Павлодарда дезинфекциялық құралдар шығарылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4851

Жергілікті "Бо-На" компаниясы Қытайдан шикізат тасымалдауды доғарды. 

Павлодарда дезинфекциялық құралдар шығарылады

Павлодарда химиялық өнімдер шығаратын "Бо-На" компаниясы әлемде орын алып отырған төтенше жағдайға байланысты өндірістік процеске өзгерістер енгізуде.

"Бізде толықтай отандық дезинфекциялық өнімдер шығарылады. Бірақ, бұл жолы өндірістік процеске өзгерістер енгізіп, қытайлық шикізаттан бас тартпақпыз. Өзіміздің шикізатты пайдаланамыз. Жалпы, бұл жобаны өзіміз ойлап тапқан технология негізінде жүзеге асырмақпыз. Тіпті, Қытай ғылыми институтының өзі мұны инновациялық технология деп мойындады", – дейді "Бо-На" компаниясының техникалық директоры Борис Шаров.

Осылайша, компания хлор таблеткаларын Қытайдан сатып алудың орнына, өзінікін өндірмек. Яғни, импорттан бас тартады. Ол үшін  трихлорсоцианур қышқылын шығаратын өндірісті орнату керек. Қазір монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаны Ғылым қоры қаржыландыруда. Өндірісті биыл іске қосу жоспарланған.

"Біз жаңа қалдықтардың есебінен "Безизна" секілді тұрмыстық химиялық өнімнің екі-үш түрін шығаруды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта біздің компания негізінен медициналық мекемелер пайдаланатын құрамында хлоры бар немесе жоқ дезинфекциялық құралдарды шығарады. Барлығы 30 түрі бар.

Олардың қатарында теріні тазартуға арналған құралдар, сондай-ақ медициналық құралдар мен қолға арналған антисептиктер бар", – деді Борис Шаров павлодарлық журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, коронавирустың таралуына байланысты өндіріс көлемі күрт ұлғайған. Коронавирус індеті таралмағанға дейін компания күніне 300 килограмм хлор таблеткаларын шығарса, қазір сұраныстың күрт ұлғаюына байланысты, күніне 800 килограмм таблетка өндірілуде. Компания өкілдері, қажет болса, өндіріс көлемін 1 тоннаға жеткізуге мүмкіндік бар дейді.

"Біз бөлшек саудамен айналыспаймыз. Біз негізінен Қазақстанның медициналық мекемелерімен, Павлодардың барлық ауруханалармен жұмыс істейміз. Хлор таблеткалары немесе десостерил хлоры Павлодарда 2015 жылдан бастап өндіріле бастады. Келесі жылдан бастап ол толығымен отандық өнім болады. Компания 2016 жылдан бері өндіріп келе жатқан қолға арналған антисептиктер қазір толықтай отандық өнім саналады", – деп нақтылады Борис Шаров.

Коронавирусқа қарсы компания өніміне деген сұраныстың артқаны сондай, Қазақстан Үкіметінің шешімінен кейін жергілікті тасымалдаушылардың бірі "Бо-На" кәсіпорнына қоғамдық көліктерді залалсыздандыру туралы өтініш білдірген.

"Біздегі көлік компаниялары дезинфекция мәселелеріне аса мән бермейді. Бірақ эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты көлік компаниясы бізге жүгінді. Оларға дезинфекция жасалуға тиіс 40 автобус бар екен. Олардан дезинфекциялық заттарды жедел түрде жеткізіп беруді сұрап отыр. Автобустың салонын хлоры бар заттармен өңдеудің қажеті жоқ. Себебі, иісі қалады. Ал жабық жерде бұл жолаушыларға ыңғайсыздық тудырады. Химик ретінде тасымалдаушыларға иісі жоқ өнімді таңдауға кеңес беремін. Оның үстіне олардың саны да жеткілікті", – дейді "Бо-На" компаниясының техникалық директоры.

Еске сала кетейік, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланған болатын. Ал еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейту туралы шешім қабылданғанын мәлімдеген еді. Соған сәйкес, енді қоғамдық көліктер әрбір рейстен кейін өңделіп, аялдамалар күніне екі рет жуғыш және дезинфекциялық заттармен жуылуы керек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу