Павлодардың "Денсаулық" саябағындағы ағаштар жаппай кесіле бастады

2684

Саябақтың аумағына Forte Bank жаңа ғимарат салмақ. 

Павлодардың "Денсаулық" саябағындағы ағаштар жаппай кесіле бастады

Өткен жылдың қыркүйек айында облыс орталығындағы "Денсаулық" деп аталатын саябақтың бір бөлігі сатылымға шығарылды. Аталмыш демалыс орны 2012 жылы Қазақстан мен Ресейдің Павлодарда өткен ІХ өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында пайдалануға берілген еді. Сол тұста бұл саябаққа көшеттер отырғызып, кеспетастар төсеп, жарықтандыру желісін жүргізіп, орындықтар қойып, ХІХ ғасырдың көрнекті тұлғалары – Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанинге ескерткіш орнатуға мемлекет қазынасынан 111,019 млн теңге жұмсалды.

Ал былтыр күзде бюджеттік қаржыға салынған саябақтың аумағы сатылатын болды. Аукцион қорытындысы бойынша "Forte Bank" АҚ 0,35 гектар жерді небары 1 млн 34 мың теңгеге сатып алды. Нақтырақ айтқанда, жер телімі жерді уақытша пайдалану құқығы негізінде үш жылға сатылды. Енді бұған дейін жұртшылық демалып, серуендейтін аумақта екінші деңгейлі банк филиалының ғимараты бой көтереді. Ал қаржы институты меншіктеп алған аумақты темірмен қоршап, ондағы ағаштарды жаппай кесе бастады. Бұл жайт павлодарлықтардың наразылығын тудырып отыр.

"Ел игілігіне берілген саябақты сату – биліктің біржақты шешімі ғана. Тұрғындардың ой-пікірі назарға алынуға тиіс қоғамдық тыңдау өткен жоқ. 0,35 гектар аумақтың тым арзанға бағаланғаны да жанды ауыртады. Егер қалалық әкімдікке 1 млн теңге керек болса, оны павлодарлықтар да жинап берер еді. Есесіне, табиғи байлығымыз өз қалпын сақтап қалған болар еді. Банк филиалын салуға жер беру қажеттілігі соншалық маңызды болса, неге ескі үйлерді сүрмейді? Біздің есебімізше, аумақты темірмен қоршау кезінде оннан астам ағаш кесілді. Ғимаратты тұрғызу үшін тағы 50-ден астам тал жойылады. Ал оларды кесуге берілген рұқсат қағазды көрген емеспіз", – дейді жергілікті эколог Татьяна Пономарева.

Құрылыс барысында қайың, үйеңкі, қарағай, шырша және алма ағаштары кесіледі. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Ермұрат Нұрханов компенсациялық көшеттердің отырғызылатынын айтты.

"Денсаулық" скверінің жалпы аумағы – 1,4238 гектар және мұнда 713 ағаш бар. Банк ғимаратының құрылысына 0,35 гектар жер берілді. "Forte Bank" АҚ-нан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне 51 ағашты кесу және 19 талды басқа жерге отырғызуға қатысты өтініш түсті. Көріктендіру ережесіне сәйкес, банк кесілген бір ағаштың орнына бес тал егуге тиіс. Яғни, қаланың аумағында 255 көшет отырғызуға міндетті", – дейді Ермұрат Нұрханов.

Десе де, жасыл желектің жағдайына алаңдаған бір топ тұрғын банктің мұндай игілік жасайтынына күмәнмен қарап, ағаштың кесілуіне жол бермеуге бекінді. Тіпті, бастамашыл топ құрылып, тұрғындардан банктің әрекеттерін тоқтату мақсатында қол жиналуда. Бүгінгі күнге дейін 1 мыңға жуық павлодарлық саябақты сақтап қалу үшін қол қойыпты. Ал бірнеше күн бұрын тұрғындарға тәртіп сақшыларын шақыруға тура келді. Себебі, белгісіз біреулер "Денсаулықтағы" ағаштарды кесуге кірісіп кеткен. Екінші деңгейлі банк өкілдерінің оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлеріне көрсетер құжаттары болмай шықты.

"Компания ағаштарды кеспес бұрын олардың орнына жаңа көшеттерді отырғызуға тиіс еді. Сквердегі талдардың шабылуы заңды ма, жоқ па оны анықтаймыз. Аталмыш факт бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде", – деді Павлодар қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қаптаев.

Сөйтіп, полицияның араласуымен құрылыс алаңына орын дайындау ісі уақытша тоқтады. Кейін белгілі болғандай, аталмыш аумақта болған жүк көліктерінің иелеріне қатысты әкімшілік іс қозғалған.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу