Павлодар облысы биыл да картоп көлемі бойынша рекорд орнатты

3235

Бірақ мол өнімнің бағасы қымбат болып тұр.  

Павлодар облысы биыл да картоп көлемі бойынша рекорд орнатты

Павлодар облысы жыл сайын картоп көлемі бойынша елімізде көш бастайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жергілікті ауыл шаруашылық басқармасының мәліметінше, биыл өңірдегі картоп алқабы былтырғыдан 2,5 мың гектарға артып, 20,4 мың гектарды құрады. Оның әр гектарынан 310 центнер өнім алынды. Сөйтіп, шаруалар еңбегінің жемісі 592 мың тоннаға жетті. Былтыр олар 505 мың тонна картоп алған болатын.

Алайда жаппай жиын-терім жұмыстары кезінде алқаптан арзан бағаға өтетін өнімнің биылғы бағасы шарықтап тұр. Былтыр келісін 30-40, тіпті 20 теңгеге сатса, осы жылы 80-90 теңгеден өткізуде. Шаруалардың өзі мұны жанар-жағармайдың, минералды тыңайтқыштардың, техниканың қымбат болуымен байланыстырады. Босату құны өскен соң сауда орындары сөрелеріндегі баға да өзгерді. Бүгінде әлеуметтік дүкендерде картоптың бір келісі 110-130 теңге, кей жерлерде 150 теңге тұрады. Әдетте мұндай баға қыс-көктем айларында болатын. Ал қыркүйек-қазан айларында 100 теңгеден әрі аспайтын еді.

Тұрғындар мұның басты себебі – шаруалардың табысты бәрінен жоғары қоюы деп пайымдайды. Себебі кәсіпкерлердің дені күзде жиналған өнімді көктемге дейін сақтап, нарықта сұраныс пен баға артқан тұста сатуды құп көреді.

"Бүгінде шаруалардың екінің бірінде көкөніс қоймасы бар. Сондықтан олар жиын-терім кезінде өнімнің аз бөлігін ғана сатып, қалғанын қыс, көктемге дейін сақтауға көшкен. Өйткені қазір сауда орындарына арзан бағамен жеткізу тиімсіз", - дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Бақыт Баймырзаев.

Оған қоса, таяуда Павлодар облысының әкімдігі мен өңірдің 33 ірі тауар өндірушісі маусымаралық кезеңде жергілікті нарықты картоппен қамту туралы меморандум жасады. Соған сәйкес, кәсіпкерлер өз қоймаларында 30 мың тонна картоп сақтап, көкөністер дәстүрлі түрде қымбаттайтын уақытта олардың келісін 95 теңгеден асырмай әлеуметтік сауда орындарына жеткізуге тиіс. Мұндай келісім шаруалардың өнімді қазір төмен бағамен босатпауына жақсы уәж борлып тұр. Ал тұтынушылар қазірден-ақ өзімізде өсірілетін өнімді қымбатқа сатып алуға мәжбүр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу