Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жүлде мөлшері өзгерген жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, чемпионға 250 000 доллар, күміс үшін 150 000 доллар және қола үшін 75 000 доллар беріледі.
Төртіншіден алтыншы орынға дейін иеленген спортшыларға тиісінше 30, 10 және 5 мың доллардан төленеді. Сонымен қатар, чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындауға қатысқан бірінші, жеке және бас бапкерлерге ақшалай ынталандыру қарастырылған. Командалық спорт түрлері бойынша чемпиондар мен жүлдегерлерге ақшалай ынталандыру төлемдері әрбір спортшыға алған әрбір орын үшін ақшалай ынталандырудың 100 пайызы мөлшерінде төленетінін атап өткен жөн. Олимпиадалық спорт түрлерінен әлемдік рекорд орнатқан жағдайда спортшы тағы 5000 доллар, ал жаттықтырушы 3000 доллар алады", — деді Ермек Маржықпаев.
Жүлдегерлер үшін сыйақы мұнымен бітпейді. Бұдан бөлек спортшыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілетін сыйлықтар да бар.
"Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар чемпиондар мен жүлдегерлерге коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйді тегін пайдалануға беретінін айта кетейін. Бұл ретте мемлекет чемпиондарға немесе жүлдегерлерге, сондай-ақ оларды дайындаған жаттықтырушыларға, еңбек өтілі кемінде 20 жыл болған олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарына өмір бойы ай сайынғы материалдық қолдау көрсетеді", — деді министр.
Айта кетейік, жазғы Олимпиада ойындары Парижде 2024 жылдың 24 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді. Франция астанасына 206 елден 10 мыңға жуық спортшы келеді. Спортшылар 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.