Павлодарда бірнеше мектеп оқу жылына дайын емес

Мердігерлер болса жұмысты уақытылы аяқтауға уәде беріп отыр.

Павлодарда бірнеше мектеп оқу жылына дайын емес Фото: Валерий Бугаев

Биыл Павлодар қаласында барлығы 15 мектепте жөндеу жұмыстары қолға алынды. Алайда кей мердігерлер жұмысты уақытылы аяқтауға аса асықпайды. Соның салдарынан үш бірдей оқу орнының шәкірттері 1 қыркүйек күні басқа білім ордаларына баруы әбден мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыс орталығындағы №5 мектептегі жөндеуге жауапты кәсіпкерлердің белгіленген кестеден кешігіп жатқаны маусым айынан бері белгілі. Мұндағы жұмыстарды бірнеше компания өзара бөлісіп алған. Мысалы, қоршауды жөндеуге "Отдел Жилстрой" ЖШС, мәжіліс залы, оған іргелес аумақ, спорт залы мен киім ауыстыратын бөлмелерді жаңартуға "Ер Алаш" корпорациясы жауапты. Сол сияқты "Азамат Құрылыс" ЖШС ғимараттың іші мен инженерлік желілерді, "ЖолЭнергоҚұрылыс" ЖШС едендерді ауыстыруға міндеттелді.

Мұндайда қайдан береке болсын?! "Ә" дегеннен-ақ мердігерлердің ісі өнбеді. Осыдан екі ай бұрын мониторинг жүргізген облыстық мәслихаттың депутаттары сол кезде-ақ оларға бірнеше сын-ескертпе айтқан-ды. Жұмыскерлер санының аздығы, тиісті құрылыс материалдарының уақытылы жеткізілмеуіне қатысты кемшіліктер болды. Мердігерлер сол тұста қарқынды үдетуге, іске мықтап кірісуге уәдені үйіп-төкті.

Арада біраз уақыт өтсе де жағдай аса өзгере қойған жоқ. Оқу жылының басталуына небары екі апта уақыт қалды. Ал мектептің ғимараты әлі дайын емес. Оны өңірдің басшысы Асайын Байханов та байқады.

"№5 мектепте оқу жылының аяқталуын күтпестен оқушыларды басқа мектепке ауыстырып, мамыр айында жөндеу жұмыстарын бастадық. Мердігерлерге осындай қолайлы жағдай жасалғанымен, 1 қыркүйекте балалардың жаңа партада отырмау қаупі бар. Мердігер жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтай алмай жатыр.  Егер жұмыстарды жылдамдатпаса, жосықсыз жеткізуші ретінде тануға және лицензиядан айыруды талап етуге мәжбүр боламыз", - деп қатаң ескертті облыс әкімі.

Бұл жағдайға ата-аналар да мәз емес. Олардың барлығы дерлік мердігерлерге қойылатын талаптарды күшейту керек деп пайымдайды.

"Былтыр осы мектептің балалары үшін соңғы қоңырау басқа мектепте соғылды. Биыл алғашқы қоңырау сыңғырын да басқа оқу орнынан естиміз бе? Жөндеуге жауапты жұмысшыларға ғимаратты ерте босатып берсек те неге мұндай түйткіл туындап отыр? Меніңше, әлеуметтік нысандарды салу, жөндеуге қатысты мемлекеттік конкурс қатысушыларына талапты күшейту керек. Айталық, осындай шаршы көлемдегі ғимаратты қалпына келтіру үшін штатта осынша адамы болуы, қорда осынша құрылыс материал болуы тиіс деген сыңайлы. Әйтпегенде, 10-20 қызметкері ғана тіркеуде тұрған кәсіпкерлер қомақты қаражатты ұтып алып, оны басқа қосалқы мердігерлердің мойнына іліп қояды. Кейін адам аз, құрылыс материал жеткіліксіз деген түрлі сылтау айтады. Бізге ол керек емес. Бізге балаларымыздың оқу жылын өз мектебінде қарсы алғаны керек", - дейді Анар есімді ата-ана.

Облыс орталығындағы №2 және №14 мектептерде де дәл осындай жағдай. Мұндағы мердігерлер де белгіленген кестеден кешігіп жатыр. Тек соңғы бірнеше күн аралығында ғана жұмысшылардың қарқынды қосқаны байқалады. Үш оқу орнының мердігерлері де істі уақытылы әрі сапалы аяқтауға сендіріп отыр. Алайда бұған облыс басшылығы да, ата-аналар да күмәнмен қарайды.

Бүгінде өз ісіне немқұрайлы қараған бірнеше мердігерлік ұйымға қатысты сотқа талапарыз дайындалып жатқан да көрінеді. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу