Сенатор қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы қысқарғанын, өлім-жітім көрсеткіші өскенін алға тартты.
"2015 жылы зейнеткерлік жасты өзгерту туралы заң қабылданған кезде Қазақстандағы орташа өмір сүзу ұзақтығы негізге алынды. Ол кезде көрсеткіш 71 жаста еді. 2021 жылы бұл көрсеткіш 70-ке қысқарды. БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылы күтілетін өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін 78 жас, ерлер үшін 70 жас болады деп болжанған. Алайда пандемияға байланысты бұл көрсеткіштер өзгерді. Шын мәнінде, бүгінгі күні қандай болжам бар екені туралы нақты ақпарат жоқ. Меніңше, мұндай анық емес, сенімсіз дерек, яғни күмәнді көрсеткіштер әлеуметтік маңызы бар заңды қабылдауға негіз бола алмайды", – деді депутат.
Сонымен қатар оның айтуынша, әйелдерге белгіленген зейнет жасы да жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне әсер етеді.
"Тағы бір себеп еліміздегі басты мәселе – жұмыссыздық. Әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық. Қазақстандағы мүдделі мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сәйкес, 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті 9 млн-нан астам адамның 453,1 мыңға жуығы жұмыссыз. 2021 жылдың бірінші тоқсанында бір жылдан астам жұмыс іздеп жүрген 15 пен 28 жас аралығындағы жастардың үлесі 8 350 адамды құрады. Ал 2022 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 9 262 адамға жетті немесе 10%-ға өсті. Бұған жыл сайын жоғары оқу орындарын бітіріп, жұмыс таба алмай жүрген жастардың қатарын қосу керек. Сондай-ақ биыл елімізде алғаш рет қолданбалы бакалавриат пилоттық режимде жүзеге асырылуда, соған сәйкес жастар 2-2,5 жыл оқып, еңбек нарығына араласады. Оларды қайда жұмысқа аламыз? Бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес, азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін жұмыс істей берсе, жаңа ұрпаққа жұмыс жоқ. Азаматтардың сенаторларға көптеген өтініштерін ескере отырып, әйелдердің зейнеткерлік жасын 58 жас деп белгілеп, әрі қарай жұмысты жалғастыру мәселесін өз қалауынша қалдыруды ұсынып отырмыз", – деді Дана Нұржігіт.
Қазір Қазақстанда ерлер 63 жаста зейнетке шығады. Әйелдердің зейнетке шығу жасы бірте-бірте ұлғайып келеді және 2027 жылға қарай 63-ке дейін көтеріледі.
Құралай Құдайберген