Павлодарда қарасора өсіріледі

3535

Бірақ оның құрамында есірткі болмайды.

Павлодарда қарасора өсіріледі

Отандық "KazHemp" компаниясы Павлодар облысында қарасора (конопля) өсіруді қолға алмақ. Тәжірибе ретінде Павлодар ауданындағы "Маяк" шаруа қожалығының 7 гектар алқабына биыл алғаш рет екті. Кәсіпорынның бас директоры Максим Скрынниктің айтуынша, өнімділік жоғары.

"Біз құрамында есірткісі жоқ қарасора сұрпын таптық. Сондықтан алқапты қоршауға алудың қажеті жоқ. Бұған дейін Алматы, Түркістан және Қарағанды облыстарында бұл өсімдікті сынама ретінде егіп көрдік. Десе де, Павлодардағы өнімділік өзгелерден жоғары болып тұр. Оған қоса, мұнда суармалы алқап аз емес екен", – дейді Максим Скрынник.

"KazHemp" компаниясы қарасора өсірумен шектеліп қалмай, оны өңдеу бойынша ірі кешен салмақ. Атап айтқанда, аталмыш өсімдіктен жеңіл өнеркәсіпке қажет тоқыма мен қағаз шығаруды жоспарлап отыр.

"Біз екі бағытта жұмыс істейміз. Алғашқысы – тоқыма өндірісі. Ол үшін 4500 гектар алқапта қарасора өсіреміз. Жобаның құны – 50 млн АҚШ доллары. Екіншісі – кеңсе тауарларын, қораптарды дайындауға қажет қағаз өндірісі. Оны жүзеге асыруға 1500 гектар жер мен 25 млн АҚШ доллары керек. Жобаларды іске қосқан жағдайда 600-ден астам павлодарлықты тұрақты жұмыспен қамти аламыз. Өнімнің барлығы Еуропа, Азия және Солтүстік Америка елдеріне экспортталады", – дейді Максим Скрынник.

Жоғарыда аталған жоспарлардың орындалуы үшін облыс орталығында екі бірдей комбинат салу қажет. Жергілікті билік өкілдері инвестордың сұранысына сай ғимарат немесе жер табуға уәде берді. Сөйтіп, биыл қарасора өңдеу орындарының негізі қаланбақ. Ал келесі жылы тоқыма мен қағаз өндірісі басталады.

Айта кетелік, өткен жылы жұмысын бастаған "KazHemp" компаниясы бүгінгі күні Алматы облысында 1000 гектар жерде қарасора өсіріп, оны бастапқы өңдеуден өткізеді.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу