"Patriot" Ресейдің бірден төрт әскери көлігін құлатты"

4039

Солтүстік көршіде үлкен дүрбелең туындады. Осы апта украиналықтардың мерейін тасытып, ресейліктердің жігерін жасытты.

"Patriot" Ресейдің бірден төрт әскери көлігін құлатты" Фото: gagadget.com

Негізсіз емес. Алдымен 9 мамырда Пентагон Путиннің мақтанышы саналатын гипердыбыстық "Кинжал" зымыранын Киев аспанында америкалық Patriot зымыранға қарсы қорғаныс кешені атып түсіргенін жариялады. Бұған дейін Кремль қожайынының өзі "Кинжал" зымыранын әлемде бірде бір қорғаныс кешені тұта алмайтынын, себебі оның жылдамдығы 10 махқа дейін жететінін, яғни дыбыс жылдамдығынан он есе асып түсетінін айтып, дәріптеді.

Ресейлік "МК" газеті "Военный Осведомитель" сарапшысына сілтеме жасап, Patriot зениттік зымыран кешені "Қанжарды" PAC-3 MSE кинетикалық тұтқышымен құлатып түсіруі мүмкін деп жазды. Онда РФ армиясының жағдайы ауырлайды. Өйткені Пентагон Украинаға Пэтриоттың бұл жаңа модификациясын бергенін ресми жарияламаған.

Содан жұма күні РФ Қорғаныс министрлігі украиналық контршабуылдың басталғанын жариялады: шабуыл алғы шептің бүкіл желісінде, 95 шақырымнан астам аумақта жүріп жатқан көрінеді. Бұл ретте Z-арналарда нағыз дүрбелең туды. Ресейлік пропагандистер, "военкорлар" Украина әскерінің алғы шептің көп бөлігін бұзып өткенін жария етіп, ұлардай шулады. Ресейлік әлеуметтік желілер "Молимся!" деген белгіше-иконкаларға толды.

Үлкен контршабуылдың басталғаны туралы ақпаратты Украина жағы растамады. Дегенмен кеше Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Ганна Маляр Бахмут майданындағы екі бағытта украиналық әскердің "біртіндеп алға жылжып жатқанын" мәлімдеді.

Осы аптада ресейлік соғысқұмар қауымды шек тартқыза шошынтқан тағы бір оқиға болды. 13 мамырда Ресей қорғаныс министрлігі: "Украина Қарулы күштері Луганск қаласын британдық Storm Shadow зымырандарымен атқылады" деп жариялады. Атауы "Дауыл көлеңкесі" деп аударылатын британдық бұл зымыран 250-ден 700 шақырымға дейінгі қашықтыққа ұшады. Осының алдында, 11 мамырда Ұлыбритания Қорғаныс министрі Бен Уоллес Storm Shadow үлкен қашықтыққа ұшатын зымырандарын Украинаға бергендерін растады.

Ресейдің зәресін ұшырғаны сол, бұған дейін Батыс Кремльдің ядролық қоқан-лоққысынан қорқып, 80 шақырымнан алысқа ұшатын зымырандарын бермейді деп есептеліп келді. Демек, Батыс Мәскеудің тағы бір "бұзуға болмайтын қызыл жалаушасын" құлатып, ілгері жылжып отыр.

Интернетте Украинаның оккупацияланған Луганск қаласындағы түтіні бұлттарға дейін жеткен алып өрт бейнелеген видеолар таралды. РФ қорғаныс министрлігі Storm Shadow "Полипак" полимерлі бұйымдар кәсіпорнына және "Милам" ет өңдеу комбинатына соққы бергенін растады. Бірақ бүгінде ол нысандарда не орналасқанын жасырды.

Майданға қатысты "шок-контент" тасқыны жалғасты. Кеше ресейлік "Коммерсантъ" өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Ресейдің Брянск облысында бірден 4 әскери әуе кемесі құлағанын хабарлады. Облыс басшысы Александр Богомаз төл телеграм-арнасында алдымен тек бір тікұшақтың құлап түскенін мәлім етті. Соңыра тағы бір әскери әуе көлігінің апатқа ұшырағаны ресми мойындалды.

"Коммерсантъ" жазуынша, Брянск облысында екі Ми-8 тіктұшақтарынан және Су-34 пен Су-35 ұшақтарынан тұратын тұтас авиатоп жойылды. Олардың бәрі зымырандармен мұздай қаруланып, Украинаның Чернигов облысын бомбалауға аттанған.

"Истребителдер Украинаның Чернигов облысына зымырандық-бомбалық соққы беруге тиіс болған. Ал тікұшақтар егер қарсылас атып түсірсе, Су экипаждарын алып кету үшін оларды сақтандыруға аттандырылған. Бірақ аэродромға барлық төрт машина да оралмады. Олардың ұшақтары қаза тапты", – деп жазды "Коммерсантъ".

Baza ақпаратынша, 9 адам мерт болған: қос Ми-8 тікұшағының әрқайсысының 3 экипаж мүшесі, Су-34 екі ұшқышы, Су-35 ұшқышы.

Бұған дейін ресейлік ұшқыштар бастарын қауіпке тікпейтін. Себебі олар майдан даласына бармай-ақ, зымырандарын Ресей территориясынан ұшыратын. Ал украиналық әуе қорғанысы күштері оларға РФ аумағында тойтарыс бере алмайтын. Енді жағдай өзгерді. Америкалық "Пэтриот" MIM-104 зениттік зымыран кешені "көкжиек сызығынан" әрідегіні көріп, қарсы шабуыл ұйымдастыра алады.

РФ МемДумасының бұрынғы депутаты, экономист, қазіргі әскери шолушы Александр Кушнарь мұны Украина майданында теңдесі жоқ оқиға деп бағалады.

"Бастапқыда ресейлік әуе көліктері әдеттегідей, ақау кесірінен құлап қалды деген жорамалдар айтылған. Алайда куәгерлер түсірген қаптаған видеоларға талдау жүргізген сарапшылар олардың аспанда жарылғанына, бірінің тіпті тосыннан құйрығы бөлініп түскеніне назар аударды. Соңынан ресейлік әскерилердің өздері "авиациялық топтың торуылға түсіп қалғанын" хабарлады. Жалпы, РФ әскерилері "Пэтриоттың" Ресей аспанындағы шабуылдаушы әскери ұшақтарды да қағып түсіре алатынын естен шығарып алғанға ұқсайды. Біздің ойымызша, бұл "Пэтриот" кешенінің жұмысына ұқсайды. Украина тарапы оны шекараға жақындатқан. Сол арқылы РФ шекарасынан шықпай соққы беретін истребительдерді қағып түсті", – деді А.Кушнарь.

Ол әскери сарапшылармен кеңесе келе, "Ми-8 тікұшақтары Украина тарапының басты нысанасы болмаған" деген байламға келді: олар жойғыш ұшақтар атып түсірілсе, содан катапультамен құтылатын экипажды эвакуациялау үшін авиатопқа еріп жүреді. Бұл әскери тікұшақтар "Пэтриоттың" жойғыш және бомбалаушы ұшақтарға қарсы алапат шабуылының құрбаны болғанға ұқсайды.

Дегенмен Украина тарапы бұған америкалық кешеннің қатысқанын растамады және жоққа шығармады.

А.Кушнарьдың есептеуінше, Украина небәрі бір сағатта РФ авиациясын 150 миллион доллар шығынға отырғызды.

Ресейлік әскери корреспонденттер "Пэтриот" атауын ауызға алмағанымен, РФ әскери әуе көліктеріне "натолық зымырандармен" жерден соққы берілгенін жазып жатыр. 

"Жаңартылған деректер бойынша екі Ми-8 тікұшағы, Су-34 бомбалаушы ұшағы және Су-35 истребителі атып түсірілген. Барлық ұшатын аппараттар Брянск облысына құлады. Жау үстемелеткен атысқа негізделген жоспарлы операциясын жүзеге асырды. Торуыл құрды және тұтас арнайы авиатопты жоя алды. Соңғы деректерге сәйкес, шекараға жақын әкелінген "жер – ауа" типті натолық зениттік зымыран кешенінен зымырандар ұшырған. Олар біздің авиацияның типті, үйреншікті іс-қимылдарын мұқият зерделеген. Олардың зымырандарының бір бөлігін ғана біздің ПВО жүйесі қағып түсе алды", – деп хабарлады "Операция Z" телеграм-арнасы "военкорлар" мәліметі негізінде.

Ресейлік "әскери тілшілер" елеулі бір жайтқа екпін түсірді. Украина атып түсірген тікұшақтар қарапайым, ескі машина болмаған. Олар "Рычаг-АВ" белсенді кедергі жасау станцияларымен жарақталған Ми-8МТПР-1 атты радиоэлектронды күрес тікұшақтары болып шықты. Яғни, олар ресейлік жойғыш, бомбалаушы ұшақтарға және өздеріне қарсы атылған зымырандарды бағытынан адастырып, лағып кетуін ықпал етуге тиіс болды. Олар "қарсыластың зениттік зымыран кешенінің көздеу станцияларының және авиациясының дәл нысанаға алуына бөгет болуға, сөйтіп, зениттік және авиациялық зымырандардың шабуылын тойтаруға тиіс еді".

Украиналық зымырандар осы тосқауыл-қалқанды тесіп өтті. Сонысымен де ресейлік Z-қауымның төбе шашын тік тұрғызып, зәре-құтын қашырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу