Павлодарда қытай тракторлары құрастырылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
17778

Ауыл шаруашылығы техникасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттеріне экспортталады деп күтілуде.

Павлодарда қытай тракторлары құрастырылады

Павлодар қаласында тракторлар құрастырылатын болды. Ауыл шаруашылығы техникасын қазақтар мен қытайлар бірлесіп шығармақ. Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыру үшін "KSW Agrotech" компаниясы құрылды. Компанияның 40 пайызы қазақтардың үлесіне тиесілі де, қалған 60 пайызы қытайлық "Wan E" компаниясының еншісінде.

"KSW Agrotech" ЖШС бас директоры Рустам Ибрагимовтың айтуынша, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Жақын уақытта құрастыру желілерін жеткізу үшін алдын-ала төлем жасалмақ.

Тракторларды құрастыру үшін Павлодардағы бұрынғы автобаза пайдаланылмақ. Техниканың қуаттылығы 300 аттың күшіне тең болмақ. Тракторлардың алғашқы легі 2020 жылғы күзгі жиын-терім жұмыстарына дейін дайын болады деп күтілуде.

Жалпы, жобаны жүзеге асыру үш кезеңнен тұрады екен. Алғашқы кезеңде автобазаның қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалана отырып, жылына 3000 трактор құрастыру қолға алынады.

"Егер бәрі жоспар бойынша жүретін болса, 2021 жылы "Павлодар" арнайы экономикалық аймағының аумағынан әлдеқайда үлкен кәсіпорын салуды бастаймыз. Бұл кәсіпорынның қуаттылығы жылына 30 мың техника құрастыруға дейін жетпек. Болашақта аталған өндірісті Павлодар облысында біржола дамытып, металл бұйымдары мен ауыл шаруашылығы техникаларына арналған бөлшектерді шығармақпыз", – деді Рустам Ибрагимов.

Бас директордың сөзінше, компания шығарылған өніммен ішкі нарықты қамтып, кейін Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттеріне экспорттауға ниетті.

"Біздің өнімнің басты артықшылығы бағасы болмақ. Трактордың құны шамамен 130-150 мың долларды құрамақ. Ал дәл осындай америкалық, еуропалық техникалар 500-700 мың доллар тұрады. Оның үстіне біз тракторларды лизингке беруге және ауыл шаруашылығы өнімдеріне айырбастауға әзірміз", – дейді "KSW Agrotech" компаниясының басшысы.

Белгілі болғандай, Қытай тарапына құрастыру желілерімен, техника бөлшектерімен және қаржылық тұрғыдан қамту жүктелген. Ал қазақстандық тараптың мойнына өндірістік база және қаржылық қолдау артылған.

Өкінішке қарай, жобаның құны туралы нақты ақпарат жоқ. Тараптар мұндай ақпаратты жарияламай отыр.

"ФИНАМ" компаниясының сарапшысы Алексей Калачев kursiv.kz порталына берген сұхбатында мұндай өндірістердің құны аса қымбат болмайтынын атап өтіпті.

"Егер база дайын болса, онда өндіріске қомақты инвестиция қажет емес. Ғимараттар дайын тұрса, демек инженерлік коммуникациялар да бар деген сөз. Әрі кетсе жөндеу жұмыстарын жүргізер. Оның үстіне қытайлық құрастыру желілері аса қымбат тұрмайды. Меніңше, аталған жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі 500 мың доллардан аспайды және 3-5 жылдың ішінде өзін ақтап шығуға тиіс", – дейді Алексей Калачев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда трактор зауыты жұмыс істеген болатын. 1966 жылы құрылған зауыт 1999 жылы жабылып қалған еді. Бүгінде бұрынғы трактор зауытының ғимараттарын "Кастинг" және "KSP Steel" кәсіпорындары пайдаланып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу