"Павлодарда "7-20-25" бағдарламасы жүзеге аспай жатыр"

24979

Өңірде өткен жылдың тамыз айынан бері бар-жоғы 77 өтінім мақұлданған.

"Павлодарда "7-20-25" бағдарламасы жүзеге аспай жатыр"

Осы аптадағы Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың жұмысын сынға алды. Үкімет басшысының сөзінше, облыста тұрғын үй құрылысы бәсеңдеген.

"Павлодар облысында ағымдағы жылдың екі айында тұрғын үйге салынатын инвестиция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші де кеміп, былтырғымен салыстырғанда 50 пайызға азайған", – деді Асқар Мамин Үкіметтің 19 наурызда өткен отырысында.

Болат Бақауов өткен екі айдың қорытындысы бойынша құрылыс саласындағы көрсеткіштердің орындалмағанын мойындады. Сондай-ақ, бірінші тоқсанның соңында жағдай дұрысталады деп сендірді.

"2019 жылдың бірінші тоқсанында оң динамика орын алады. Өсім 110 пайызды құрайтын болады. "Сарыарқа" шағын ауданындағы мердігерлер тиісті құрылыс көлемін аяқтап үлгермеді. Енді олқылықтардың орнын толтырдық. Сонымен қатар, ERG компаниясы өз қызметкерлеріне биыл "7-20-25" бағдарламасы бойынша 350 пәтер бермек. Осылайша, бірінші жартыжылдықтан кейін көрсеткіштердің бәрі дұрысталатын болады", – деді Болат Бақауов.

Үкімет басшысының айтуынша, Павлодар облысының экономикалық және өндірістік әлеуеті өте жоғары. Орташа еңбекақы көлемі жоғары деңгейде. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары да көп. Соған қарамастан, "7-20-25" бағдарламасының барысы мүлде көңіл көншітпейді.

"Өңірде "7-20-25" бағдарламасы жүзеге аспай жатыр. Республика бойынша жалпы 6 мың өтініш мақұлданған. Ал Павлодар облысында 77 өтінімге (6 наурыздағы дерек – ред.) ғана оң жауап берілген. Бұл республикалық көрсеткіштің небары 1 пайызын құрайды", – деді Асқар Мамин.

Ұлттық банктің Павлодардағы филиалы таратқан мәліметке сүйенсек, 2019 жылдың 14 наурызындағы дерек бойынша өңірдегі екінші деңгейлі банктер 1 млрд 481,5 млн теңгеге 181 өтініш қабылдаған. Оның 80-і ғана мақұлданған. Сөйтіп, павлодарлықтар банктерден 702,5 млн теңге қарыз алған.

Белгілі болғандай, облыста "7-20-25" бағдарламасы бойынша сатылымға шығаруға 283 пәтер бар. Оған қоса, осы жылы жеке меншік құрылыс компаниялары мен қала құраушы кәсіпорындар тарапынан қосымша 613 пәтер пайдалануға берілмек.

Еске сала кетейік, бұған дейін "Баспана" ипотекалық ұйымының Павлодар өңіріндегі директоры Толқын Нұрмакин облыс аумағындағы пәтерлердің бірін 7 пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға дейін алған азамат ай сайын екінші деңгейлі банкке 30-50 мың теңге төлейтінін айтқан еді.

Павлодар қаласындағы пәтерлердің бір шаршы метрі 150-180 мың теңгеге, Екібастұз қаласындағы баспананың бір шаршы метрі 100-140 мың теңгеге бағаланып отыр. Павлодарлықтар "7-20-25" бағдарламасы арқылы баспаналы болуы үшін тұрғын үйдің құны 15 млн теңгеден аспауға тиіс.

Жалпы, былтыр Павлодар облысы 300 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға береміз деген меже қойып, жыл соңында тек 284 шаршы метрді тапсырған еді. Ал биыл облыс билігі 315 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу