Павлодарда жылу желілері тозып тұр

Соның салдарынан жылумен, ыстық сумен қамтуда проблемалар жиі кездеседі. 

Павлодарда жылу желілері тозып тұр

Облыс орталығындағы жылу желілері жыл сайын ескіріп барады. Оларды жаңарту үшін бір жылда кемінде 15 шақырым құбырды жаңарту керек. Бірақ оған монополист компания мен жергілікті биліктің қауқары жетпейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар қаласында осыдан бір апта бұрын жылу маусымы аяқталып, гидравликалық сынақтар басталды. Бүгінде қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан, №2 және 3 жылу-электр орталықтарына қосылған тұрғын үйлер мен әлеуметтік, бизнес нысандарда ыстық су жоқ. Бұл ретте "Павлодар жылу желілері" ЖШС өкілдері сынақтар құбырдың тағы бір бөлігі ескіргенін көрсетті дегенді алға тартып отыр.

"Былтыр магистральдік желілердің 85%-ы, орамішілік құбырлардың 87%-ы тозған болса, биыл бұл көлем 87-88%-ға дейін жетті. Тарифтік төлемдер есебінен олардың 2,5 шақырымы ауыстырылады", – деп хабарлайды "Павлодар жылу желілері" ЖШС.

Атап айтқанда, қазіргі таңда облыс орталығындағы жылу желілерінің 140 шақырымға жуығының әбден тозығы жеткен. Оның ішінде магистральдік құбырлардың жағдайына "ПавлодарЭнерго" АҚ, орамішілік желілерге жергілікті әкімдік жауапты екенін атап өту керек.

Павлодар облысының билігі мен "ПавлодарЭнерго" АҚ жалғыз акционері – Орталық Азия Электр энергетикалық Корпорациясы осы түйткілдерді тарқату үшін алғаш рет меморандум жасады. Соған сәйкес, жылу желілерін жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі жол картасы дайындалды.

Аймақ басшысының бірінші орынбасары Олег Круктың сөзінше, бұл бағдарлама құбырларды жаңартумен қатар, алдағы уақытта туындауы мүмкін тапшылықты жояды.

"Жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен бизнес орталықтарды жылумен қамтуға қазіргі қауқарымыз жетпейді. Сондықтан станцияларды, желілерді жаңғырту ісін уақыт оздырмай қолға алу қажет. Айталық, алдағы бес жыл аралығында барлығы 127 шақырым желіні күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар", – дейді Олег Крук.

Сонымен қатар жөндеу бригадаларының саны 12-ден 30-ға дейін көбеймек. Осы іспетті жұмыстардың жүргізілгені жақсы-ақ. Бірақ гидравликалық сынақтар мен олардың барысында анықталған ақауларды жою кезінде қалалықтар айлап ыстық сусыз отыратын "дәстүр" бар. Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов биыл оның үзілеріне сендіріп отыр.

"Былтыр гидравликалық сынақтар кезінде 500-ден астам учаскеден ақау шыққан еді. Биыл да шамамен осы көлемде болуы мүмкін. Сынақты бір жарым ай аралығында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл ыстық сусыз қалу мерзімінің едәуір қысқаратынын білдіреді. Өткен жылы 608 тұрғын үйде екі айдан астам уақыт ыстық су болған жоқ. Биыл тек 42 үй ыстық судан бірнеше айға ажыратылады", – дейді қала әкімі.

Жұмысты жылдамдату үшін жергілікті әкімдік бюджеттен тағы жарты миллиард теңге бөлді. Бұл сома гидравликалық сынақтың ақауларын жоюмен айналысатын мердігерлерге беріледі. Монополист компания жоспарлы күрделі жұмыстарын жүргізіп жатқан тұста басқа мердігер ағымдағы істерді қолға алмақ. Сол арқылы жөндеу мерзімін едәуір қысқарту көзделіп отыр. Мұндай жаңа жүйенің қаншалықты тиімді боларын уақыт көрсетер. Тұрғындардың басты тілегі – ала жаздай ыстық сусыз отыратын кездің келмеске кетіп, қара күзден көктемге дейін пәтерлерде бүрсең қақпауы.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу