Павлодар облысында шыны зауыты салынады

3946

Жобаны іске асыруға бірнеше инвестор қатысады деп жоспарланып отыр.

Павлодар облысында шыны зауыты салынады

Зауыт 2019 жылы Павлодар облысының Қалқаман кентінде іске қосылмақ.

"Дубайдың халықаралық қаржы орталығында "ИнтурСервис-Пульс" ЖШС-мен  шыны зауыты құрылысына 145 млн доллар бөлу туралы келісімшарт жасалды. Жобаға Араб Әмірліктері, Кувейт, Англия мен Қытай мемлекеттерінің компаниялары қатысады. Келісімшарт жасасуға облыс әкімінің орынбасары Николай Дычко да қатысты", – деді abctv.kz порталына кәсіпорын директоры Кеңес Жұмабеков.

Кәсіпкердің айтуынша, келісімшарттың шарты жаман емес, яғни несие 3%-бен10 жылға берілген. Сондай-ақ несие зауыт құрылысы аяқталғаннан кейін қайтарылады. Жобалық қуаты – 10 млн шаршы метр немесе жылына 140 мың тонна. Әлемдік өлшем бойынша, бұл– орташа қуатты зауыт. Өндірістің оңтайлы көлемі тәулігіне 600 тонна деп есептеледі, ал Қалқаман кентіндегі зауытта ол тәулігіне 450 тонна болады. "Кувейттік Hezer Ventures компаниясына қарызды ақшамен емес, шынымен қайтаратын боламыз. Кувейтте шыны зауыты жоқ. Тауарды Қалқаман кентінен Ақтауға дейін пойызға тиеп жеткіземіз де, одан әрі пароммен Иранға апарамыз. Әр жағында Кувейт тиіп тұр", – дейді кәсіпкер.

Орнында бар оңалар

Шыны зауыты Павлодарда бұған дейін да болған. Нақтырақ айтсақ, онда шөлмек, ыдыс жасайтын шыны шығарылған еді. Ол зауыт 1994 жылы  Сергея Терещенко премьер-министр болып тұрған кезде іске қосылған, оны сол кезде де Кеңес Жұмабеков ашқан еді. Ол кезде Кеңес Жұмабековтың меншігінде зауыт, газет, тіпті пароход та болды. Айтпақшы, Кеңес Жұмабеков 1992 жылдан 1995 жылға дейін президенттің кәсіпкерлік жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. Алайда өңір басшылығына Даниал Ахметов келген кезде бизнесменнің басынан бағы тайды.

"Менің ол кездегі қателігім – қаражатты қалай болса, солай шашқаным. Талай кәсіппен айналыстым. Линолеум, түсқағаз, шыны шығардым, волейбол командам болды. Газет шығарып, бизнес мектебін де аштым. Тіпті реактивті ұшағым да болды. Қаншама көмек көрсеттім. Тегін 72 пәтер берген кездерім де болды. Дегенмен осылардың ішінде жаным қалап істейтін ісім – шыны зауыты. Мен мамандарды сонау Гусь-Хрустальныйдан әкелгенмін, олардың жартысы әлі күнге дейін осы жерде тұрып жатыр. Олар жаңа зауыттың ашылуын күтіп жүр. Ал бұрынғы зауытты кезінде бульдозермен қырып тастаған еді. Шыны жасау – менің қолым", – дейді Кеңес Жұмабеков.

Бастан өткен "қиыншылықтар"

Кәсіпкер арманы болған отандық шыны зауытын салуға он жыл уақытын сарп етті. Алайда демеушілер табылғанымен, шенеуніктердің немқұрайлығы, тіпті пара дәметуі инвестиция тартуға кедергі болған.

"Жобаны 85%-ға қаржыландырмақшы болған қытайлық инвестор таптым. Біздің жақтан керегі тек 15% қаржыландыру. Олар үшін бұл кепіл болды. Содан әкімдікке тиісті хат жолдадық, бірақ олар бұдан бас тартты. Соңғы жеті жылда жобаға бес миллион доллар жеке қаражат жұмсалды. Жергілікті биліктен құм өндіретін жерді бес жыл жүріп әзер алдым. Қаржыландыру туралы мүлдем айтпай-ақ қойсам да болады. Зауыт салу үшін өзіңнің шикізатың болу керек. Әйтпесе, инвесторлар қаржы салуға келіспейді. 2016 жылдың наурыз айында әзер дегенде  екі жерді пайдалануға рұқсат берді", – дейді Кеңес Жұмабеков.

Аbctv.kz-тің инвесторларды қайдан табасыз деген сұрағына кәсіпкер сонау 90-жылдардағы таныстары арқылы тапқанын айтты. "Ескі таныстарым инвесторлар болғалы отыр", – дейді кәсіпкер.

Ақтөбе, Қызылорда мен Павлодардың қайсысы?

Зауыт құрылысына қажет дала шпаты Шығыс Қазақстаннан әкелінеді деп жоспарланып отыр. Енді тек кальций қосылған сода ғана сырттан әкелінуі керек. Кәсіпкер шыныны өткізетін нарықтың бірі  ретінде Ресейге сенім артып отыр.

"Бес жыл "Самұрық-Қазына" мемлекеттік инвестициялық қормен, Қазақстан даму банкімен жұмыс істедім. Кімге бармадым десеңші. Жоба бар, ол жобаны біздің өңірде жүзеге асыру аса тиімді екеніне дәлел де бар. Арзан шикізат пен электр энергиясы тұр. Бірақ мұны тыңдаған құлақ болмады", – дейді кәсіпкер.

Ақтөбе мен Қызылорда басым болды

"Бұған дейін Ақтөбеде, сол сияқты Қызылорда да шыны зауыты салынған. Алайда мұның жыры әлі біткен жоқ. Мемлекет нашар менеджер болып шықты. Естеріңізде болса, 2002 жылы Қызылорда облысының Титов кентіне жақын жерде Pilkington ағылшын фирмасымен құны 260 млн еуро болатын шыны жобасын іске қосу жоспарланған болатын. Нәтижесінде фирма президентке хат жазып, жобадан бас тартатынын айтып, кетіп қалды. Сол ағылшындар Мәскеу жанындағы Раменское ауылында шыны зауытын салып, қазіргі таңда ол зауыт табысты жұмыс істеп тұр. Ал Қызылорда облысындағы шыны зауыты жайлы айтар болсақ, онда облысқа келген жетінші әкім зауытты салатынына уәде беріп отыр. Бұл өңірді таңдауда үкімет және бұрынғы индустрия министрі Әсет Исекешев саяси дұрыс шешім қабылдамады деп ойлаймын. Қызылорданың депрессивті өңір екенін мойындау керек, ал Павлодар болса индустриалды дамыған өңір. Мемлекет ақша бөліп отыр, бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ", – деді Кеңес Жұмабеков.

Айта кетер болсақ, мамыр айында "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқармасы төрағасы Ерболат Досаев Бейжіңде өткен Халықарылық экономикалық форум аясында қытайдың ірі қаржы институттарымен және банктерімен кездесу өткізді. Сонымен қатар көп функционалды шыны өндіру саласында ынтымақтастық жасау туралы мәселе көтерілді. Бұл жерде әңгіме тағы Қызылорда облысы жайында болды.  

Осыдан тура алты жыл бұрын ТМД елдерінде шыны жасауды дамытуды қолдау қоғамдық орталығының үйлестірушісі Владимир Болотин ТМД елдеріндегі шыны өндірісіне және осы саланы дамыту келешегіне сараптама жасаған болатын. Сол кезде ол былай деп жазған еді: "Қазір елде флоат-зауыты құрылысына негіз болатын жер қарастырылып, сондай-ақ оның үйлесімді қуаты есептелген. Бұл жұмыс "Самұрық-Қазына" компаниясына тапсырылған болатын. Жаңа шыны зауытын салу үшін Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, сондай-ақ Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстаннан жер таңдау қарастырылған.

Бұл жобалардың барлығының мүмкіндігі бірдей. Қай жобаны таңдау керек деген сұрақ туды. Егер импорт пен экспортқа шығару болмаса, 17 млн халқы бар Қазақстан үшін екі желіден шығарылған шыны  жетіп артылады. Сондықтан көп тұтынатын жерден бастау керек. Жергілікті құммен жұмыс істейтін Павлодардағы Қалқаман кентіндегі зауытқа таңдау жасауға болады. Желіні қуаты тәулігіне 500 тоннадан кем болмау керек. Ал Ақтөбе, Қызылордаға келер болсақ, онда оларға қосымша инвестиция салыну керек"

Соңғы  шешім

"Мамыр айының соңы маусым айының басында кәсіпкер алғашқы транш – 20 млн долларды алу керек. Оны инфрақұрылымды тұрғызуға жұмсайды. Оны биыл жасап біту керек.  Сонымен қатар павлодарлық компанияның өтініші бойынша Қытайдағы орталық шыны институты дайындаған жұмыс жобасын 4,5 млрд долларға сатып алу қажет.

Қалалық жоба бұл жобаны қазақстандық нормаларға және құрылыс нормалары мен ережелеріне бейімдеуі керек. Содан кейін ғана құрылыс салуға кірісуге болады", – деді кәсіпкер.

Жабдықтар Қытайдан алынады, бірақ ақшаға сатып алынбай, қайтарылмайтын аккредитив бойынша алынады.

Зауытта 900 адам, құрылыста 500 адам жұмыс істейтін болады

"Үш жыл бұрын әкімдікке, жұмыспен қамту орталығына хат жаза бастадық. Олар мамандарды оқытуға қаражат жоқ деп жауап берді. Содан еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке хат жаздым. Ол қазақстанда жоқ мамандықтарды оқытуды қаржыландыру қажет екеніне қаржы министрінің көзін жеткізді. Үйлестіру кеңесінде жұмыспен қамту орталығының басшысы шыны зауытында жұмыс істейтін мамандарды оқыту мәселесі шешілгенін, бірақ 20%-ын жұмыс беруші төлеу керектігін айтты. Мен бұған да келістім. Ақшаны жарты жыл күттік,  содан оның облыстық деңгейде қысқарып қалғаны белгілі болды. Ал мен болсам, осы қаражатқа есептеп Гусь-Хрустальныймен, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетпен үш жақты келісім жасап қойған едім. Ақыр-соңында барлығынан кешірім сұрауға тура келді. Енді қаражатты алғаннан кейін өзіміз оқытатын боламыз", – деп қорытындылады "ИнтурСервис-Пульс" ЖШС директоры.

Енді тағы "сода" қажет

Кәсіпкердің айтуынша, 18 мамыр күні Vladvix.Inc америкалық компаниясы, Жамбыл облысының әкімдігі және  "Сода KZ" ЖШС арасында жылдық жобалық қуаты 400 тонна болатын кальций қосылған сода өндіретін зауыт құрылысы туралы меморандумға қол қойылды. Жобаның құны – 400 млн доллар.

"Бұл өңір тегін таңдап алынған жоқ, бұл жерде 1,5 млрд тонна қоры бар Сарыкөл тұз кен орны орналасқан. Зауыт үш жыл ішінде салынып бітуі керек", – дейді Кеңес Жұмабеков.

"Іс жүзінде шынының содаға қатысты өзіндік құны 30%. Бүгінгі күні Қытай, Иран және "Башхимия" алпауыттары баға саясатын  аспандатып отыр, бір тоннаның құны 350 долларға дейін жетеді. Біздің есептеуіміз бойынша бір тоннаның бағасы 180 доллар болады. Қуаты аз зауыт салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Кальций қосылған соданы тұтыну деңгейіне қарап, елдің даму деңгейіне баға береді. Егер бір адам жылына 20 кг сода тұтынатын болса, онда бұл ел дамып келе жатқан ел. Ал 30 кг артық болса, онда бұл дамыған ел болып саналады. Себебі металлургия, химия, медицина, азық-түлік саласының барлығы содамен байланысты. Тағы бір айта кетеріміз, Ресейдің "СтеклоСоюз компаниясы бізден жылына 300 мың тонна сода сатып алуға келісім жасауға дайын. Олар зауыт іске қосылғанға дейін үш-бес жыл бұрын стейк-келісімшарт жасағысы келіп отыр",– деді кәсіпкер.

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу