан өткізіп көру болатын. Команда кезеңді өте жақсы өткізді. Ал Йон мен Александрға Рогличтың ізіне түсу үшін сәл ғана уақыт жетпеді. Сонымен қатар Луис Леон да жеңіске біртабан жақын болды. Бұл ол үшін кезеңде жеңіске жету үшін жақсы мүмкіндік болды. Енді жалпы есептегі жағдай айқындала түсті. Сондықтан біз келесі кезеңдерде жеңіске жету үшін күресті одан әрі жалғастырамыз. Алда тағы да таулы аймақта өтетін бірнеше қиын кезең, ал бізде мықты команда бар", - деп қоса кетті команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

Өкінішке орай асқазан ауруына байланысты Самуэле Баттистелла бүгінгі кезеңде жарыс жолына шыға алмады. Сондықтан көпкүндіктен де шеттетілді.

Париж - Ницца. 4-кезең. Шалон-сюр-Сон – Ширубль, 187.6 шақырым.

Кезеңнің үздік үштігі: 1. Примож Роглич (Team Jumbo-Visma); 2. Максимилиан Шахманн (BORA – hansgrohe); 3. Гийом Мартан (Cofidis, Solutions Crédits).

Astana – Premier Tech Үздік үштік: 5. Александр Власов; 10. Йон Исагирре; 21. Луис Леон Санчес.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу