Павлодарда 77 млрд теңгеге жаңа зауыт салынбақ

16108

Алайда бұл жобаның жүзеге асуына экологтар қарсылық танытқан еді.

Павлодарда 77 млрд теңгеге жаңа зауыт салынбақ

Жыл басында кальциленген сода өндірісі жобасымен алдын ала қоғамдық тыңдау барысында танысқан павлодарлық экологтар сода зауыты құрылысына қарсы шыққан болатын. Соған қарамастан, зауыттың бой көтеретін түрі бар. "Павлодар-Сода" ЖШС техникалық директоры Амантай Сәбитовтің айтуынша, осы жылдың тамыз айында құрылыс жұмыстары басталады. Ал 2022 жылы зауыт іске қосылады.

"Әуелде есептеулер кезінде қателіктің кетуі салдарынан қоршаған ортаны қорғаушылардың жобаның жүзеге асуына наразы болғаны рас. Біз экологтардың ұсыныс-тілектерін назарға алып, өзгертулер енгіздік. Атап айтқанда, бастапқыда Сарымсақ көліне ағатын судың көлемі бір текше метріне 250 мл болса, енді 170 мл болады. Сонымен қатар, қалдықсыз технологияға көшпек ойымыз бар. Яғни, кальциленген сода дайындаудан шыққан өндірістік қалдықтарды құрғақ құрылыс материалдары мен теңіз тұзын шығаруға пайдаланамыз. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті, тиісті құжаттың барлығы әзір", - дейді Амантай Сәбитов.

Экологтар Ертіс өзенінен өндіріске қажет су көлемінің тым көп алынатынына да қарсы болған еді.

Амантай Сәбитовтің айтуынша, "Павлодар-Сода" ЖШС жылына 1 млн 840 текше метр су пайдаланатын болады. Бастапқыда бұл көрсеткіш 4,5 млн текше метрді құраған болатын.
Зауыт шикізатты – әктасты Үшқұлын мен Керегетастан, тұзды Тұздысордан жеткізеді.

"Бұл кальциленген сода шығаратын Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын болмақ. Мұндай өндіріс орнын салуға елімізге тұрақты түрде өнім жеткізуші Башқұртстандағы компаниялардың әктастың жоқтығынан өнім көлемін екі есе азайтуы түрткі болды. Қазақстандағы зауыттар жылына 450-500 мың тонна сода пайдаланады. Оның барлығы Ресей, Қытай мен Өзбекстаннан жеткізіледі. Ал біз сол сұраныстың жартысын өтейміз. Яғни, жылына 200 мың тонна өнімді сатылымға шығарамыз. Оған қоса, Қызылорда облысында 300 мың тонна кальциленген сода өндіретін зауыт құрылысы жобалануда", - дейді Амантай Сәбитов.

Өнімді саудаға шығарар нарық әлі анықталмапты, алдын ала келісімдер де жасалмаған. Десе де, кәсіпорын басшылығы жергілікті "Қазақстан алюминийі", "Ақтөбе хромдық қосылыстар зауыты", "Қазатомөнеркәсіп" компаниялары павлодарлық өнімге қызығушылық білдіреді деген сенімде.
Зауыттың құрылысына 77 млрд. теңге инвестиция тартылмақ. "Павлодар-Сода" ЖШС бұл соманы қытайлық компаниядан несиеге алады. Амантай Сәбитов қарыздың қандай пайыздық мөлшерлемемен және қанша уақытқа берілетінін бүгіп қалса да, жаңа кәсіпорынға айтарлықтай ауыртпалық салмайтынын алға тартты.

Зауыт іске қосылған 2022 жылы мемлекетке 400 млн теңге, 2026 жылдан бастап 1 млрд 200 млн теңге салық төлеу болжанып отыр. Барлығы 419 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Ақтоты Қабдықайыр 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу