"Павлодарда" жыл соңында дейін сегіз жоба іске қосылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
15708

Пандемияға қарамастан, "Павлодар" арнайы экономикалық аймағындағы жобалардың құрылысы жалғасып жатыр. 

"Павлодарда" жыл соңында дейін сегіз жоба іске қосылады Фото: Валерий Бугаев

Бүгінде арнайы аймақтың инвестициялық қоржынында құны 211 млрд теңгені құрайтын 25 жоба бар. Оның 13-і әлі іске қосылған жоқ. Биыл жыл соңына дейін 13 млрд теңгеге 8 жобаны іске қосу жоспарлануда. Атап өтерлігі, олардың дені былтырғы жылдан ауысқан жобалар. Өткен жылы жоспарға сәйкес 9 жоба іске қосылуы керек еді. Алайда, тек екі жоба ғана жүзеге асырылды. Осылайша, қалған 7 жоба 2020 жылдың жоспарына енді. Осы жылды жоспарға тағы үш жаңа жоба қосылып, барлығы 10 жобаны құрады. Енді сол 10 жобаның 8-і ғана іске асырылмақ.

2020 жылы іске қосылатын жобалардың қатарында "Северхим" кәсіпорны да бар. Бұл компания 2017 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған еді. Кәсіпорын мазут және мұнай өндірісінен қалған басқа да қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады. Жобаның құны – 1,2 млрд теңге.

Арнайы аймақта жұмыс істеп тұрған компаниялардың бірі – "Вектор Павлодар" ЖШС. Компания алюминий дискілерін шығарады. Жобалық қуаттылығы – жылына 1 млн алюминий дискісін шығару. Мұнда өндірілетін өнімнің тең жартысы Ресейге экспортталады. Ресейліктер өнімді бояп, өнімге соңғы штрихтарын енгізіп, дайын тауар ретінде ұсынады. Қазір "Вектор Павлодар" өндірісті кеңейтіп жатыр. Кәсіпорынның жаңынан дискілерді бояйтын цех салынуда. Осылайша, компания Ресейге жалтақтамай, алюминий дискісін өндірудің толық циклін өз жерімізде жүзеге асыратын болады. Бұл үшін серіктестік 5 млрд теңге жұмсамақ.

"D&P" компаниясы арнайы экономикалық аймақта дезинфекциялау құралдары өндірісін іске қоспақ. Бұл арнайы аймақта дәл осы бағытта қолға алынған екінші жоба болмақ. Бұған дейін "Бо-На" ЖШС дезинфекциялау құралдарын шығаруды қолға алған еді. Бұл компания нарыққа дезинфекциялау құралдарының 30 түрін ұсынып отыр. Қазіргі коронавирус пандемиясымен күресуде "Бо-На" өндірген өнімдердің пайдасы көп тиюде. "D&P" ЖШС жобасының құны – 300 млн теңге. Жылына 315 тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр.

Болашақ жобалардың қатарында "Қазмұнайхим" ЖШС-да бар. Мұнда бензин қоспасы өндірілмек. Кәсіпорын өндіріске қажетті жабдықтарды Италиядан әкелетін болады. Жалпы, "Қазмұнайхим" италиялық технология бойынша жұмыс істейді деп күтілуде. Өндіріске қажетті мұнай қалдықтары Павлодар мұнай-химия зауытынан алынбақ. Бұл бензин қоспасын өндіретін Қазақстан аумағындағы алғашқы кәсіпорын болмақ. Инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Жылдық қуаттылығы 35 мың тоннаға тең.

Арнайы аймақтағы "Ascor" ЖШС ауызсуды тазалауда қолданатын композитті коагулянт өндірмек. Ол үшін алюминий ұнтағы, су және концентрацияланған тұз қышқылы пайдаланылады. Былтыр жоба құрылтайшысы Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің 478 млн теңге көлеміндегі грантын ұтып алыпты. Бұл ретте, жобаның жалпы құны шамамен 1 млрд теңгеге жуық. Кәсіпорын жылына 13 мың тонна коагулянт өндіруді жоспарлап отыр. Себебі, қазіргі уақытта Қазақстанның аталған өнімге деген ішкі сұранысы осыншама көлемге тең екен. Әзірше елімізде мұндай компания жоқ.

"Өндіріске жергілікті шикізаттарды пайдаланатын боламыз. Арнайы аймаққа жақын орналасқан "Каустик" кәсіпорны мен Павлодар алюминий зауыты негізгі жеткізушілеріміз болмақ. Бұл – ұзақмерзімді жоба. Сондықтан, жеті жылдың ішінде өзін ақтап алады деген сенімдеміз", – деген болатын былтыр "Ascor" ЖШС-ның атқарушы директоры Татьяна Бушина.

Әуелде кәсіпорын 2020 жылдың екінші тоқсанында ашылады деп жоспарланған болатын. Алайда, италиялық жабдықтарды жеткізу бойынша қиындықтар туындап, жобаны іске қосу уақытын 2020 жылдың үшінші тоқсанына жылжытты.

Сол секілді мырышталған бұйымдар өндіретін "Ross Dorcom KZ" ЖШС-ның да іске қосу мерзімі ұзартылды. Мұнда ТМД аумағындағы ыстық мырышқа арналған ең үлкен ванна жеткізілмек. Болашақ кәсіпорын жылына 60 мың тонна өнім өндірмек. Өндіріс қалдықсыз жұмыс істейтін болады.

Биыл қосылуға тиіс жобалардың қатарында белсендірілген көмір шығаратын "RTF ACTICA" ЖШС (құны – 1 млрд теңге, қуаты – жылына 15 мың тонна өнім), микросфера өндіретін "KazCenosphere’s" ЖШС (құны – 1,5 млрд теңге, қуаты – жылына 12 мың тонна өнім) және шөмішке арналған тістер шығаратын "PromSteel" ЖШС (құны – 500 млн теңге, қуаты – жылына 1,44 мың тонна өнім) бар.

Еске сала кетейік, "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы 2011 жылы құрылған болатын. Ол 3,3 мың гектар жерді алып жатыр. Қазірге дейін арнайы аймақта 12 кәсіпорын іске қосылды. Мұндағы кәсіпорындар 30 түрлі өнім шығарады. Оның 16-сы шетелге экспортталады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша "Павлодар" кәсіпорындары 43,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1,6 есе жоғары. Сондай-ақ, өткен жылы кәсіпорындар 2,2 млрд теңге көлемінде салықтық төлемдер аударған.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу