Павлодарлық шаруалар мемлекетке қарыз болып қалды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3257

Фермерлер мемлекеттен алған субсидияларын кері қайтаруға тиіс.  

Павлодарлық шаруалар мемлекетке қарыз болып қалды

Павлодарлық фермерлер шамамен 100 млн теңге көлеміндегі субсидияны мемлекет қазынасына қайтаруы керек. Жергілікті ревизорлар оларға осындай талап қойып отыр.

Тексеруші тараптың пікірінше, фермерлер субсидиялық бағдарлама бойынша сатып алынған ірі қаралардың бір жылға жеткізбей "көзін құртқан". Ал талапқа сәйкес, сырттан әкелінген түліктер кем дегенде бір жыл қыстап, төл беріп, жалпы мал басының артуына үлес қосуы керек. Бұл ретте, фермерлердің айтар уәжі бір басқа. Олардың сөзінше, шетелден әкелінген сиырлар ауруға шалдыққан. Сондықтан олардың көзін жоюға тура келген. Бір қызығы, субсидиялау бағдарламасында мұндай келеңсіз жағдайлар ескерілмеген.

Мәселен, Ақсу ауылдық аймағындағы "Сергей" шаруа қожалығы 2018 жылы Украинадан 170 бас сиыр әкеліпті. Бұдан бөлек жергілікті шаруашылықтардан асыл тұқымды 160 сиыр сатып алған. Қожалық мұның бәрін несиесіз жеке қаржысына сатып алған. Бұл үшін шамамен 200 млн теңгедей қаржы жұмсаған. Фермер кейін сатып алынған сиырларға субсидия алуға өтінім береді. Мемлекет түлікке жұмсалған шығынның төрттен бірін, яғни 52 млн теңгесін қайтарады. Алайда осы жерде күтпеген бір оқиға орын алады. Яғни сиырлар бірінен соң бірі ауруға шалдыға бастайды. Уақыт өте келе олардың бруцеллезбен ауыратыны анықталады. Ал мұндай жағдайда қабылданатын бір ғана тиімді шешім бар. Ол – жануарларды сойып, тапсыру. 2019 жылдың тамыз айында Павлодар облысы бойынша ревизиялық комиссияның мамандары "Сергей" шаруа қожалығындағы сиырлардың жағдайымен танысады.

"Біздің міндетіміз – ірі қара басын көбейтуге бағытталған мемлекеттік субсидия бағдарламасының заңдылығын тексеру. Бұл орайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының статистикасы мен шаруа қожалығындағы нақты жағдайды салыстырдық. Сәйкессіздіктер бар болып шықты. Мәселен "Сергей" шаруа қожалығы субсидия төленген 114 сиырды сақтай алмаған. Бұл мал шаруашылығын субсидиялаудың сол кездегі ережелерін бұзу болып табылады", – дейді Павлодар облысы бойынша ревизиялық комиссияның мүшесі Жанар Шейхислам.

Осылайша ревизиялық комиссия тарапынан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шара қабылдау тапсырылған. Белгілі болғандай, мұндай жағдай бір емес, 59 шаруашылықта орын алған.

Павлодар облысы бойынша ревизиялық комиссияның хабарлауынша, жергілікті фермерлер шамамен 100 млн теңге көлеміндегі субсидияны қайтаруы керек. Шаруашылықтар қайтаруға тиіс субсидия көлемі 5 млн теңгеден басталып, ұлғая береді. Оның ішінде ең көп "қарыз" "Сергей" шаруа қожалығының басшысы Виктор Рямбовқа тиесілі. Ол енді 18,5 млн теңгені мемлекет қазынасына кері өткізуі керек.

"900 мың теңгеге сиыр сатып алып, мемлекеттен бөлінетін 250 мың теңгені алу үшін малдарды сойып, тапсыру ақылға қонбайтын іс. Ешкім де мұндай қадамға бармайды. Ал мен нақты себеп болғандықтан осындай қадам жасадым. Оның үстіне шаруашылығым одан әрі жұмысын жалғастыруда. Мен азайған мал басын қайта көбейттім. Мұндай көлемдегі қарызды қайтару едәуір салмақ салады. Бұдан бөлек менің шаруашылығым – Павлодар облысындағы үлгілі, табысты шаруашылықтардың бірі. Өзгелерге бізді әрдайым үлгі ететін ауыл шаруашылығы басқармасы енді заң шеңберінде қарызды қайтар дейді. Айтуларынша, олар бұл жерде ешқандай қауқар таныта алмайды", – дейді Виктор Рямбов.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Шұғаевтың сөзінше, мал шаруашылығын субсидиялаудың бұған дейінгі ережелерінде мемлекет шығындардың бір бөлігін өтеген фермерлер сатып алынған малды бір жыл бойы ұстауға міндетті болған.  Ал жаңа ережеде ондай шарт жоқ. Демек, жаңа ережеге сәйкес субсидия алғандар мұндай келеңсіздікпен бетпе-бет келмейді. Оған дейінгілер қалайда қарыздарынан құтылуға тиіс.

"Қиын жағдайға тап болған шаруаларды жақсы түсініп отырмыз. Бірақ біз қалайда шығынның орнын толтыруға тиіспіз. Ревизиялық комиссияның тапсырмасын елеусіз қалдыра алмаймыз. Тексерушілер де өз позицияларынан айнымасы анық. Демек бір ғана жол бар. Ол – дауды сот арқылы шешу. Фермерлердің қолында малдың ауруға шалдыққаны туралы анықтама бар", – дейді Марат Шұғаев.

Виктор Рямбов бастаған шаруалар сотқа жүгінетіндіктерін айтты. Ал орынсыз жапа шеккен кәсіпкерлерге "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы құқықтық көмек көрсетуге әзір.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу