Павлодар футболындағы тоқырау

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2874

Екінші лигада ойнайтын "Ақсу" таратылып, Бірінші лигадағы "Екібастұздың" басына бұлт үйірілді.  

Павлодар футболындағы тоқырау

"Ақсудың" ғұмыры қысқа болды

Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан футболында "Ақсу" атты жаңа кәсіби клуб пайда болған еді. Еліміздің Екінші лигасында өнер көрсеткен команда, биыл біржола тарап тынды. Осылайша, Ақсу қаласының футболшылары маусым басталар сәтте жұмыссыз қалды.

Бір қызығы, команда осы күнге дейін толық құраммен жаттығып, жаңа маусымға дайындалды. Қазақстан Кубогы жолындағы жарысқа әне-міне қатысамыз деп отырған тұста, "қаралы хабар" да жетті. "Ақсудың" бапкерлер құрамы мен ойыншылары жағымсыз жаңалықты жарысқа аттанардан бір күн бұрын естіген. Сөйтіп, биылғы чемпионатта үздік бестікке енуді көздеген команданың 25 футболшысы бір-ақ күнде жұмыссыз атанды.

"Осы жылы жақсы құрам жинақталып еді. Клубты не үшін жапқанын білмейміз. Өкінішті, әрине. Клуб директоры қалалық әкімдіктен мән-жайды білуге тырысты. Басшылық жоғары жақтан көмек сұрап көрді. Мәселе шешілген жоқ. Командадағы 25 ойыншы жұмыссыздар қатарына қосылды. Не істерімізді білмейміз", – дейді "Ақсу" футбол клубының капитаны Нұрсұлтан Тасжанов.

"Ақсудың" бас бапкері Виталий Вихляновтың айтуынша, футболшылар – ерекше халық. Ерекшелігі сол олардың қолынан доп тебуден басқа ештеңе келмейді. Такси жүргізушісі немесе даяшы болу – олардың қолы емес.

"Олар өмірін футболға арнаған жандар. Табысы да – осы футбол. Футболшылар ел чемпионатындағы жаңа трансферлік терезе ашылғанға дейін ешқандай клубта ойнай алмайды. Бұл жағдай оларға қиынға соғары анық", – дейді Виталий Вихлянов.

Атап өтерлігі, ақпан айында "Ақсу" ойыншылары жаңа келісімшарттарға қол қойған. Командада бағасы қымбат шетелдік ойыншылар жоқ. Ойыншылардың бәрі жергілікті жастар. Әуелде "Ақсу" клубын ашудағы мақсат та – жергілікті жастарды тәрбиелеу еді. Павлодар облыстық футбол федерациясы "Екібастұз" бен "Ақсу" клубтарын дәл осындай мақсатпен ұстап отырған-ды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, команда жаңа маусымға толыққанды дайындалды. Ел Кубогының іріктеу турниріне қатысу үшін Шымкентке аттануы керек еді. Ақыры билеттерін кері өткізуге мәжбүр болды.

"Қалай болса да, оң шешім күтеміз. Клубтың бюджеті де аса ауқымды емес. Бірақ, Екінші лигаға қатысу жарнасы көбейді. Бюджет көлемі өткен жылмен салыстырғанда өзгерген жоқ", – дейді Виталий Вихлянов.

Команданың не үшін таратылғаны әлі нақты хабарланған жоқ. Ол туралы футболшыларға да, бапкерлерге де айтылмаған. Дегенмен, бірнеше болжам бар. Соның негізгісі – қаржының жоқтығы. "Ақсу" клубын ұстап тұру үшін шамамен 70 млн теңге керек екен.

"Екібастұздың" басына бұлт үйірілді

Қазақстанның Бірінші лигасында ойнайтын "Екібастұз" футбол клубы да тығырыққа тірілді. Бұл клубқа да қаржылық қиындықтар себеп болуда.

"Екібастұз" жаңа маусымға дайындық жұмыстарын Өзбекстан жерінде өткізген болатын. 1-14 наурыз аралығында оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Өкінішке қарай, екібастұздықтар өзбектерге 5 млн теңге қарыз болып қалған. Ал клубтың жалпы қарызы – 8 млн теңге. 

"23 футболшы мен бапкерлік құрамдағы 6 адамның тамақтанып, тұрғаны үшін өзбекстандық тарапқа 5 млн теңге төлеуге тиіспіз. Бұл соманы бірнеше күн ішінде өтемесек, ойыншыларды шекарадан өткізбеуі мүмкін", – деп мәлімдеген болатын "Екібастұз" футбол клубының директоры Ғалым Байкен.

Қаржының қайдан табылғаны белгісіз, әйтеуір "Екібастұз" футболшылары елге аман-есен оралды. Ал 16 наурыз күні спортшылар Шымкент қаласындағы Қазақстан Кубогының іріктеу турниріне қатысуы керек-тін. Алайда, елдегі төтенше жағдайға байланысты бұл жарыс кейінге шегерілді. Ал "Екібастұздың" Бірінші лигада ойнау-ойнамауы әлі сұрақ күйінде қалып отыр.

"Екібастұз" футбол клубының тұрақты демеушісі жоқ. Толығымен бюджет есебінен қаржыландырылады. Былтыр команданы ұстап тұру үшін қазынадан 200 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Биыл да осы көлемдегі қаржы қажет. Алайда Екібастұз қаласының әкімдігі футболды қаржыландыруға жергілікті бюджеттің мүмкіндігі жоқ екенін айтқан. Клубтың Павлодар облысының билігінен көмек сұраудан басқа амалы жоқ.

"Біздің командадағы 26 ойыншының 19-ы – жергілікті жастар. Легионерлер мүлде жоқ. Тренерлік штабта 6 білікті маман жұмыс істейді. "Екібастұзды" Қазақстанның премьер-лигасында ойнайтын "Ертіс" футбол клубын мықты футболшылармен қамтитын база десек те болады. Мұның барлығы ескерусіз қалмауы керек. Облыс басшылығы қол ұшын созса дейміз. Әйтпесе, Екібастұз футболының тарихы осы жылмен тәмамдалуы мүмкін", – дейді Ғалым Байкен.

"Ертістің" де жағдайы мәз емес

Облыстың бас командасы "Ертістің" де жетісіп тұрғаны шамалы. Бұған дейінгі маусымдарды әупіремдеп жүріп өткізгені жанкүйер қауымға мәлім. Биыл "Ертісті" ұстап тұруға 3,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 1,8 млрд теңгесі облыстық қазынадан берілсе, 2 млрд теңгесін клубтың бас демеушісі ERG компаниясы аударған. Жалпы алғанда, "Ертіс" үшін осы соманың өзі жеткілікті. Бірақ осыдан біршама уақыт бұрын ФИФА клубты сотқа берген команданың бұрынғы бас бапкері Димитар Димитровтың пайдасына шешім шығарды. Енді "Ертіс" болгариялық маманға 1,2 млн еуро төлеуі керек. Бұл аздай, Димитар Димитровтың көмекшілері Петер Колев пен Георги Чиликов та "Ертісті" сотқа беріп жеңіп шықты. Команда бұларға да өтемақы төлеуге міндетті. Мұның бәрі "Ертістің" "қалтасына" салмақ салатыны айтпаса да түсінікті.  

Ол аздай, Павлодар облысына Әбілқайыр Сқақовтың тағайындалуымен, клубтың басшылығы да өзгерді. Клубтың спорттық директоры болып атышулы Дмитрий Васильев тағайындалды. Кезінде "Ақтөбе" клубын жерге қаратып, Қазақстан футбол федерациясын қаралаған Васильевтің "Ертіске" келуімен онсыз да проблемасы көп ұжымның іргесі сөгіле бастады. Олай дейтініміз, жуырда "Ертіс" футбол клубының ойыншылары мен әкімшілігі, бапкерлер құрамы мен футбол орталығының жаттықтырушылары Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтан көмек сұрап өтініш жазды. Олар кеше ғана келген Дмитрий Васильевтің клубтан кеткенін қалайды.

Бәріне уақыт төреші, әрине. Тек, Павлодар футболы біржола тұралап, тоқырап қалмаса екен дейміз. Бұл – жанкүйер қауымның тілегі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу