Павлодар өзінің әлеуетін енді білді

1868

Аймақтағы АЭА аумағында химиялық кластердің  бірнеше нысаны іске қосылды.

Павлодар өзінің әлеуетін енді білді

"Evooil Kazakhstan компаниясы қуаттылығы бойынша жылына 10 мың тонна жақпа материал шығаратын зауыттың бірінші кезегін іске қосты. Жоба құны 400 млн теңгені құрады. Қазір жылына 32 мың тонна өнім шығаратын зауыттың екінші кезегінде жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның құны шамамен 5,4 млрд теңгені құрайды", – деп мәлімдеді abctv.kz-ке "Павлодар АЭА" басқарушы компаниясы" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Александр Зореев.

Бұған дейін компания құрылтайшылары Қазақстандағы майлар мен жақпамайдың барлық түрін сатумен ғана айналысқан еді, кейін берілген жеңілдіктерді пайдалана отырып АЭА аумағында өз зауытын салуға бел буды. Егер жобаның бірінші бөлігіне компания өз қаражатын жұмсаса, екінші бөліктің құрылысы үшін қарыз алуға тура келеді.

"Жаңа зауыттың республикадағы жақпа материалдар нарығында ойып орын алуға мүмкіндігі бар, сондай-ақ өнімімізді Кедендік одақ құрамына кіретін елдерге экспорттай аламыз. Біздің тауарымызды тау-кен, металлургиялық және энергетикалық кешен, мұнай-газ саласының кәсіпорындары, теміржол, агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындары және басқалары пайдаланады", – деді кәсіпорын директоры Игорь Костовский.

Сондай-ақ ол өндірісте қолданылатын шикізаттың барлығы шетелден импортталатынын айтты.

"Өкінішке қарай, негізгі майларды өндіруде қолданылатын май блогының бірі де қазақстандық МӨЗ-де жоқ. Сондықтан сырттан алуға тура келеді. Біз нарықта сұранысқа ие кез келген май түрін шығаруға дайынбыз. Екінші кезектегі зауытта қазақстандық өндірушілердің кейбір шикізаттары қолданылатын болады, дәлірек айтсақ, АЭА-да орналасқан "Каустик" АҚ. Шымкенттегі зауытқа (Hill Corporation) бәсекелес боламыз ба, жоқ па, оны айту әлі ерте. Бір айтарым, зауыттың екінші кезегі салынып біткеннен кейін  бізде жақпа өндірісі жолға қойылады, оларда мұндай жоқ".

Кәсіпорын директоры кадр мәселесінде тапшылық көріп отырмағанын, бірақ жергілікті жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын екенін айтты. "Біз оларды алдымен іс-тәжірибеден өткіземіз, одан соң жұмысқа қабылдаймыз. Бастысы негізгі білімі болса болды, яғни органикалық және бейорганикалық химияның негіздерін білсе жеткілікті".

Бәсекелестік пен тауарды экспорттау мәселесіне қатысты Игорь Костовский мынаны айтты: "қажетті өнімге қалай қол жеткізуге болатынын зауыт мамандары жақсы біледі. Біздің тауарымыз бәсекелестерімізден де үздік болуға тиіс, алдымызға осындай міндет қойылды. Тек сонда ғана тауарға деген сұраныс болады, зауыт дамиды".

Сату үшін сүйемелдеу керек

"Павлодар" АЭА аумағында зауыттың екінші кезегінің құрылысы басталып кетті, мұнда "АгроХимПрогресс" ЖШС өсімдіктерді қорғайтын химиялық құрал өндіреді. Бірінші кезең – эфир өндірісі, ол өткен жылдың жазында 95% іске қосылды. Кәсіпорын директорының сөзінше, жыл соңына дейін өндірістік қуаттың 50%-ын құрайтын өнім шығару жоспарда бар. Ал болашақта екінші және үшінші кезеңдер кеңейтілмек.

"Біздің жобамыздың мақсаты – Қазақстан пестицидтерінің ішкі нарығын дамыту, импорттың орнын басатын отандық өндіріс жасау. Жобаның жалпы құны – шамамен 6,5 млрд теңге. Былтыр іске асырудың бірінші кезеңінде 900 млн теңге игерілді. Биыл шегіртке, глифосат қышқылына қарсы биологиялық препарат жасауға кіріспекпіз. Препараттың жаңалығы мынада, ол тек қана аталған жәндіктерге әсер етеді, ара сияқты пайдалы жәндіктерге зияны жоқ. Биопрепарат шығару мөлшері жылына 11 мың тоннаны құрайды, бұл мақсатқа 2021 жылға қарай жетеміз деп отырмыз. Еуропаның өндіруші компанияларымен салыстырсақ, олармен бәсекеге түсу әлі қиын", – деді облыстық әкімдікте өткен отырыс барысында кәсіпорын директоры Сейітжан Үйсімбаев.

Облыс әкімі Болат Бақауов сұраныстың артуына тұтынушымен жұмыс істеу жағымды әсер етуі мүмкін екенін айтты.

"Егер сіздер тауарларыңызды соңғы тұтынушыға дейін сүйемелдесеңіз, тұтынушы бұл препарат еуропалық немесе қазақстандық екеніне қарамайды. Сіздерге өзгелермен қарым-қатынас жасау үшін химиялық жасақ құру керек. Біздің шаруаларға қызмет кешенін ұсыну қажет. Мысалға, белгілі бір жердегі ластанудың пайызын шығарып, оны сапалы өңдей алатын мердігер ұйымды ұсынсаңыз. Бұл ретте сіздің тарап процесті толығымен ғылыми түрде сүйемелдеуі қажет. Өзге ауыл шаруашылық өндірушілері аталған жердің қалай өңделгенін көргеннен кейін жұмыс пайда болады".

Кәсіпорын басшысының ақпаратына сүйенсек, 2016 жылдың қорытындысы бойынша "АгроХимПрогресс" ЖШС Қазақстан нарығының 5%-ын иеленген. Өндірістің жаңа түрі іске қосылған соң кәсіпорын басшылығы үш жылдың ішінде бұл көрсеткішті 15%-ға дейін арттыруға ниетті. Аталған өндіруші Павлодар нарығының 35% -ын иемденіп отыр.

"Өнімді Ресей нарығына өткізу мәселесіне келер болсақ, бірыңғай Кедендік одаққа қарамастан, Ресей Федерациясының өз тіркеу маркалары бар және қазақстандық өндірушінің оған қолы жетуі үшін үш жылдан кем емес уақыт және қыруар қаражат керек. Өз еліміздегі тіркеумен көршілес нарыққа шығу үшін заңға түзетулер енгізіледі деп үміттенеміз. Ол үшін өндірушілер қауымдастығына жүгіндік, мәселе әлі шешімін тапқан жоқ", – деді кәсіпорын директоры.

Өңір басшысының пікірінше, қазір кәсіпорын үлкен қарқынмен жұмыс істеп отырған жоқ.

"Облыс бойынша гербицидтер алуға қанша субсидия бөлінгені туралы білулеріңіз керек. Сіздер бұл бағдарламаның болашақ қатысушысы ретінде осы көлемін біліп, оны алуға күресуге тиіссіздер. Сіздер Павлодардың ғылымымен жұмыс істейсіздер ме? Біздің фитосанитарлармен ше? Укекіре сияқты арамшөппен қалай күресесіздер? Міне осындай мәселелерді қолға алу керек. Жұмыс істеу керек, ол үшін барлық жағдай жасалды. Жол, торап, жеңілдіктер берілді", – деп түйді сөзін өңір басшысы.

Әйгерім Сүлейменова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу