Павлодар "7-20-25" бойынша көш соңында келеді

25755

Бағдарлама басталғалы небәрі 119 өтініш мақұлданған.

Павлодар "7-20-25" бойынша көш соңында келеді

248 павлодарлық "7-20-25" бағдарламасы бойынша баспаналы болуды қалап, жалпы сомасы 1,9 млрд теңге болатын несиеге өтініш берген екен. Алайда оның тек 119-ы, яғни 945 млн теңгесі мақұлданды. Өтініштердің 43 пайызы кері қайтарылды. Мақұлданбаған несиелер саны бойынша Павлодар облысы көш бастап тұр. Ал бағдарлама аясында берілген пәтерлер саны бойынша 17 облыстың ішінде 15-орында.

"Павлодар облысында "7-20-25" бағдарламасы көрсеткіштерінің төмен болуының басты себебі – бағдарлама талаптарына сай келетін жаңа үйлер жоқтың қасы. Облыс орталығында тек екі компания – "Бачан" жеке кәсіпкерлігі мен "Әлем ПВЛ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғын үй құрылысымен айналысады. Бүгінгі таңда аталмыш компаниялар 150 пәтерді сатылымға шығаруға дайын. Олардың бір шаршы метрінің бағасы – 180-200 мың теңге аралығында", – дейді "Баспана" ипотекалық ұйымының Павлодар аймақтық директоры Толқын Нұрмакин.

Жыл соңына дейін жағдайды жақсарту үшін облыс әкімдігімен келісім жасалған көрінеді. Соған сәйкес, биыл Сарыарқа шағын ауданында берілетін 900 жаңа пәтердің тең жартысы – 450 үй "7-20-25" бағдарламасы аясында саудаға қойылады. Бұл пәтерлердің бір шаршы метрінің бағасы 140 мың теңгеден аспайды.

Айта кетелік, өткен жылы Павлодар облысында 284 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 326 мың шаршы метр баспананы қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу