Павлодарда өзіне-өзі қол салған полицейге қатысты жаңа деректер жарияланды

3683

Ішкі істер министрлігі тергеу ісіне қатысты жаңа мәліметтерді хабарлады.

Павлодарда өзіне-өзі қол салған полицейге қатысты жаңа деректер жарияланды

Павлодар облысында өз өмірін өзі қиған полиция қызметкері туралы іс жалғасын тапты. Еске сала кетсек, биылғы 5 шілдеде Ақсу қаласында Аспандияр Айтқазиннің мүрдесі табылған болатын: ер адам жергілікті полиция бөлімінің гаражында асылып қалды. Бастапқыда "тергеу мүдделері үшін" жұмбақ әрі тосын оқиғаның егжей-тегжейі жария етілмеген. Артынша оқиғаның кейбір жай-жапсарын жантәсілім еткен полицейдің туысқандары мәлімдеді. Енді құзырлы органдардың реакциясы белгілі болып отыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Осының алдында марқұмның туысы Ә.Смағұлова еліміздің Бас прокурорынан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысынан және Ішкі істер министрінен осы істің лайықты тергелуін жеке бақылауға алуды өтініп хат жазды. Жақын-жуықтарының байламынша, адал жар, асқар таудай әке, тілеулес туыс, жақын дос болған қырық жасар полиция қызметкері Аспандияр Бейсенбайұлын әлдекімдер өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізген. 

Марқұм ішкі істер органдарына ғұмырының 20 жылын арнаған екен. 2020 жылдың соңынан бері полиция майоры шенінде Ақсу қаласының полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары лауазымын атқарған.  

"Аспандияр заңды сыйлайтын азамат еді, антына адал болып, қызметінің ыстық-суығына шыдап, барлық қиындықтарын қайсарлықпен еңсеріп келді. Оның артында әйелі, 16 және 7 жасар ұлы, жаңа ғана 3-ке толған кенже қызы зар жылап қалды. 2021 жылдың басынан бастап, Аспандияр Ақсу полициясы бөлімінің жоғары тұрған басшылығы, сондай-ақ Павлодар облысының Полиция департаментінің басшылығы мен орынбасарлары тарапынан тұрақты түрде қоқан-лоққы, қорқытып-үркіту, намысына тию жағдайына душар болды. Өлер алдында ол Ақсу полициясы бөлімінің гаражында тұрып, өз ұялы телефонына соңғы үндеуін жазып қалдырған. Онда ол өз өліміне Павлодар облысының Полиция департаментінің Криминалды полициясының жоғары лауазымды өкілін айыптауды сұрап, оның аты-жөнін атаған", – дейді Әсемгүл Смағұлова.

Бейнежазбаны оның өзі көріп шығыпты.

"Видеоны мен Ішкі істер департаментіне барғанда өз көзіммен көрдім. Бұл Аспандияр өлгеннің ертесіне болды. Біз оның телефонын ашуға бардық, смартфон паролмен қорғалған болатын. Ақсу қаласы прокурорының орынбасары, тергеуші осыған куә болды. Мен солардың көзінше парольді енгізіп, ұялы телефонды аштым, сонда әлгі видеоны көрдік", – деген Әсемгүл полиция қызметкерлері тергеу амалдары мақсатында бейнежазбаны көшіріп алуға рұқсат етпегенін жеткізді. 

Ол құзырлы органдардан Айтқазинді суицидке дейін жеткізу ісін тергеуді Қазақстанның арнайы прокурорына жүктеуді сұрайды.

"Біз айыпты тұлғалар лайықты жазаға тартылмайды, ал өлім алдындағы видеоролик түріндегі заттай дәлелдеме жойылып кетуі мүмкін деп қауіптенеміз. Бұған қоса, Павлодар облысының Полиция департаментінде 2020 жылдан қазірге дейін полицияның үш қызметкері өз өмірін өзі қиғанына, тағы біреуі өзіне-өзі қол сала жаздағанына назар аудартқымыз келеді. Алайда оларға қатысты ешқандай тергеп-тексеру жүргізілмеді. Істер мұқият тергелмеді. Қаза тапқандардың туыстары әділдікке қол жеткізе алмады. Жоғары тұрған басшылықтың үркітуіне, доңайбатына қашанғы төзе беруге болады? Жоғарыдағы жауапты тұлғалар ден қоюы үшін тағы қанша тәртіп сақшысы ажал құшуы керек?!", – деп ашынады Аспандиярдың туыстары.

Бұл сұрақтарға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз блогы арқылы жауап берді. Ол А.Айтқазиннің туыс-туғандарының "оны өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі" бойынша қылмыстық істі объективті тергеу туралы шағымы қаралғанын жеткізді.

"Аталған қылмыстық іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің өндірісіне алынды. Тергеу қорытындысында Павлодар облысының Полиция департаментіндегі лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады", – деді ІІМ басшысы.

Сонымен бір мезгілде Павлодар облысының Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы да қызметтік тергеу жүргізіп жатқаны анықталды. 

Министр осы өңірдегі полицейлер қатарындағы суицидтермен байланысты өзге фактілерге тоқталды.

"Жалпы, 2021 жыл басталғалы, облыста осындай екінші жағдай орын алып отыр. Қос факті бойынша да Қылмыстық кодекстің "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" деп аталатын 105-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда оның біреуі бойынша өндіріс тоқтатылды. Бұған Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабының 1-бөлімінің 2-тармақшасы, яғни іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы себеп. Аталған шешіммен қадағалаушы орган, прокуратура келісті", – деді Е.Тұрғымбаев.

Өмірден өткен ақсулық полицейдің жұбайы Мейрамгүл Айтқазина осының алдында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдаған болатын. Ол Мемлекет басшысынан осы істің тергелуін жеке бақылауына алуын және видеожазба түріндегі айғақтың жойылып кетуіне жол бермеуін өтінді.

Аспандияр Айтқазин 8 шілдеде туған жері – Павлодар облысының Май ауданында арулап көмілді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу