Павлодарда автобус пен жүргізуші тапшы

Соның салдарын жолаушылар тартып жүр.

Павлодарда автобус пен жүргізуші тапшы Фото: Константин Шелков

Павлодар облысының орталығында шағын және үлкен классты автобустар сирек қатынайды. Тұрғындар аялдамада қоғамдық көлікті ұзақ уақыт күтуге мәжбүр. Оның өзінде автобустардың іші адамға лық толып, ине шаншар орын болмайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Тұрғындар тарапынан трамвайдың жүру уақыты мен қызмет көрсету сапасына айтарлықтай сын жоқ. Ал автобус парктерінің жұмысы көпшіліктің көңілінен шықпайды. Әсіресе, таңғы және кешкі уақытта қоғамдық көлікке ілігу қиын.

"Мен жұмысқа №21, 21 автобустармен барамын. Бірақ таңғы 7.00-ден бастап орын болмайды. Жары сағат күткенің зая кетіп, кейде тіпті сыймай қаласың. Тағы жарты сағаттан кейін келетін келесі автобусты күтуге тура келеді. Жұмыстан қайтар уақытта да дәл солай. Жолаушылардың күнде діттеген жерге жетуінде қиналатынын билік жақсы біледі. Бірақ олардың тарапынан жасалып жатқан жұмысты көрген жоқпыз", – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Айнұр Рамазанова.

Шаһардың басшысы Асайын Байханов қиындықтың барын мойындады. Оларды шешу жолдарын да атап көрсетті. Мәселен, осы аптада №1 автобус паркі жолға жаңа 20 автобус шығарды. Шілде айында тағы 20 көлікпен, жыл соңына дейін 60 автобуспен толығуға тиіс.

"Облыс орталығында автобустар тапшы екені рас. Қазіргі таңда №1 автобус паркінен күн сайын 70 автобус шығуы керек болса, оның тек 40-ы тұрғындарды тасымалдайды. "Автокомбинат" кәсіпорнында 52 автобустың орнына 32 көлікті шығаруға мүмкіндік бар. Бұл жағдай жаңа қоғамдық көліктердің есебінен шешілуі тиіс. Сол кезде олардың интервалдары қысқарып, тұрғындар қазіргідей автобусты көп күтпейтін болады", – деді Павлодар қаласының әкімі А.Байханов.

Ал Павлодар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров екінші мәселенің шетін шығарды. Ол – жүргізушілердің аздығы. Жаңа көліктер келгенмен, оларды басқаратын білікті маман жоқ.

"Өңірде "D" санаты бар жүргізушілер тапшы. Автобус жүргізушілері орындарының 15%-ы бос тұр. Сондықтан жергілікті әкімдіктерге жұмыспен қамту курстары аясында тұрғындарды "D" категориялы жүргізуші қызметіне тегін оқытуды ұсынамыз", – дейді басқарма басшысы.  

Жалпы облыста жолаушылар тасымалы мәселесі өткір тұр. Қалалықтарға аялдамада автобус күтуден басқа амал жоқ. Ал кейбір ауылдарда автобус мүлде жоқ. Мысалы, пандемияға дейін өңірде 173 бағытта қатынайтын халықаралық, облысаралық, облысішілік және ауданішілік маршруттар болған. Сол арқылы 317 ауылдың тұрғындары діттеген жерге автобуспен жетіп жүрді. Ал бүгінде оның 140-ы ғана қалды. Бұл бағытта қатынайтын қоғамдық көліктер 247 ауылды қамтиды. Жолаушылар ағыны да бірден 50%-ға азайды. 2019 жылы автобуспен жүретін тұрғындар саны 1 миллоннан асса, былтыр тек 578 мыңнан астам тұрғын қоғамдық көлік қызметін пайдаланды. Сондықтан биыл жергілікті әкімдік тағы 23 бағытта қатынайтын автобусты қоспақ. Олардың арасында әлеуметтік мәртебесі бар көліктерге, яғни тұрғындарды балабақша, мектеп, емхана сынды нысандарға жеткізетін қоғамдық көліктердің иелеріне 2,6 млрд теңге субсидия төленетін болады.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу