Еуропа бұрын-соңды болмаған тұрғын үй күйзелісінің құрсауында қалды: миллиондаған азамат үшін шаршы метр қол жетпес қымбат дүниеге айналуда. Бұл осы аптада Испанияда халық толқуына ұласты. Үкімет "Әлеуметтік қалқан" бағдарламасы аясында енді осал топтағы азаматтарды жалдаған үйінен күштеп шығаруға 2030 жылға дейін тыйым салып, пайызсыз ипотека таратуға кірісуде. Ал, Португалияда тіпті 400 мың еуроның өзі баспана сатып алуға жетпейтін күйге жетті, деп жазды inbusiness.kz.
"Марикармен эффектісі": жалдау ақысы жоғары, баспана тапшы
Испаниядағы тұрғын үй дағдарысы саяси сипат алып, көшедегі бейберекетсіздікке ұласты. Қыркүйектің 23-і күні баспасөзде "Марикармен" деген лақап атпен танылған 87 жастағы Мария дель Кармен Абаскаль Мадридтегі арендалық пәтерден мәжбүрлі түрде қуылып, далада қалды. Ол сол үйде 70 жылға жуық тұрған екен.
Жалдамалы тұрғын үйдің меншік иесі ауысқаннан кейін жаңа қожайын пәтер ақысын 5 еседен астам өсіруге әрекет жасады: айына бұрынғы 500 еуродан 2 650 еуроға дейін көтерген. Шу шыққаннан кейін кейін бұл тарифін 1 650 еуроға түсірген. "Бомжға" айналып шыға келген кейуананың қасіреті бүкіл жұрттың қабырғасын қайыстырды.
Үйінен қуылған қария ауыр халде ауруханаға түсті. Бұл оқиға бір ғана отбасының жанжалынан асып түсіп, "Марикармен эффектісін" тудырды. Егде жастағы әйел көшірілгеннен кейін бірнеше күн өткенде Мадрид орталығында 150-ден астам шатыр пайда болды.
Пуэрта-дель-Соль алаңында наразылық білдірушілер палаткалы лагерь құрды. Ұқсас толқулар басқа қалаларға да тарады. Euronews дерегінше, акцияға қатысушылар жалға берушілердің жалға алушылармен мерзімсіз келісімшарттар жасауын, сондай-ақ тоқтаусыз өскен жалдау ақысын тізгіндеуді және балама баспана түрін ұсынбай тұрып, далаға қууды тоқтатуды талап етті.
"Әр 11 ай өткен сайын сізді мәжбүрлеп шығаруы немесе жалдау ақысын еселеп күрт көтеруі мүмкін. Соның салдарынан испандық жастар жеке өмірін бастай алмайды, ата-анасының қолында қалады, отау құрудан бас тартады. Жастар қалада тұрақтай алмауда", – деді Мадрид жалдаушылар одағының өкілі Пабло Перес.
Жалдамалы пәтерден өз баспанасына қол жеткізе алмаған, отбасын құра алмай, соқа басы қалған, ірі қалаларда орын таба алмаған испандықтар көбейіп келеді. Бұл елдің ірі мегаполистерінің орталықтарындағы тұрғын үйлерді бүкіл әлемнен келген шетелдік ауқатты азаматтар инвестиция ретінде жаппай сатып алады да, қалтасы таяз тұрғылықты жұртшылыққа көп ештеңе тимейді.
Испания Жастар кеңесінің дерегінше, елдегі орташа жалдау ақысы айына 1 176 еуроға жеткен. Бұл елдегі орташа айлық жалақының 98,7 пайызын құрайды.
Оның үстіне елде тұрғын үй қоры қарқынды ескіруде: Испания Банкі шамамен 750 мың үйдің тапшылығы бар екенін ескертті. Reuters мәліметінше, қазіргі мардымсыз құрылыс қарқыны сақталса, баспана тапшылығы 2028 жылға қарай 1 миллионнан асуы мүмкін.
Осы дағдарыс аясында тіпті туризм де қоғамның ашу-ызасына тап болды. Испандық наразылық білдірушілер елге туристердің келуіне мүлде тыйым салуды талап етіп отырған жоқ. Бірақ олар қаптаған туристердің жергілікті тұрғындарға арналған баспана көлемін қатты азайтып тастағанына наразы. Олардың пікірінше, қалалардағы пәтерлердің саяхатшыларға жаппай қысқа мерзімге жалға берілуі салдарынан ұзақ мерзімге жалдауға болатын тұрғын үй қоры қысқарды.
Бұл мәселе әсіресе туристік қалаларда, аралдарда және теңіз жағалауларында ушығып тұр. Олардағы онсыз да азғантай баспананы сатып алған шетелдіктердің үлесі II тоқсанда барлық мәмілелердің рекордтық 15,98%-ына жетсе, Балеар аралдарында 32%-дан асып түсті. Ұсыныс шектеулі болған жағдайда шетелдіктердің қосымша сұранысы бағаға үлкен қысым жасайды.
Испания Үкіметінің жауабы барынша қатаң әрі ауқымды болды. Педро Санчес кабинеті елдегі тұрғын үй дағдарысын шешуге көмектесетін жаңа шаралар пакетін бекітті. Олар халықтың баспананы жалға алуын және сатып алуын жеңілдетуге бағытталған.
Бірінші заң-декретте осал топтағы жалға алушыларды 2030 жылға дейін мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу, қысқа мерзімді және маусымдық жалдау ережелерін қатаңдату, туристердің спекулятивтік сатып алуларымен күресу, салықтық жеңілдіктер беру және бірінші баспананы пайызсыз қаржыландыру тетігін іске қосу ұсынылған. Билік жалға берілетін үйлерді субсидиялайтын болды: бұл кейбір отбасыларға бір айлық жалдау ақысына тең соманы үнемдеуге мүмкіндік береді.
Екінші декрет қымбатшылық кесірінен жұрт жаппай далада қалмауы үшін қолданыстағы жалдау келісімшарттарының автоматты түрде ұзартылуын қарастырады. Бірінші баспананы сатып алуға көмектесуге арналған пайызсыз (!) ипотеканың жаңа тетігі – "Tu Casa" бағдарламасының іске қосылатыны жарияланды.
Испанияның тұрғын үй саясаты министрі Исабель Родригес бүгінде баспана мәселесі испандықтар үшін ең күрделі түйткілдердің бірі екенін нұсқады.
"Ұсынылған шаралар осы дағдарысқа қарсы кешенді жауап. Біз Марикарменнің оқиғасы қайталанғанын қаламаймыз", – деді министр.
Сондай-ақ министр елдегі автономиялық қауымдастықтардың тиісті органдары заңсыз туристік пәтерлерді жабуға міндеттелгенін хабарлады. Олар жергілікті халықтың пайдалануына қайтарылуға тиіс.
Бұған қоса, жаңа салық шарасы енгізіліп жатыр: Үкімет заңды туристік апартаменттер үшін 10 ҚҚС салығын белгілейді.
Португалияда бір шаршы метр бағасы 6 256 еуроға жетті
Idealista басылымының жазуынша, Португалия "қолжетімді Еуропа" болудан қалып барады. Таяуда ғана Португалия жыл бойы жарқыраған шуақты күн сәулесін, жайға жағымды тыныштықты және біршама қолжетімді баспананы іздеушілер үшін "жерұйық" болып көрінетін.
Енді жергілікті жылжымайтын мүлік нарығы барлық рекордтарды жаңартып, тіпті жұмыс істейтін отбасылар үшін үй сатып алуды орындалмас қиялға айналдырды. Barómetro do Imovirtual мәліметінше, ел бойынша баспананың орташа құны 430 500 еуро деген ақылға сыймайтын межеге жетті.
Қыркүйек айында тұрғын үйдің орташа бағасы шаршы метріне 3 228 еуроны құрап, жаңа тарихи максимум орнатты. Бір жыл ішінде ұсыныс құны 7,9 пайызға өсті. Лиссабон бұл көрсеткіштен ары шығандады: қыркүйекте орташа баға шаршы метріне 6 256 еуродан (шамамен 3,2 миллион теңгеден) асқан.
"Қарапайым мұғалімдер, медбикелер, полицейлер, жас мамандар мен студенттер қалада өмір сүре алмайтын жағдайға жетті. Жағдай бұлай ушыға берсе, қалалар эканомикалық бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады", – деп ескертті тұрғын үй саясаты жөніндегі сарапшы Хайме Лука.
Global Property Guide дерегінше, осы онжылдықта португалдық баспана бағасы шамамен 240%-ға өссе, орташа жалақы шамамен 59%-ға ғана көтерілген.
"Нарықта жаңа үйлер жоқтың қасы. Сонымен бірге сұраныс тым жоғары. Салдарынан, португалдық отбасыларға, әсіресе жастарға жеке баспанасын иелену өте қиынға соғуда", – деді APEMIP қауымдастығының президенті Патрисия Барран Idealista-ға сұхбатында.
Баспана аздығы сыртында, Еуропада құрылыс қымбат, білікті жұмысшылар да жетіспейді. Құрылыс бизнесі бар кәсіпкер Рикарду Вагариньюдің бағалауынша, салада шамамен 80 мың жұмысшы тапшы. Тас қалаушыларға, электриктерге, сантехниктерге, дәнекерлеушілерге және басқа мамандарға тұрғын үй құрылысы да, инфрақұрылымдық жобалар да, реконструкция саласы да бірдей зәру.
Құрылыс та тоқтаусыз қымбаттап жатыр. Материалдар өндірісі газ, мұнай сияқты бағасы өскен энергия көздеріне тәуелді. Бұған тасымалдау шығыстары және дағдарысы қосылды. Сұранысқа ие аудандардағы жер учаскелерінің бағасы жоба бюджетінің 20–40%-ын құрайды.
Тағы бір күрмеулі проблема – бюрократия: үй салуға муниципалдық келісім мен рұқсат-құжаттарды күту кейде бір-екі жылға созылып кетеді. Жоба қаржысы осы уақытқа бұғатталады. Ол шығын да пәтер бағасын қымбаттата түседі.
Қай елде пәтер құны "19 жылдық өмірге" тең?
Еуропадағы және кез келген елдегі тұрғын үй дағдарысының ең қорқынышты көрсеткіші қаржымен немесе пайызбен өлшенбейді. Ол адамның өмір жылдарымен бағаланады.
Салдарынан тұрғын үй дағдарысы тек жылжымайтын мүлік саласының проблемасы болудан қалды. Бұл халық табысы, көші-қон, туризм, демография және саяси тұрақтылық мәселесіне айналып келеді.
1 қазанда Eurostat еуропалық статорганы хабарлағандай, 2026 жылдың II тоқсанында Португалиядағы тұрғын үй бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,5%-ға өскен. Бұл – Еуроодақтағы ең жоғары көрсеткіш. Одан кейінгі орындарда 15,5%-бен Болгария және 14,3%-бен Литва тұр.
Еуропада баспананың қолжетімсіздігін тағы бір көрсеткіш – баға мен табыстың арақатысы да паш етеді. Лиссабонда бұл коэффициент 18,7-ге жетті. Яғни, Португалияның астанасында баспана сатып алу үшін қарапайым отбасыға не тамақ ішпей, не киім алмай, не басқа да шығын шығармай, шамамен 19 жыл бойы табысын жинауға тура келеді.
Салыстырсақ, бұл көрсеткіш өзге еуропалық астаналарда – Прага, Милан мен Тиранада шамамен 18,1 жылды, Венада 17,4 жылды, Белградта 17,2 жылды, Парижде 17 жылды, Лондонда 16 және Брнода 15,8 жылды құрайды.
Бұл ретте экономистер 10-нан жоғары коэффициентті "қолжетімділігі проблемалы деңгей" деп есептейді. Осылайша, Еуропадағы ең қымбат баспана бүгінде ең қымбат қалалар саналатын Париж бен Лондонда емес, Лиссабон мен Мадрид сияқты тұрғын үй қоры тапшы, ескі мегаполистерде орналасқан.