Павлодардағы су тасқыны "қайық үстінде есеп беретіндей" жағдайда емес

Бек Темір Бек Темір
4112

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпарға сенсек, қар суынан республикалық және облыстық маңызы бар  көлік жолдарында 5 су шаю дерегі тіркелген.  

Павлодардағы су тасқыны "қайық үстінде есеп беретіндей" жағдайда емес

Бұрнағы күні су шайып кеткен Баянауыл-Майқайың бағытындағы тас жол 5 сәуір күні таңертең қалпына келтірілді. Жалпы су шайып кеткен жабын 30 метрді құраған. Көлік қатынасын қалпына келтіру мақсатында апат орнында диаметрі 1,2 м құрайтын су өткізу құбыры төселіп, 3 мың текше метр топырақ жеткізілген. Қазіргі таңда Баянауыл мен Майқайың кентінің арасындағы тас жол ашылды. Еске сала кетерлігі, бұрнағы жылы да облыста осындай жағдай орын алып, аймақ басшылығы төтенше жағдайлар органдары мен аудан әкімдерінің екі аяғын бір етікке тыққан. Қолдан келгенше қолғабыс жасалып, апат төндіреді деген жол бөліктеріне су өткізетін құбырлар салынған еді. Ең қызығы жыл сайын келеңсіздіктер орын алып жатса да, облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар берілсе де, әр көктемде тиісті жауапты органдар қайықтың үстінде есеп беретін осындай жағдайға тап болады. Биыл да сол жағдай қайталанып отыр.   

Жалпы биылғы қыс Павлодар аймағы үшін қарлы болды. Оның деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары мөлшерді құрап, кей өңірлерде азығын тебіндеп табатын жылқы түлігі де қораға қамалды.  Қаланың ішіндегі қар қоғамда қызу талқыланып, ақыр аяғында сыртқа шығарылды. Ал ауыл-аймақтардағы ахуал тіптен қиын. Қардың қалың жауғандығы соншалық, көліктер күре жолда керуен тартқандай туннельдермен жүруге мәжбүр болды. Соның әлегі енді келіп отыр. Өткен айдың соңында күн арқаны қыздырып еді, Баянауыл, Май аудандары мен Ақсу қаласында еріген қар жолға шығып кетіп, көпшілік әбігерге түсті. Тіпті Май-Дегелең темір жолын да су шаю қаупі туындап, пойыздардың қозғалысын тығырыққа тіреді. Бүгінгі таңда қар суының зардаптары жойылып, қозғалыс қалпына келтірілген сыңайлы.

Айтпақшы жақында облыс әкімі Болат Бақауов қар суының "қаһарына" тап болған Баянауыл ауданына арнайы барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтқан болатын. Ол Жаңажол ауылдық округіменен Ескелді шатқалы арасындағы тас жолды су бұзып кетпеуін қадап тапсырған еді. Тіпті тәулік бойы кезекшілік құруды да жүктеді. Сонымен қатар Көкдомбақ, Қараащы, Теңдік секілді ауылдарға ат басын бұрып, көктемгі су тасқынына тосқауыл қою талаптарын пысықтаған. Май ауданында да кейбір ауылдар "шықпа жаным, шықпаның" күйін кешіп отыр. Әзірге жағдай тұрақты.

Дегенмен аймақта көктемгі қар суының әлегі енді басталғанын естен шығармау қажет. Себебі қар әлі соңына дейін еріп біткен жоқ. Мұның үстіне Қарағанды облысынан келетін су мен Ертістің тасуын қосыңыз. Бұл айылды босатуға әлі ерте деген сөз. "Құдай сақтансаң ғана сақтайды" дегенді ұстанған жауапты органдар дегбірсізденіп бес қаруын сайлап отырғаны анық.  Сол бес қарулары қауқарлы болса жақсы. Әйтпесе биылғы тілсіз жаудың беті жаман.

Бек Темір, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу