Павлодардағы онкологиялық орталықтың құрылысына 11,8 млрд теңге жұмсалды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4337

Қатерлі ісік ауруларымен "көш батсап" тұрған өндірістік өңір дәл осындай медициналық мекемеге мұқтаж еді.  

Павлодардағы онкологиялық орталықтың құрылысына 11,8 млрд теңге жұмсалды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Павлодарда онкологиялық орталық ашылды. Орталық 200 орынға шақталған. Сондай-ақ 100 адамға шақталған емханасы бар.

Нысанның құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге жұмсалды. Сонымен қатар, орталыққа қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға облыстық бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, заманауи желілік үдеткішті сатып алып, орнатуға республикалық қазынадан қосымша 1,8 млрд теңге қаржы аударылды. Сонда орталыққа жұмсалған жалпы қаржы көлемі 11,8 млрд теңгеге тең.

Орталықта компьютерлік томограф, магниті-резонанстық томограф, эндоскопиялық құрал-жабдықтар, С-доғалы рентген құрылғысы, кіші инвазивті операциялар жүргізуге қажетті радиожиілікті абляция аппараты мен эндобейнехирургиялық құрал-жабдықтар сатып алынып, орнатылды. Жаңа технологиялардың арқасында толық сәулелі терапияны бар-жоғы үш күннің ішінде алуға боалды.

Павлодар өндірісті өңір болғандықтан, соңғы жылдары облыста қатерлі ісік ауруларына шалдығатындардың саны күрт өсті. Сондықтан жаңа онкологиялық орталыққа деген сұраныс та артқан еді. Павлодар қаласында онкологиялық аурухана жоқ емес, бар. Бірақ, аурухана 1961 жылы салынған ғимаратта орналасқан болатын. Мұнда тек үш операциялық орын ғана бар. Оның үстіне бұл ғимарат онкологиялық мақсатқа арналмаған.

"Мұндай мекеменің ашылуын көп күттік. Енді мыңдаған адам сапалы медициналық көмек алатын болды. Орталықта қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Бір жыл ішінде облыстағы мамандар шамамен 1,5 мыңдай ота жасайды. Бір мыңнан астам адам ем-шара терапиясынан өтеді. Орталық алдағы уақытта да заманауи құрал-жабдықтармен қамтылатын болады", – дейді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қатерлі ісік ауруларынан 100 мың адамға шаққанда Солтүстік Қазақстан (289), Қостанай (268) және Павлодар (263) облыстары "көш бастап" тұр.

Қазіргі уақытта Павлодар облысының онкологиялық ауруханасында 11 мыңнан астам адам есепте тұр. Жыл сайын дәрігерлер 2 мыңға жуық науқасты алғашқы тіркеуге алады. Павлодар облысы Статистика департаментінің мәліметінше, өткен жылы облыста 920 адам қатерлі ісік ауруынан қайтыс болған. Бұл ретте, өлім-жітім 7%-ға төмендеген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу