Одан соң біртіндеп қоқысты тұрмыстық жағдайда сұрыптап лақтыруға көңіл бөлінбек, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Павлодардан жылына 150 мың тоннадай тұрмыстық қалдық шығады. Оны сұрыптап, өңдейтін зауыт таяу уақытта салынуы мүмкін. Ал оған дейін тұрғындарды тұрмыстық қалдықтарды бөліп жинауға дағдыландыру көзделіп отыр.
– Үйлер маңындағы контейнерлер қоқысты сұрыптап жинау мәселесін шешпей отыр. Ең әуелі тұрмыстық қалдықты үйде бөлектеу жинау қажет деп ойлаймын. Біздің азаматтар үйлеріндегі қоқыстың барлығын бір ғана ыдыста сақтап, сол қалпымен контейнерге апарып төгеді. Жалпы үйдегі мұндай ыдыс төрт бөліктен тұрса, дұрыс болар еді. Бірақ бізде әзірше мұндай экологиялық сана қалыптасқан жоқ әрі оны талап ету де ерте. Сондықтан сұрыптауды алдымен кәсіпорындарда, қоғамдық тамақтану орындары мен өзге де ұйымдарда жүргізу керек. Мәселен, оларда шыныға, пластикке, қағазға, биологиялық қалдықтарға арналған контейнерлер қойылғаны дұрыс, – дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Әкім өңірде қалдық өңдейтін зауыт салынса, жыл сайын тонналап жиналып қалатын қоқыстардың мәселесін шешуге болады деп есептейді. Биологиялық қалдықтардан биогумус шығаруға болар еді. Зауыт оған қоса қалдықтан металды, шыны мен қағазды бөліп алып шығуға мүмкіндік береді.
Келер жылы облыстағы коммерциялық кәсіпорындар қоқысты сұрыптап жинауға кіріседі. Әуелі металлургиялық ірі кәсіпорындар, одан соң қоғамдық тамақтану орындары мен супермаркеттер, дүкендер көшеді.
Соңынан қала тұрғындарына үйрету көзделіп отыр. Болашақта тұрғындарды бұл тұрғыда ынталандыру да ойда бар. Мәселен, қалдықты бөлек-бөлек жинағандар қоқысты шығару қызметіне жеңілдікпен төлем жасауы ықтимал.