Новосібір облысынан келген делегация құрамында инфекционистер, пульмонологтар, терапевтер мен реаниматологтар бар. Барлығы – сегіз дәрігер. Олардың Павлодарға келудегі басты мақсаты – коронавирус инфекциясымен күресуде өзара тәжірибе алмасу және аурудың мүмкін-ау деген жаңа толқынына дайындықты пысықтап, ұсыныстар әзірлеу.
Атап өту керек, ресейлік дәрігерлер Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пен Новосібір облысының губернаторы Андрей Травниковтың келісімі бойынша келіп отыр.
"Новосібірлік әріптесіме осындай дәрігерлер тобының Павлодарға келуіне қолдау көрсеткені және көмектескені үшін ризамын. Бізге сырттың сыни әрі кәсіби көзқарасы маңызды. Новосібір медицина қызметкерлерінің мықтылығымен аты шыққан өңір. Сондықтан, бұл сапар қос тарапқа да пайдалы әрі тиімді тәжірибе алмасуға ықпал етеді деп сенемін", – деді дәрігерлер делегациясын қабылдаған Әбілқайыр Сқақов.
Новосібірден келген дәрігерлер пандемия жағдайында өздері қабылдаған бірқатар шаралар туралы айтып берді. Жүрек-қан тамырлары патологиясы бар COVID-19 жұқтырған науқастарға кардиодиспансер, ал коронавирус расталған босанатын әйелдерге акушерлік көмек көрсету үшін перзентхана бөлінген екен. Балалар үшін жеке аурухана ұйымдастырылған.
"Біз амбулаторлық буынның жұмысын жолға қойды. Төсек-орын қорының жетіспеушілігіне байланысты, біз симптомсыз және аурудың жеңіл түрімен ауыратын үйде емделуге мүмкіндігі бар науқастарды ауруханаға жатқызбаймыз. Оларды учаскелік дәрігерлер мен көмекшілері арнайы мобильді қосымша арқылы бақылап отырады. Бізде күндізгі стационарлар жоқ", – дейді Новосібір облысының бас инфекционисті Лариса Позднякова.
Ресейлік дәрігерлер делегациясы Павлодардағы Сұлтанов атындағы облыстық аурухана жанындағы жұқпалы аурулар ауруханасына, өңірлік кардиологиялық орталыққа, №1 қалалық аурухананың перзентханасының хирургиялық корпусына, №3 қалалық аурухананың провизорлық стационарына және №4 емханаға барады. Новосібір эпидемиологтары вирусологиялық зертхананың жұмысымен танысады. Дәрігерлер, сондай-ақ Екібастұз және Ақсу провизорлық стационарларына барады.
"Біз жемісті жұмыс істеуге ниеттіміз. Павлодарлық әріптестерімізбен клиникалық-емдеу жұмыстарын талқылау, кейбір науқастарды қарау, өңірдегі аурудың ауыр жағдайлары бойынша консилиум өткізу жоспарда бар", – дейді Лариса Позднякова.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Фархат Әміренов