Павлодардағы екі қабатты үйдің төбесі опырылып түсті

1201

Бірақ әкімдік ескі баспананы апаттық жағдайда деп тануға асықпайды. 

Павлодардағы екі қабатты үйдің төбесі опырылып түсті

Облыс орталығындағы Затон шағын ауданында өткен жылдың 60-ыншы жылдары ағаштан салынған 15 шақты екі қабатты үйлер бар. Олар құлаудың шақ алдында тұрса да жергілікті билік ескіні сүріп, жаңасын салуға асығар емес, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Таяуда сондай үйлердің бірінің төбесі құлады. Генерал Дүйсенов көшесінің бойында орналасқан №383 үйдің тұрғыны Айнаш Арқаева абырой болғанда балалармен далаға жүгіріп шығуға үлгергенін айтады.

"Осы пәтерді 15 жыл бұрын сатып алған едік. Сол тұста бұл баспаналардың жағдайы әлдеқайда жақсы болатын. Кейін уақытша салынған пәтерлер қауіп тудыра бастады. Күнде төбе үстімізге құлай ма деп қорқамыз", – дейді Айнаш Арқаева.

Галина есімді тұрғын да әр күннің күдікпен өтетінін айтады.

"Балалар сабақтан, біз жұмыстан келгенде үйімізге кіре алмай қаламыз ба деген уайым болады. Қабырғасы бар демесеңіз, тұрғын үй деп ауыз толтырып айтуға келмейді. Барар басқа жеріміз болмағандықтан, осында тұруға мәжбүрміз", – дейді ол.

Тұрғындар базынасын айтып билікке бірнеше рет барғанымен, үйлерді сүру, орнына жаңасын салуға қатысты іс қолға алынар емес. Тіпті, екі қабатты бұл үйлерде орталық жарық желілерінен басқа ештеңе жоқ. Төменгі және жоғарғы қабатта тұратын адамдар пеш жағып жылынады. Оның өзінде ыс тиіп, уланып қаламыз ба деген қауіптен отты жиі жақпайды. Тек ара-тұра электр құралдарын қосады. Олар күні-түні қосулы болса, ай сайын жарық үшін кемінде 20 мың теңге төлейді. Суды сол маңдағы құдықтардан алады. Дәретхана да далада орналасқан. Қала деген аты бар демесеңіз, өркениеттен ада жатыр.

Ескі үйлердің иелеріне игілік жақын уақытта жетпейтін сияқты. Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова баспаналар апаттық жағдайда деп танылуы үшін тұрғындардың өздері сарапшылық бағалау мен техникалық қорытынды жасауы тиіс екенін айтады. Ал әкімдік тарапынан жаңа үйлер жақында берілмейді. Қазіргі уақытта бұл аудандағы баспаналардың орнына басқа тұрғын үйлер салу үшін инвесторлар іздестірілуде. Алайда кәсіпкерлердің құрылысқа кірісуге құлқы жоқ. Бұл уақытта екі қабатты 15 үйдегі пәтер тұрғындары қауіпті жағдайда өмір сүруге мәжбүр.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу