Павлодарда құрылыс саласындағы олқылықтар азаяр емес

1232

Жергілікті билік бұл мәселелерді жылы жауып қойып отыр. 

Павлодарда құрылыс саласындағы олқылықтар азаяр емес Фото: Валерий Бугаев

Павлодар қаласында жақында ғана қолданысқа берілген "Достық" шағын ауданындағы пәтерлердің желдеткіштері муляж болып шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жаңа аудандағы екі көпқабатты үйге қатысты "жырдың" бітер түрі жоқ. Баспаналардың құрылысы былтыр күзде аяқталғанмен, инженерлік-коммуникациялық желілер жарты жылдан соң ғана жүргізілді. Оған дейін бұл үйден пәтер алуға тиіс болған банк салымшылары мен тұрғын үй кезегінде тұрғандарға пәтер жалдауға тура келді. Баспаналар қыс бойы жылытылмағандықтан, қабырғалар көгеріп, жарықтар пайда бола бастады. Әу баста тұрғындар жаңа пәтерлерге қоныстанудан бас тартқанмен, көпшіліктің одан басқа барар жері болмаған соң, амалсыздан сәуір айының соңында қоныстанды. Үйлерге жайғасқаны сол еді, құрылысшылардың басқа да былықтарының беті ашылды. Тұрғындар ас үй мен жуынатын бөлмелерде желдететін тесіктердің жоқтығын айтып, әлеуметтік желілер арқылы билікке базынасын білдірді. Олардың айтуынша, желдеткіштер қабырғаға құр жабыстырыла салған. Ар жағында бөлмені желдетуге тиіс саңылаулар жоқ.

Бұл үйдің құрылысына тапсырыс беруші – "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы шағымнан соң әр пәтерді аралады. Корпорация өкілдері саңылаулардың тек үш пәтерде жоқтығын айтып, бірнеше күн аралығында олқылықтың жойылатынын айтты. Шынтуайтына келгенде, желдеткіші жоқ пәтерлердің саны одан да көп.

Бірақ павлодарлықтар жобалаушылар, құрылысшылар, баспананы салуға тапсырыс берушілер мен оны қабылдау алушылар тарапынан мұндай өрескел қателердің орын алатынына таңқалмайтын болды. Қабаттар арасындағы плитаны ұмыт қалдырып, пәтерлерді еденсіз әрі төбесіз салған құрылысшылар үшін жасанды желдеткіш деген не тәйірі?! Бір өкініштісі, мұндай кемшіліктер үшін ешкім жауапқа тартылып жатқан жоқ. Мердігерлер "әне жөндейміз, міне жөндейміз" деп құрғақ уәдені үйіп-төгумен оңай құтыла салады. Жаңа үйлердің сапалы салынуына жауаптылар  заң аясында тиісті жазаға тартылар болса, мұндай қателіктер алдағы уақытта қайталанбас па еді. Түрлі сала өкілдерінің немқұрайлығы мен салғырттығы салдарынан қарапайым халық қана зардап шегіп келеді.

Ажар Дәулетова 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу