Аталмыш компанияның вице-президенті Амин Аджами Павлодар облысындағы бірқатар шаруа қожалығында болып, өңірлік ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін байқады.
"Шетелдік инвестициялық компания аймағымызда сүт өңдеудің жоғары технологиясын бастап, балалар тағамының өндірісін қолға алуға ниетті. Осылайша, импорт алмастырушы өнім шығармақ. Осы мақсатта "Пахарь", "Үштерек и К", "Жаңақала", "Кирово", "Астық-ПВ" шаруашылықтарында болды. Біз жан-жақты көмек көрсетуге әзірміз",– дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібеков.
Атап айтқанда, британиялық компания 2019-2021 жылдар аралығында балаларға арналған тағам дайындайтын зауыт пен оны шикізатпен қамтитын, 10 мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салады. Инвестицияның жалпы көлемі 125 млн АҚШ долларын құрайды.
Жалпы, "United Green" – әлемдік деңгейдегі ірі инвестициялық компаниялардың бірі. Оның жылдық айналымы – шамамен 500 млн АҚШ доллары, активтерінің бағасы – 650 млн АҚШ доллары. Энергетика, жылжымайтын мүлік және тамақ өнімдері бағытында жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін аталмыш компания Италия, Германия, Франция және Ұлыбритания елдеріне қаржы құйып, кәсіп аясын кеңейтті.
Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы