Павлодар мұнай-химия зауытының директоры ұсталды

2329

Бірақ құзырлы органдар мұны ресми түрде растамай отыр.   

Павлодар мұнай-химия зауытының директоры ұсталды

Павлодар мұнай-химия зауытының директоры Оспанбек Әлсейітов тұтқындалғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Тіпті, баласы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейнеүндеу жолдап үлгерді. Ал құзырлы органдар аталмыш мәселеге қатысты жұмған аузын ашар емес, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Дереккөздердің ақпаратынша, Оспанбек Әлсейітовке Қылмыстық Кодекстің 189-бабы 4-тармағы сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу бойынша айып тағылып отыр.

Бұл мәселе бойынша ресми ақпарат алу үшін Павлодар облысы бойынша қаржы мониторингі департаментіне хабарластық. Себебі бұл істі дәл осы мекеме жүргізіп жатыр. Алайда басшылықпен тілдесу мүмкін емес. Департаменттегілер облыстық мәслихат депутаты, зауыт басшысы Оспанбек Әлсейітовтің үстінен іс қозғалған-қозғалмағаны туралы ақпарат беруден қашады. Павлодар облысының соты да қандай да бір ақпарат беруге бейілді емес.

Соған қарамастан, сайтында Оспанбек Әлсейітовке қатысты іс 8 ақпан күні сағат 22.45-те қаралғаны туралы жарияланған. Олай болса, құзырлы органдардың не себепті ресми мәлімет бермей отырғаны – түсініксіз жайт.

Ал бұл уақытта зауыт директорының баласы – Сұлтан Оспанбек Президенттің атына бейнеүндеу жариялап үлгерді. Оның айтуынша, 7 ақпан күні әкесін тұтқындап әкетіп, 8 ақпанда екі айға қамауға алу туралы шешім шығарылды.

"Біз оның іске қатысы жоқ екенін дәлелдейтін дәйектерді келтірдік. Бірақ экономикалық тергеулер департаментінің тергеушісі Асылхан Асан оларды мүлде назарға алған жоқ. "Ақордадан тапсырма түсті, бәрібір айып тағылады" деп отыр. Тергеушінің сөзінше, бұған "мұнай-газ саласымен айналысу" туралы жоғарыдан түскен тапсырыс негіз болды", – дейді Сұлтан Оспанбек.

Оның айтуынша, әкесіне 2018 жылдың 3 қаңтарында "Ертіс Нефть Сервис" компаниясымен қоспаларды жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойды деген айып тағылды. Ал шынтуайтына келгенде, тендерлік шешімдер 2016-2017 жылдары, Оспанбек Әлсейітов "ҚазМұнайГаз" компаниясында департамент директоры қызметін атқарған тұста қабылданды. Яғни Сұлтанның сөзінше, әкесі бұл уақытта Павлодар мұнай-химия зауытының директоры ретінде қол қоюы мүмкін емес.

"2017 жылдың соңында елімізде жанар-жағармай тапшылығы болған кезде әрі зауытты жаңғыртудан соң іске қоса алмай тұрған тұста Оспанбек Балтабайұлы жұмысты жүйелендіру үшін басшылық қызметке тағайындалды. 2019 жылы сіз (Қ. Тоқаев) зауытқа келген кезде өндіріс орнына технологиялық қондырғылар операторынан бас директор қызметіне дейінгі жолды жүріп өткен тәжірибелі маман жетекшілік етіп отырғанын айтқан едіңіз. Енді өндіріс 100% жолға қойылып, өңдеу бойынша рекордттық көрсеткіштер орындап жатқан кезде осындай әрекеттер жасалып тұр. Бұған дейін мұндай заңсыздықты көрген жоқпыз", – деген баласы Мемлекет басшысынан мәселенің анық-қанығын анықтауды сұрады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу