Пәтерден ыдысқа дейін: Елде екпеге қатысты қандай ұтыстар ойнатылып жатыр

1859

Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус індетін тағы 2 мыңнан астам адам жұқтырды.  

Пәтерден ыдысқа дейін: Елде екпеге қатысты қандай ұтыстар ойнатылып жатыр

Билік өкілдері коронавирустан құтылудың бірден-бір амалы вакциналау екенін жүз рет қайталаса да, екпеге келгенде халықтың пікірі екіге жарылғаны рас. Бұл мәселеде әкімдіктер әдіс тапқан секілді. Жер-жерде ұйымдастырылған акциялар елдегі вакциналау қарқынын үдете түскен, деп хабарлайды  inbusiness.kz порталы.

Атырау: Жүлде қоры 40 млн теңге

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаевның айтуынша елде бүгінге дейін вакцинаның І компонентін 3 335 172 адам салдырса, екінші компоненті егілген халық саны 2 млн 596 адамға жетті. Әйтсе де індет қарқыны бәсеңдейтін емес. "Қызыл" аймақтағы өңірлердің бірі Атырау облысында 120 мыңнан астам адамға екпе салынған. Оның 117 мыңы толық вакцина алғандар. 620 мыңнан астам тұрғыны бар өңір үшін бұл әлі де аз.

Вакцина алушыларды ынталандыру мақсатында "Атырау облысының Азаматтық Альянсы" тың бастама көтеріп, 30 маусымнан бастап вакцина салдырушылардың арасында ұтыс ойынын ұйымдастырғалы отыр. Ұтыс ойынының жүлде қоры 40 млн теңге. Егер кәсіпкерлер арасында демеушілік етуге ниетттілер көбейсе, жүлде қоры да толыға түспек. Ұтыс ойындары 30 қазанға дейін жалғасады.

"30 маусымнан бастап он күн сайын 200 мыңнан 10 адамға тоғыз рет ойнатылады. Ертеңнен бастап індетке байланысты екпені алған адамдар 10 шілдеге дейін алған адамдардың санын лотореяға ойнатамыз. Ол электронды болады. Сол ұтқан адамдардың есеп-шотына ақша аударылады. Ол 10 күн сайын қайталана береді. Бұл жерде екпені бірінші, екінші алғандар деп бөлінбейді. Екпе алғандардың бәрі қамтылады", – дейді облыстық "Азаматтық альянс" бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев.

Ақтау: Жүлде смартфоннан басталады

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Үкіметтің кеше өткен отырысында өз өңірінде коронавиурсқа қарсы вакцинаның бірінші компонетін 57 800, ал екінші компонентін 33 350 адам салғанын мәлім еткен еді. Маңғыстау облысында денсаулық сақтау саласы 99 пайызға, құқық қорғау органдарының қызметкерлері екпені толық алған. Әкімнің сөзіне қарағанда, вакциналау жұмыстарын одан әрі күшейту үшін арнайы штаб  құрылып, басқа да санаттар бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ақтауда халықты вакцина алуға ынталандыру үшін өңірде 22 маусымнан бастап басты жүлде – екі бөлмелі пәтерге ұтыс ойыны жарияланған екен. Вакцина алушылар қарқынын арттыру үшін апта сайын тұрмыстық техника, смартфондар, тоңазытқыштар, теледидар сияқты бағалы сыйлықтар ойнатылып тұрады.  Жеңімпаздар арнайы құрылған сайт арқылы тікеле эфирде анықталады.

ШҚО ұтысқа көлік тікті

Жалпы облыстардың біразында вакцина алғандардың арасында көлік ойнатылып жатыр. Өскеменде бұл акция 28 маусымнан басталған екен. Акцияға қатысу үшін екпе алған азаматтардың бәрі 28 маусымнан бастап vaccine-uk.kz сайтында тіркелуі қажет. Акцияға жылдың басынан вакцина алғандар қатыса алады. Аты-жөнін, ұялы телефон нөмірін және екпе алған орынды көрсеткеннен кейін, акцияға қатысушыға алты таңбалы бірегей нөмір беріледі. Осы нөмір бойынша бас жүлде ойнатылады.

Ұтыс ойыны жалпыға бірдей екпе алу науқаны аяқталғаннан кейін әлеуметтік желілерде онлайн трансляция арқылы өтеді. Бәрі әділ болуы үшін ұтыс ойынының барлық кезеңін қадағалайтын тәуелсіз қоғамдық комиссия құрылмақ.

Акцияға Өскемен қаласы әкімі аппаратының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне қатысуға тыйым салынады.

Қарағандының сыйлығы – Phone 12

Қарағанды облысының вакцинацияланған тұрғындары арасында iPhone 12 ойнатылып жатыр. Ұтыс ойынын облыс орталығының екі белсенді тұрғыны Әмір Бейсеналин мен Рустам Айтмағамбетов ұйымдастырған. Олардың айтуынша, ұтыс облыс тұрғындары арасында вакциналау көрсеткішін арттыруға бағытталған.

"Бізді пандемияға байланысты қалыптасқан жағдай алаңдатады. Екінші жыл қатарынан дүкендерге, дәмханаларға, мейрамханаларға, киноға, театрларға және басқа да қоғамдық мекемелерге маскасыз кіру мүмкін болмайтын жағдайда өмір сүріп жатқанымыз ұнамайды. Біз көрермендермен өткізілетін жаппай іс-шаралар туралы ұмытып кеттік және осы жағдайдан шығудың жолы вакцинация деп санаймыз. Біз мұны неғұрлым тезірек түсінсек, соғұрлым тезірек толыққанды өмір сүре бастаймыз", – деп атап өтті Әмір Бейсеналин.

Ұтыс ойынының шарттары қарапайым: вакциналау, екпе паспортын немесе вакцинаны алғанын растайтын кез-келген басқа құжатты суретке түсіріп, оны әлеуметтік желілерде #стопковидкрг хэштегімен орналастырып, ұйымдастырушылардың Instagram-дағы аккаунттарына жазылу керек.

Ұтыс ойынына Қарағанды облысының тұрғындары ғана қатыса алады. Қорытынды шілде айының алғашқы күндерінде шығарылады.

Сондай-ақ Қарағанды облысының Қаражал қаласы мен Жаңаарқа ауданында вакцина алғандардың арасында шипажайға жолдамалар мен бағалы сыйлықтар ойыны ұйымдастырылған. Қаражалда ұтыс ойыны 11 маусымда басталып, 15 шілдеге дейін жалғасады. Оның қорытындысы апта сайын бейсенбі күні сағат 16:00-де @karazhal.mso Instagram парақшасында тікелей эфирде шығарылады. Бағалы сыйлықтар тізімінде микротолқынды пештер, мультиваркалар, тағамдық процессорлар және электр шәйнектері бар.

Акцияның көбі Алматыда өткізіліп жатыр

Оңтүстік астана індет жұқтырған адам бәрінен көп тіркелетін екі қаланың бірі. Бұл қалада вакциналауға қатысты акцияны әкімдік те, жекелеген кәсіпкерлер де ұйымдастырып жатыр. Кәсіп иелерінің ішінде Глобус сауда орталығы халықты 31 мамырға дейінгі супер ұтыс ойынына қатысуға шақырады. Онда барып екпе алғандар Iphone 12 ұялы телефонынан бастап, басқа да құнды сыйлықтарға ие болмақ.  

Бұған дейін қаланың Алатау ауданы 2 маусымнан бастап вакцина алғандарға лотерея ұтыстарына қатысуды ұсынған еді. Алатау ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен және кәсіпкерлік қауымдастықтың қолдауымен "Ертеңгі күн – бетпердесіз!" деген атаумен акциялар өткен. Коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған адамдар арасында өткен акцияда жүлдегерлерге ыдыс-аяқ жинағы, шаш кептіргіш, әмиян мен сүлгіге дейін берілген.

Сондай-ақ коронавирус вакцинасының бірінші компонентін алатын қазақстандықтар "Астана Моторс" компаниясының HyundaiAccent автокөлігін ұтып ала алады. Вакцинацияланғандар арасында 2 автокөлік ойнатылады. Бірі Нұр-сұлтан қаласындағыMEGA SilkWay СОО-да өтсе, екіншісі Алматы қаласындағы MEGA Alma-Ata немесе MEGA Park СОО-да ұйымдастырылмақ.

Ақтөбе ұтысқа бір емес екі көлік тікті

Ақтөбе әкімдігі вакцина салдырғандар арасындағы ұтысқа 2 көлік тікті. Науқан екі кезең бойынша, 25-ші маусымнан 10-тамызға​ дейін және 11-тамыздан​ 25-қыркүйекке дейін өтеді. Оған 25-маусым мен 25-қыркүйек​ аралығында Ақтөбе облысының аумағында коронавирус індетіне қарсы​ кез келген​ екпенің бірінші компонентін алған адамдардың барлығы қатыса алады.​ Жеңімпаздар​ ​ "AQTOBE" телеарнасының тікелей эфирінде​ кездейсоқ тәртіпте​ анықталады. Әр кезеңнің бас​ жүлдесі - 2021 жылы шыққан​ Chevrolet Cobalt маркалы автокөлігі. Сондай-ақ,​ смартфондар, планшеттер, спорттық велосипедтер, робот шаңсорғыштар мен​ смарт сағаттар сияқты​ жүлделер де​ ойнатылады. Науқан демеушілердің қаражатына өткізілмек. Науқанның толық ережелерімен​ aktobe.gov.kz. сайтында танысуға болады.

Нұр-Сұлтан: Көлік те, пәтер де бар

Ал елорда тұрғындары вакцина алу арқылы 2 бөлмелі пәтер ұтып алуы мүмкін. Мұндай жаңалықты бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында бөліскен болатын.

"Қала тұрғындарын ынталандыру үшін бағалы сыйлықтардың ұтыс ойынын енгізіп жатырмыз. Ал жаңадан вакцинацияланғандар арасында екі бөлмелі пәтер ойнатпақпыз (инвесторлар есебінен). Ұтыс ойынына қала емханаларында немесе СОО/СҮ пункттерінде екпе алған қала тұрғындарының бәрі қатыса алады", -деді қала басшысы.

Оның атап өтуінше. пәтер ұтысының ойынына осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алатын 18 жастан асқан қала тұрғындары қатыса алады. Қыркүйек айының басында нәтижесі жарияланады. "Конкурстың әділ өтуі және вакцинацияланғандарды толығымен қамту үшін (көрсетілген кезеңде) IT-қоғамдастықты жұмылдырамыз.

Одан бөлек "MEGA Silk Way" СОО вакциналанғандар арасында автокөлік ұтыс ойыны өтетіні хабарланған. Сол сияқты СОО/СҮ пункттерінде вакцинацияланғандар арасында компьютерлік және тұрмыстық техникалардың, iPhone смартфонының ұтыс ойындары ойнатылады.

"Вакцина ал — машина ұтып ал" акциясы туралы толық ақпаратты mega.kz сайтынан және MEGA-ның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарынан алуға болады. Бұдан басқа, "Азия Парк", "Mega Silk Way", "Сарыарқа", "Әбу-Даби Плаза", "Керуен", "Еуразия" сауда орталықтарында тұрмыстық және компьютерлік техника түріндегі бағалы сыйлықтар ойнатылып, жеңілдік купондары беріледі. Сондай-ақ, бұл акцияға "Мечта" электроника және тұрмыстық техника дүкендерінің сауда желісі қосылады.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу