Партиямен байланысы жоқ адамдардың билікке келуінен не өзгереді?

Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. 

Партиямен байланысы жоқ адамдардың билікке келуінен не өзгереді? Фото: baq.kz

Енді Мәжіліс депутаттарының 70%-ы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30%-ы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша іріктеледі. Нақтырақ айтқанда, енді ешбір партиямен байланысы жоқ адамдар да билікке келе алады.

Сарапшылар жаңашылдық арқылы белгілі бір мәселелер бойынша саяси пікірлер көкжейегі кеңейеді, сонымен қатар аймақтық мәселелер айқын көрінеді деп есептейді.

Бұл туралы inbusiness.kz-ке берген сұхбатында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров айтты.

 – Ермек мырза, бір мандатты округтерден сайланатын кандидаттар туралы айтып өтсеңіз...

 – Бір мандатты округтер бойынша саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден кандидаттар және өзін-өзі ұсынушылар сайлана алады. Бұл Мәжіліске де, мәслихатқа да қатысты. Елдің аумағы сайлау округтеріне бөлінгенін түсіну маңызды.

 – Мәжіліске бір округ бойынша тек бір кандидат қана сайланады емес пе?

 – Мәжіліс үшін бұл 29 округ, олардың әрқайсысынан тек бір кандидат қана сайланады. Облыстардағы мәслихаттарды сайлау кезінде округтер саны өзгереді және мәслихат депутаттарының белгіленген санына байланысты болады. Мысалы, Астана қаласының мәслихатында 34 депутат болуға тиіс, оның 17-сі елордадағы бір мандатты округтер бойынша сайланады.

 – Мұндай кандидаттарға қойылатын негізгі талаптар қандай?

– Орталық немесе жергілікті деңгейдегі депутаттарға қойылатын талаптар әртүрлі. Мысалы, 25 жастан асқан Қазақстан азаматы Мәжіліс депутаты бола алады. Ал мәслихат депутаты болу үшін 20 жастан асу жеткілікті. Барлық үміткерлер соңғы 10 жылда Қазақстанда тұруға тиіс.

 – Партиялық тізіммен емес, өздігінен сайлауға түсетіндердің келуімен билікте не өзгереді?

 – Өзін-өзі ұсынушылардың келуі белсенді азаматтарға саяси шешімдер қабылдауға үлес қосуға мүмкіндік береді. Бұл саяси реформалардың маңызды міндеттерінің бірі. Азаматтар мемлекет басқаруға қатысқысы келеді және қатыса алады. Соңғы жылдары олар үшін осындай құқықтық және саяси жағдайлар жасалды. Мәслихаттар мен Мәжіліске өзін-өзі ұсынушылардың келуі саяси реформалардың тиімділігін көрсетеді.

 – Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу