Павлодар облысы күн көсеммен "қоштаса алмай" келеді

2478

Аймақта әлі де Ленин үстемдік құрып тұр. 

Павлодар облысы күн көсеммен "қоштаса алмай" келеді

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толғанмен, солтүстіктегі Павлодар облысында әлі күнге дейін Ленин ескерткіштері, бюст мүсіндері самсап тұр. Оны былай қойғанда, мектеп пен қаланың іргесіндегі кенттің өзі күн көсемнің атымен аталады, депхабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алғашқы ескерткіш

Тарихқа көз жүгіртсек, Кеңес одағы тұсында біздің елдегі Ленинге арналған ескерткіштердің алғашқысы Павлодар қаласының қақ ортасына қойылған. 1928 жылдың 1 шілдесінде күн көсемнің алғашқы ескерткіші орнатылды. Араға 30 жылға жуық уақыт салып, оның аумағы балалар саябағына айналды. Ал 1966 жылдың 22 сәуірінде екінші ескерткіші пайда болды. Кейін өңірдегі аудан-қалаларда да бой көтере бастады. Қазіргі күні облыс аумағында кеңес көсемінің құрметіне қойылған барлығы 43 ескерткіш пен бюст, мүсін бар. Оның 10-ы Ақсу қаласының орталық саябағында әлі де алынбас қамалдай боп тұр. Одан басқа бұл саябақта қалаға қарасты ауылдардан жиналған Карл Маркс, Михаил Калининдердің де ірілі-ұсақты мүсіндері қойылған.

Жақында қоғам белсенділері бұл мәселеге тағы да назар аударып, күн көсемнің ескерткіштерінің орнына Алаш зиялыларының, Павлодар облысынан шыққан біртуар азаматтардың мүсіндерін қоюды ұсынды.

"30 жылда осы ескерткіштерді Кеңес Одағынан шыққан өзге мемлекеттер сияқты алып тастай алмау – елдігімізге сын. Ленин, Калинин, Маркстердің орнына Ақсудан шыққан Сәбит Дөнентаев, Иманжүсіп Құтпанұлы, Ертіс-Баянның біртуар тұлғалары - Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шапық Шөкин, Әлкей Марғұлан, Әбікен Бектұров сынды академиктерге ескерткіштер қойған әлдеқайда дұрыс болар еді деп ойлаймын. Кеңестік билік өкілдері төбеңнен қарап тұрғанда тәуелсіз елдің өскелең ұрпағына ұлттық идеология туралы айту – қисынсыз", – деп санайды Ақсу қаласының тұрғыны Қанат Қайратұлы.

Бұл бастаманы ұлтжанды өзге азаматтар да қолдап отыр. Олар Ақсу қаласындағы саябақты Лениннің емес, Алаш зиялыларының саябағына айналдыру керек деп пайымдайды.

Ал Ақсу қаласының билігі ескі ескерткіштер тек келесі жылы сүрілуі мүмкін дегенді айтады.

"Бұл ескерткіштер тоқсаныншы жылдың басында Ақсу ауылдық аймағының барлық елдімекендерінен жиналып әкелінген. Мұның ешқандай мемлекеттік маңызы жоқ. Тек саябақ аумағында орналасқандықтан жыл сайын ақтау, сырлау жұмыстары жүргізіледі. Олар мемлекеттік мекемелердің балансында емес. Соған орай көне ескерткіштерді құлату жұмыстары 2023 жылға жоспарланған", – дейді Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанатбек Байманов. 

"Бұл – біздің тарих"

Павлодар облысына қарасты Шарбақты ауданының басшылығы да әкімдіктің дәл алдында тұрған Ленин ескерткішін сүруге асықпайды. Бұған дейін жергілікті әкімдік өкілдері тасты құлатуға қыруар қаражат қажет екенін айтып, ақталды. Кейін Шарбақты ауданы Ресеймен іргелес жатқандықтан саяси жағдайды ушықтырып алмас үшін оны қаз қалпында сақтау керек дегенді негізге алды. Ал жақында ауданның басшысы Әзілхан Әбеуов "Бұл – біздің тарих. Сондықтан оған қиянат жасауға болмайды" деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

"Тарихтың 70 жылын ешқайда жасыра алмаймыз. Бұл туралы бәрі білуі керек", – деп ойлайды ауданның әкімі Әзілхан Әбеуов.

Ленин атымен аталады

Павлодар облысында Ленин ескерткіштеріне түгілі оның есімін арқалаған мектептердің атауын ауыстыруға шама жетпей жүр. Өңірдегі Ақтоғай және Аққулы аудандарында негізгі мектеп әлі күнге дейін Ленин атымен аталады. Ал Ертіс ауданындағы №1 мектептің қабырғасында "Ленин с нами!" деген жалынды ұран егемен елдің ұрпағының санасына сіңіріліп келеді.

Сондай-ақ облыс орталығына қарасты кенттің атауы Владимир Ильичтің есімімен аталады. Ауыл ақсақалдары 10 мың тұрғыны бар Ленин ауылына Қазанғап бидің есімін беру туралы бірнеше рет бастама көтергенмен, іске аспай отыр.

Облыста бұл бағытта атқарылған жалғыз игі іс – бес жыл бұрын Ленин көшесі атауының Астана болып ауысуы. Қоғамдық тыңдау кезінде өзге ұлт өкілдері көше атауының ауысуына қарсы болғанмен, жергілікті биліктің әйтеуір ұлтжанды азаматтардың сөзіне құлақ түрді.

Енді ескерткіштер сүріліп, мектептер мен кенттердің атаулары қазақыланса құба-құп. Әйтпегенде Мемлекет басшысы жариялаған "Жаңа Қазақстанды" Лениннің көлеңкесінде құру мүмкін емес.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу