Павлодардағы инфекциялық бөлім қолданысқа қашан беріледі?

1458

Мердігерлер жұмысты тапсыру мерзімін тағы да шегерді. 

Павлодардағы инфекциялық бөлім қолданысқа қашан беріледі? Фото: Валерий Бугаев

Былтыр Павлодар қаласындағы Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухана жанынан инфекциялық бөлімнің құрылысы басталған еді. Алайда өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс болған нысан әлі күнге дейін ашылған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысында короновирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты емес. Былтыр да, биыл да өңір бірнеше ай бойы "қызыл аймақтан" шыққан жоқ. Сондықтан жағдайды тұрақтап, науқастарға дер кезінде ем-дом көрсету үшін қосымша инфекциялық бөлім салу ұйғарылды. Десе де, оның елге көмегі болмай тұр.

Емдеу мекемесінің құрылысына қазынадан 1 млрд 179 млн теңге бөлінді. Мердігер компания ретінде бұған дейін бірде-бір әлеуметтік нысанда салмаған "Мехколонна №59" ЖШС анықталды. Бұған дейін тек энергетикалық нысандар құрылысымен айналысқан бұл компания өзіне жүктелген міндетті атқара алмай отыр. Жергілікті биліктің де қыспаққа алар түрі жоқ. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов құрылыс алаңына бірнеше рет барып, ескертулер берумен шектелді. Жергілікті құрылыс басқармасы да компанияның кемшіліктеріне көз жұма қарап отыр.

Әу баста инфекциялық бөлімше өткен жылдың желтоқсанында берілуге тиіс еді. Одан соң құрылыс материалдарының толық жеткізілмеуін сылтауратып, жұмысты осы жылдың шілдесіне шегерді. Шілде де құрал-жабдықтардың толық келмегенін алға тартып, тамызда аяқтауға уәде берді. Енді кейбір құжаттарға қол қойылмағанын уәж етіп, осы жылдың соңына дейін тапсыруға сөз беріп отыр. Бірақ бұл нақты мерзім бе, әлде медициналық мекеменің құрылысы "мұрнына бармайтын" мердігердің кезекті сылтауы ма, беймәлім.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов қазіргі күрделі жағдайда инфекциялық бөлімшенің ауадай қажет екенін айтады.

Сондықтан облыстың бас дәрігері жүйелі түрде нысанға барып, жұмыстың барысымен танысатын көрінеді.

"Бұған дейін депутаттар бірқатар кемшілікті анықтағаны белгілі. Инженерлік желілерді жүргізу, жарықтандыру, линолиум төсеуге дейін сын-ескертпелер болды. Бүгінде мердігер оның бәрін жойып, жағдайды реттеді. Құрылыс басқармасы нысанды қабылдап алған соң бірден санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарын шақырамыз. Олар тиісті қорытынды берсе, 60 орындық бөлімшенің жұмысын 20 желтоқсаннан соң бастаймыз", – дейді Айдар Сейітқазинов.

"Мехколонна №59" ЖШС сылбыр жұмыс істеп жатқан құрылыс алаңы бұл ғана емес. Облыстық мәслихат депутаты Александр Терентьев жыл басынан бері ерекше бақылауға алынған 20-дан астам нысанның жартысына жуығы дәл осы мердігерге тиесілі екенін атап өтті.

"Тапсыру мерзімінен кешігіп жатқан нысандарға жиі барып, кемшілікті анықтап, оларды жою барысын бақылаймыз. Бұл ретте "Мехколонна №59" компаниясының жұмысы сын көтермейтінін айту керек. Бұған дейін әлеуметтік нысандар құрылысымен мүлде айналыспаған кәсіпорынның бір емес, бірнеше нысанға қатысты мемлекеттік конкурста қалай жеңіске жеткені түсініксіз. Аталмыш мердігер жұмыс жүргізіп жатқан инфекциялық бөлімше, Жетекші ауылындағы шағын орталық пен мектеп, Мойылдыдағы мектептің қосымша ғимараты барлығы уақытылы тапсырылмай отыр. Өкінішке қарай, балалар мектепке барған жоқ, емделушілер тиісті қызмет алған жоқ. Сондықтан бұл құрылыс-монтаждау фирмасына қатысты тиісті шаралар қолданылуы тиіс деп ойлаймын", – дейді депутат.

Алайда құрылыс басқармасы бұл компанияны "жосықсыз мердігер" деп тану үшін сотқа шағым түсіруге асығар емес. Ал бұл тұста әлеуметтік маңызы зор мекемелердің құрылысы қай уақытта аяқталары беймәлім.

Ажар Дәулетова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу