Павлодар қаласындағы "Спорт-Сити" ауданында екінші болып пайдалануға берілген жабық манеждің тұсауын облыс әкімі келіп кесті. "Біздің облыста 19 мыңға жуық жас жеткіншек футболмен айналысады. Бірнеше жылдың ішінде біз облыс көлемінде 15 футбол алаңын соғып үлгеріппіз. "Ертіс" командасының бұрынғы даңқты кезін қайта келтіруіміз керек, - деді облыс басшысы Болат Бақауов.
Сонымен қатар құттықтау сөзінде әкім мырза жуырда жеңіл атлетикалық залдың және мұз айдынының, баскетбол және скейтборд алаңқайларының ашылатынын жеткізді. Ал футбол манежінің құрылысы 1,4 млрд.теңгені құраған. Құрылысты жүргізген "Тараз Құрылыс Инвест" компаниясы нысананы мерзімінен бұрын аяқтап, Тәуелсіздік күніне тарту етуге тырысыпты. Бұл кешеннің құрылысына кеткен қаржыны "ERG" компаниясының демеушілік қоры төлеп отыр.
Ермұхамед Мәулен