Павлодарда өндірістік күлден кірпіш құятын кәсіпорын құрылады

Бек Темір Бек Темір
4224

Мамандар аталмыш жаңа өндіріс ошағы экологиялық жағынан да тиімді деген уәж айтуда.

Павлодарда өндірістік күлден кірпіш құятын кәсіпорын құрылады

Павлодарда халықаралық  "ЭКСПО-2017" көрмесіндегі іскерлік кездесулер өз жемісін бере бастады. Солардың бірі - өндірістік күлден кірпіш шығаратын кәсіпорын.

Жалпы әлем көз тіккен халықаралық шарада "INVEST IN PAVLODAR"  атты көрме орталығы жұмыс істеген уақытта 182 компаниямен келіссөздер жүргізілген екен. Олардың бәрі Павлодардың инвестициялық тартымдылығын танытып, өңірге жаңа технологиялар мен инвестиция тарту мақсатында қолға алынған. Шетел елшіліктері, ұлттық компаниялар мен даму институттарының 18 өкілі аталмыш көрмені аралап, индустриалды облыстың артықшылықтарын сарапқа салған. Солардың ішінде көршілес Қытай елінің кәсіпкерлерін қызықтырған жобалар аз емес. Әсіресе өндірістік күлден кірпіш шығару технологиясын енгізуге қатысты келіссөз негізді деп те айтуға болады. "Kazakh Invest" ҰК АҚ Павлодар облысы бойынша аймақтық директоры Олжас Рыскелдінің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда қытайлықтармен күлден кірпіш шығаратын технологияны өндірісті өңірге әкелу туралы келіссөздер жүргізілуде. Жақында облыс әкімі бастап барған ресми сапар кезінде де бұл мәселе көтерілген. Бүгінгі таңда Қытайдың провицияларында мұндай кірпіштен салынған 7-8 қабатты үйлер пайдалануға берілген екен.

Бір атап өтерлігі, қытайлық күлден кірпіш шығаратын кәсіпорын Павлодардың нақты қай аймағында бой көтеретіні әлі белгісіз. Экономикада "өндірісті көшіру" деген термин бар. Бұл жаңа технологияның барлығы тұтастай жергілікті жердің талаптарына сай енгізіледі деген сөз. Мәселен, аспан асты еліндегі мұндай зауыттардың дені 90-жылдары салынған.  Қоршаған ортаға кері әсері көп болғандықтан жергілікті басшылық олардың жұмысына тоқтау енгізіп тыйым салған. Ол тыйым әлі алынбаған көрінеді. Бірақ өндіріс тоқтатылса да, технологиялық жағынан жылдан жылға дамып, нағыз піскен шағына жеткен. Олжас Рыскелдінің айтуынша, жаңа өндірісті әкелген уақытта барлық факторлар назарға алынады. Ең бірінші кезекте оның экологиялық тұрғыдан тиімділігі салмақталып, жан-жақты зерттеу жүргізіліп барып жүзеге асырылатын болады. Әзірге коммерциялық құпияға сүйеніп бұл инвест-жобаның құны айтылмауда. Дегенмен, мамандар қазірдің өзінде пайдасы телегей болады деген тоқтам жасап отыр. Себебі Павлодар облысындағы индустриалды кәсіпорындар көп шоғырланғандығын ескерсек, оған қажетті шикізат табу да қиындық келтірмейді деген сенім зор. Екінші жағынан бұл арзан құрылыс материалы ғана емес, жергілікті күл полигондарының көзін құртуға да өз септігін тигізеді. Әзірге қағаз жүзіндегі қытайлық технологияның жақында жемісін көреміз деген үміт басым.

Атап өтерлігі, аймақта "өндірісті көшіру" бойынша басқа да кәсіпорындар жұмыс істейді. Солардың бірі 2015 жылы "Компания Нефтхим LTD" кәсіпорнында енгізілген полипропилен өндірісі болатын. Өндірістің бірінші кезеңінде  ұнтақ түрінде өндірілген химиялық зат, екінші кезеңде түйіршіктелген түрінде өндіріле бастады. Әрине, экологтардың бұл өндіріс орнына деген өкпе-наздары бар екенін де ескерген жөн. Дегенмен, күлден кірпіш шығаратын жаңа технология қоршаған орта қорғаушыларының қаһарына ұшырамауы үшін  ғылыми сүзгіден өтпек.

Бек Темір

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу