Павлодар облысының 13 ауылына әлі өркениет жеткен жоқ

Ол түгілі облыс орталығының өзінде ұялы байланыстың сапасы нашар.

Павлодар облысының 13 ауылына әлі өркениет жеткен жоқ Фото: pavlodarnews.kz

Павлодар облысындағы ауылдардың 96,3%-ы ұялы байланыспен қамтылған. Есесіне қалған ауылдарда, яғни 13 елді мекенде жаһандану заманының игілігін көретін мүмкіндік жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Айталық, Ақтоғай ауданының Разумовка, Аққулы ауданының Қазантай ауылдарында ұялы байланыс пен мобильді интернет жоқ. Ел қатарлы цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып, қажетті құжаттарды үйден шықпай-ақ алып, алыс-жақындағы ағайынмен төбе басына көтерілмей-ақ тілдесуді қалайды жұрт. Алайда мұндай шағын елді мекендерде тұрғындар саны 250 адамнан аз болғандықтан, ұялы байланыспен қамтитын компаниялардың мойын бұрғысы жоқ.

"Біз де тиісті төлемдерді уақытылы төлеуге дайынбыз. Тек сапалы байланыс желісін тартып берсе болғаны. Шағын ауылдарда да адам бар екенін ұмытпау керек қой", – дейді алыстағы елді мекен азаматтары.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Дархан Мырзабаевтың сөзінше, жоғарыда аталған екі ауылдағы күрмеулі мәселе жыл соңына дейін шешілуі тиіс. Мұнда жақында орнатылған базалық станция қазір тесттік режимде жұмыс істеп тұр.

"Бұл ауылдар ұялы байланыс желісіне қосылғанымен, желісі жоқ 11 елді мекен қалады. Мұнда барлығы 1 283 адам тұрады. Олардың әрқайсысындағы адам саны аз болғандықтан, байланыс компаниялары бұл ауылдарды жоспарларына қоспай отыр. Себебі бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз", – дейді Дархан Мырзабаев.

Аталмыш ауылдарға тағы екі жыл амалдай тұруға тура келетін түрі бар. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тұрғындар саны аз ауылдарды спутниктік жүйемен қамтуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта OneWeb, Space X және SES компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Бірақ бұл бағыттағы іс тек келесі жылы басталып, 2024 жылдың соңында аяқталады. Яғни сол кезде ғана "Павлодар облысындағы ауылдардың барлығы ұялы байланыспен қамтылды" деуге мүмкіндік туады. Соған сенгіміз-ақ келеді.

Павлодарлық басқарманың болжамынша, сол уақытта өңірдегі елді мекендердің 100 пайызы мобильді интернетпен де қамтылады. Қазір 1 мыңнан астам азаматы бар 13 ауылда бұған жағдай жасалмаған. Жыл соңына дейін тек Майкөбе мен Жалғызқайың ауылдарына кең жолақты интернет жүргізіледі.

Ауыл түгілі облыс орталығындағы жағдай жақсы емес. Павлодар қаласындағы Радиозавод, Зеленстрой шағын аудандарында интернеттік, Химқалашық ауданында ұялы байланыстың сапасы нашар. Қызмет көрсететін компанияларға бірнеше рет ескерту жасалғанымен, еш нәтиже жоқ. Сондықтан облыс басшылығы ұялы байланыс операторларының жұмыс сапасы мен жауапкершілігін арттыру шараларын мықтап қолға алмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу