Павлодар облысының барлық аудан-қалаларында шағын индустриалдық аймақтар құрылады. Мақсат – стартап-жобаларға өндірістік орындар ұсыну. Осылайша, кәсіпкерлерге қолдау көрсету көзделген. Яғни, кәсіпкерлікке енді ден қойған павлодарлықтар өндірістік орынды тегін пайдаланады. Оның арендасына ештеңе төлемейді. Тек, коммуналдық қызметтердің шығынын жауып отыруға ғана міндетті.
Павлодар облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасановтың сөзінше, қазірдің өзінде мұндай шағын индустриалдық аймақтар Екібастұз қаласында және Аққулы мен Май аудандарында жұмыс істеп тұр.
"Тамыз аяқталғанша, жеті аймақты іске қосамыз. Олар Павлодар мен Ақсу қалаларында, сондай-ақ Баянауыл, Железин, Павлодар, Тереңкөл және Успен аудандарында ашылады. Бұдан бөлек, қараша айына дейін Ақтоғай, Ертіс және Шарбақты аудандарының кәсіпкерлері де шағын индустриалдық аймақтың игілігін көре бастайды", – дейді Жайық Хасанов.
Осылайша, шағын индустриалдық аймақтарда 73 стартап-жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Олардың базасында 150 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
Еске сала кетейік, алғашқы шағын индустриалдық аймақ Екібастұз қаласында ашылған болатын. "Өркен" деп аталатын аймақ бұрынғы наркодиспансердің ғимаратына орналасқан. Қазір мұнда 18 кәсіпкер жұмыс істеп жатыр. Олар бес жыл бойы тек коммуналдық шығындарды ғана төлейді. "Өркен" шағын индустриалдық аймағын ұтымды пайдаланып отырғандардың қатарында бес көпбалалы ана мен бір мүмкіндігі шектеулі адам бар.
"Павлодар қаласынан шағын индустриалдық аймақ ашу үшін автобус паркі ауданынан екі қабатты ғимарат таңдалып алынды. Тамыз айының соңында ашылады. Өндірістік орынға арендалық ақы төлемей, тек коммуналдық шығындарды ғана өтеу үшін арнайы конкурс жарияланады. Кәсіпкерлер соған қатысып, бақтарын сынайды. Павлодар қаласында шағын және орта бизнес субъектілері өте көп. Сондықтан Павлодар қаласының әкімдігіне тағы бір шағын индустриалдық орталық ашуды ұсындық. Мұндай орталықтарға деген қызығушылық өте жоғары. Павлодар қаласындағы екінші орталыққа да ғимарат таптық. Оны құру туралы мәселе қыркүйек айына дейін шешіледі", – дейді Жайық Хасанов.
Сондай-ақ, Ақсу қаласында бірден екі шағын индустриалық аймақ ашылады.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Фархат Әміренов