18 жасқа дейінгілер арасындағы додада жеңіске үміткер ретінде әуел бастан-ақ Түркияның Istanbul ENKA High School өкілдері саналып, екі кезеңнен кейін олар қатарынан екі рет таза жеңіске қол жеткізді. Бқл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Одан кейінгі орынға қазақстандық Республикалық физика-математика мектебінің шахматшылары орналасып, көшбасшылардан жарты ұпай ғана қалып қойды. Үздік үштікті Үндістаннан келген мектеп оқушылары түйіндеді. Сондай-ақ үздік ондыққа Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінің және №71 мектептің командалары енді. 12 жасқа дейінгі санатта екі турдан кейін Павлодардағы дарынды балаларға арналған №8 лицейдің балалары көш бастап тұр, бұл ретте екінші айналымда жеребе оларды Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 Шымкент IT-лицейінің тағы бір қазақстандық командасымен кездестірді. Екінші орында - Үндістан құрамасы, одан кейін - Перу командасы.
Турнирге әлемнің 53 үш елінен барлығы 400-ге жуық оқушы қатысып жатыр. Қазақстан атынан алты қаланың – Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент және Павлодар қалаларының 10 мектебі бар.
Бір күн бұрын, 4 тамызда, турнирдің ашылуы өтті. 18 жасқа дейінгілер арасында алғашқы жүрісті Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жасаса, 12 жасқа дейінгілер арасында алғашқы тақтадағы алғашқы жүрісті Қазақстан Шахмат федерациясы (ҚШФ) президенті Тимур Турлов жасады.
"Бұл әлемдегі мектеп командалары арасындағы ең үлкен командалық әлем чемпионаты болса керек, - деді ҚШФ басшысы- Қазір қатысушыларға елімізбен танысуға, өлкеміздің көрікті жерлерін көруге мүмкіндік туып тұр. Біздің балалар үшін бұл - әлемнің түкпір-түкпірінен дерлік достар табу, ойын тәжірибесін жинау, тамаша әрі мықты қарсыластармен кездесу мүмкіндігі. Менің ойымша, бұл - Қазақстан дипломатиясының дамуына, болашақта халықаралық қарым-қатынастарымыздың дамуына, мектептерімізде шахмат қозғалысының дамуына септігін тигізетін игі бастама. Дәл осы чемпионаттың Ақтауда өтуі бұл өңірдің маңыздылығын, Маңғыстаудың туристік аймақ, ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге қабілетті алаң ретінде дамып жатқанын көрсетеді", - деді Тимур Турлов.
Мектеп командалары арасындағы шахматтан әлем чемпионаты 7 тамызға дейін жалғасады.