Павлодар боксының жаңа парағы

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2601

2016 жыл Павлодар боксының жаңа парағын ашты. Биыл Ертіс бойындағы қала тұңғыш рет екі бірдей ірі доданы қабылдап, жоғары деңгейде ұйымдастырды.

Павлодар боксының жаңа парағы Фото: Данияр Майлыбаев

Жергілікті былғары қолғап шеберлері де бұған дейін табаны тимеген белестерді бағындырды. Сондай-ақ, Павлодар бокс федерациясы еліміздің 2016 жылғы ең үздік федерациясы деп танылды.

Осы жылдың мамыр айында Павлодарда бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты өтті. Индустриялы өңір Сарықұрлық бәсекесін тұңғыш рет қабылдады. Кіл мықтылар жиналған додада екі бірдей павлодарлық – Серік Теміржанов пен Аятолла Тәкежанов алтыннан алқа тағынды. Бұл аймақ боксының тарихындағы айшықты оқиға болды.

Осыдан екі апта бұрын Павлодар кезекті ірі доданы – ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатын өткізді. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл – Павлодарда ұйымдастырылған үшінші ел біріншілігі.

Біреу білер, біреу білмес, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ересектер арасындағы ең алғашқы біріншілік 1993 жылы Екібастұз қаласында жалауын желбіреткен. Оны өткізуге бокстан Павлодар облысының қазіргі бас жаттықтырушысы Владимир Шульганың мұрындық болғанын атап өткен абзал. Ал Павлодар ел біріншілігін алғаш рет 1974 жылы өткізген екен.

Биылғы біріншілік павлодарлық спортшылар үшін сәтті өрілді. Сынға түскен 12 боксшының алтауы жүлдеге ілікті. Боксшылар 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль еншілеп, жанкүйер қауымның мерейін тасытты. Атап айтқанда, Олжас Боқаев (91 келіден жоғары) Қазақстан чемпионы атанды. Бұған дейін ел біріншілігінің екі рет қола жүлдесін, бір рет күміс жүлдесін еншілеген Олжас, осы жолы тұғырдың биігінде тұрды. Жалпы, Олжас – Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан чемпионатын ұтқан төртінші павлодарлық. Бұған дейін Виктор Шторм (1993 жылы), Азамат Мақажанов (2002 жылы) және Дмитрий Готфрид (2007 жылы) чемпион болған-ды.

Павлодар рингінде табысты өнер көрсеткен спортшылар Серік Мұсаділов (91 келі) пен Қуан Қуатов (64 келі) күміс медальді мойынға ілсе, Шаймұрат Құсайынов (80 келі), Илья Очкин (69 келі) және Серік Теміржанов (60 келі) қола жүлдені қанағат тұтты. Павлодарлық былғары қолғап шеберлері Тәуелсіздіктің 25 жылында мұндай жетістікке алғаш рет қол жеткізді. Бұл – биылғы додада жергілікті боксшылар жасаған рекордтың бірі.

Чемпионаттың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Оңтүстік Қазақстан облысы бірінші орынды иеленді. Екінші орын Павлодарға бұйырды. Бұл да 25 жылда павлодарлықтарға бағынбай келген белес еді. Биыл еңсерді. Үшінші орынды Маңғыстау облысы түйіндеді.

Чемпионатта жүлдеге ілінген 6 павлодарлық та бокстан Қазақстан ұлттық құрамасына алынды. Мұндай жетістік өңір боксының тарихында алғаш рет тіркеліп отыр. Қазірдің өзінде еліміздің бас командасына алынған Олжас Боқаевтің "Астана арландарының" сапында өнер көрсететіні белгілі болды.

"Павлодар бокс федерациясы биыл ауқымды жұмыс атқарды. Біз бір ғана мақсатты көздедік. Ол – жергілікті халықтың боксқа деген қызығушылығын ояту, бокстың өңірдегі бұқаралық сипатын арттыру. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Себебі, облыста футбол, хоккей, волейбол секілді командалық ойындарға қызығушылық жоғары. Бірақ, бокста қандай жағдай болмасын осы спорт түрлерімен бәсекеге түсуі керек. Біз алдымен санға, яғни, бокспен айналысатын жеткіншектерді мейлінше көбейтуге көңіл бөліп отырмыз. Ал санды сапаға айналдыру қиындық тудырмайды деген ойдамын", – дейді бокстан әскерилер арасындағы әлем чемпионы, Павлодар бокс федерациясының атқарушы директоры Азамат Мақажанов.

Шыны керек, соңғы 5-6 жылда ғана ұзақ жылдар бойы тұралап қалған Павлодар боксына "қан жүгіре" бастады. Бұл өңірден көпке дейін мықты боксшылар шыққан жоқ. Бұған облыстағы материалдық-техникалық базаның жұтаңдығы кері әсер еткені рас. Әйтпесе, Павлодар топырағы дарынды спортшыларға, білікті бапкерлерге кенде емес. Саланы қаржыландырудағы кемшін тұстар да аймақ боксының алға басуына кедергі келтіріп келді. Кейін сең де қозғалды.

"Қазақстандағы бокстың деңгейі жоғары. Былғары қолғап шеберлеріне Азия чемпионатында топ жарғаннан, ел чемпионатының жартылай финалына жолдама алу әлдеқайда қиын. Себебі, біздің елде бәсекелестік күшті. Ал материалдық-техникалық базаның жұтаңдығымен, қаржының аздығымен Қазақстан боксының көшіне ілесу мүмкін емес. Аллаға шүкір, қазір Павлодар боксының қадамы нық. Материалдық база да жетілдірілді. Жас боксшыларды ынталандыруға көңіл бөлінді. Осының нәтижесінде болашағынан зор үміт күттіретін жастар бой көрсете бастады. Боксшыларымызға қойылған ендігі мақсат – ұлттық құрамаға біржола бекіну", – дейді бокстан облыстың бас жаттықтырушысы Владимир Шульга.

Азамат Мақажановтың айтуынша, павлодарлық боксшылар биылғы ел біріншілігінде жергілікті федерация межелеген жоспарды ойдағыдай орындаған. Мақсат – мейлінше көп медаль алу болған.

"52 келіде жұдырықтасқан Ерлан Тәмемовтен жүлде күтіп едім. Бірақ, ол алғашқы жекпе-жегінде-ақ ұтылды. Меніңше, Ерлан төрешілердің "құрбаны" болды. Әйтпесе, ол – тәжірибелі боксшы. Бірнеше рет ұлттық құрама сапына да алынған. 60 келіде өнер көрсеткен Серік Теміржанов жүлделер "ауылына" жетеді деп ойламаған едік. Бұл жарысқа оны ересектер арасында тәжірибе жинап, толыссын деп қатыстырғанбыз. Мен жасаған жүлде алуы тиіс боксшылар тізімінде Қуан Қуатов, Илья Очкин, Серік Мұсаділов, Олжас Боқаев және Шаймұрат Құсайынов болды. Аллаға шүкір, бәрі де жүлде алды. Десе де, Шаймұраттың өнеріне мүлдем көңілім толған жоқ. Оның мүмкіндігі жоғары еді, дұрыс пайдалана алмады. Ел чемпионы атануы тиіс боксшының бірі – Илья Очкин еді. Өкінішке қарай, ол қоламен шектелді", дейді Азамат Мақажанов.

Владимир Шульганың айтуынша, ұлттық құрамаға алынған жігіттердің алдағы төрт жылы қазірден-ақ жоспарланып тұр. Яғни, боксшылар 2017 жылы Азия чемпионаты мен Әлем біріншілігіне қатысуға тырысады. 2018 жылы Азия ойындары мен Әлем кубогы күтіп тұр. 2019 жылы Олимпиада ойындарына іріктеу додалары басталады. Ал 2020 жылы – Токио Олимпиадасы. Демек, күрзі жұдырықты жігіттерге алдағы төрт жылды құр жіберіп алмау керек. Басты меже – Олимпиада ойындарына қатысу. Тәуелсіздік алған 25 жылда Павлодар облысынан төрт жылдықтың басты додасына бір ғана боксшы барыпты. Ол – Николай Кульпин. Ол 1992 жылы Барселона Олимпиадасында "Біріккен құраманың" қатарында Қазақстан атынан сынға түсті.

Павлодарлық боксшылардың биыл жеткен жетістігі, міне, осындай. Олар бүгін бағындырған биігіне тоқмейілсіп, мұнымен тоқтап қалмайды деген ойдамыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу