Павлодар облысына шыбын-шіркейді улауға биыл да қомақты қаржы бөлінді

2575

Қансорғыштардың санын азайту үшін аталған аймаққа мемлекеттік қазынадан 600 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды.

Павлодар облысына шыбын-шіркейді улауға биыл да қомақты қаржы бөлінді

Ертіс өзенінің бойында орналасқан Павлодар облысында маса, шыбын-шіркей мәселесі соңғы бірнеше жыл дересінде өткір тұр. Мамыр айы келсе болғаны масаның мазаны алатыны соншалық, кей тұрғындар далаға шығудан қалып, шыбынға қарсы түрлі айла-амал қолданады. Тіпті, осыдан екі жыл бұрын ауылдық аймақтардағы үй құстарының шыбынның салдарынан қырылып қалғаны есімізде. Сондықтан, кейінгі жылдары қансорғыштарға қарсы күрес қыстан басталып, мемлекеттік сатып алулар конкурсы жарияланып, дайындық айтарлықтай пысықталады. Бастысы, бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан жыл сайын қомақты сома бөлінеді. Айталық, 2017 жылы шыбын-шіркейді азайту үшін 595 млн теңге, былтыр 602 млн теңге жұмсалды. Биыл жалпы сипаттағы трансферттер ретінде тағы 602 млн теңге аударылды. Бұл сомаға биологиялық және химиялық препараттар сатып алынып, өңдеу жұмыстары жүргізілмек.

Қазіргі уақытта биологиялық препарат – "Бактицидтің" алғашқы легі Павлодарға Ресейдің Новосібір облысынан жеткізілді. Аталмыш өнім көрші елдегі "Сиббиофарм" кәсіпорнында шығарылады. Біздің аймаққа жеткізуші мердігер компания – "Биофарм" фирмасы. Биологиялық препараттың бір литрі үшін мемлекеттік қазынадан 2,5 мың теңге төленді.

"Биологиялық бактицид екі кезең бойынша жеткізіледі. Бірінші кезекте 100 мың литр препарат алдық. Екінші легі – тағы 100 мың литр осы айдың ортасында келуге тиіс. Алғашқы лектен талдама жүргізу үшін сынама алдық. Одан бөлек, қансорғыштарға қарсы 4 мың литр химиялық препарат қолданылады. Оның да сапасын растау үшін мамандандырылған зертханаға сынамасы жөнелтіледі", – дейді ғылыми топтың энтомологы Әнуар Алшын.

Қазіргі уақытта ғалымдар Ертіс өзенін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ауа райының қолайлы болуын күтуде. Жоспар бойынша өзендегі өңдеу шаралары мамыр айының ортасында басталады.

Бұл ретте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов дезинсекциялық жұмыстар Шығыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы шекаралары аралығындағы 1000 шақырымнан астам аумақ пен 18 мың гектар алқапта жүргізілетінін атап өтті.  

"Осы жылы кішігірім өзендерге химиялық заттарды құю үшін былтырғыдай лоцман карталары пайдаланылады. Өткен жылы дәл осындай картаны қолдану нәтижесінде Түлкі, Быстрая, Қаратүн секілді шағын өзендер аумағындағы қансорғыштар санын азайтуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар, ірі өндіріс орындарының аумағында орналасқан су қоймаларында масаның өсіп-жетілуі энтомологиялық жағдайға едәуір әсер ететінін ескере отырып, "Қазақстан алюминийі", "Павлодар мұнай-химия зауыты", "Каустик", Екібастұз қаласындағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 өндіріс орындарының аумағында тиісті шаралар жүргізіледі", - дейді Ержан Иманзайыпов.

Оған қоса, облыс орталығында дезинсекциялық шаралар қамтитын аумақ 7 гектардан  10 гектарға дейін артпақ. Айта кетелік, өңдеу жұмыстары жерде, Ертіс өзенінде және ауада жүргізіледі.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу