"Павлодар" арнайы экономикалық аймағы тиімділігін танытты

15502

Мұнда әр бюджеттік теңгеге 10 теңге инвестиция тартылады.

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағы тиімділігін танытты Фото: Валерий Бугаев

Химия, мұнай-химия және металлургия саласындағы 12 кәсіпорын орналасқан "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы жыл сайын тиімділігін арттырып келеді. Айталық, бүгінде мемлекеттік қазынадан бөлінген 1 теңгенің орнын шамамен 10 теңге жеке инвестиция толтырып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметовтің сөзіне қарағанда, бюджеттік аударымдар да едәуір еселенді. Арнайы аймақтың дамуына бөлінген әр 1 теңге қазынаға 1,2 теңге көлеміндегі салық ретінде қайтарылады.

Жалпы, "Павлодар" АЭА құрылған 2011 жылдан бастап барлығы 77,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 18,4 млрд теңгесі – шетелдік кәсіпкерлердің қаржысы. Сондай-ақ арнайы аймақты дамытуға мемлекеттік қазынадан 8,7 млрд теңге бөлінді. Есесіне кәсіпорындар қазынаға 9,6 млрд теңге салық төледі. Осындай көрсеткіштердің негізінде "Павлодар" еліміздегі ең тиімді экономикалық аймақ болып саналады.

"Биылғы пандемияға байланысты шетелдік инвесторлардың экономикалық аймақтың тиімді тетіктерімен тікелей танысатын мүмкіндігі жоқ. Сондықтан олар үшін "Павлодардың" цифрлық көшірмесін ұсынбақпыз. Яғни дүниенің кез келген түкпіріндегі кәсіпкер арнайы бағдарлама арқылы экономикалық аймақтың аумағын виртуалды түрде қарап, мүмкіндіктерін бағамдай алады. Сонымен қатар "Бір терезе" қағидасы бойынша инвесторларға көрсетілетін қызметтердің барлығын бір жерде шоғырландырмақ ойымыз бар", – деп жоспарлармен бөлісті Сәкен Шаяхметов.

Бүгінде ферросилиций, бояу өнімдері, хлор өңдеу, полисахаридтер өндірісі және тағы басқа бірқатар бағыттағы 10 жоба қарастырылуда. Олардың жалпы сомасы 143,53 млрд теңгені құрайды.

Айта кетелік, "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы соңғы жылдары "Алюминий кластерінің ең тартымды аймағы", "Қарқынды дамып жатқан аймақ", "Жаңа инвестициялар" аталымында үздік атанды. Халықаралық "fDi Magazine" іскерлік журналының тарапынан "Жылдың үздік шикізаттық базасы" атанған болатын.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу