Павлодарлықтар Арыстағы ағайынға 70 млн теңге жинады

2078

Бұған дейін облыс тұрғындары 90 тонна гуманитарлық көмек жөнелткен болатын.

Павлодарлықтар Арыстағы ағайынға 70 млн теңге жинады

Арыстағы оқыс оқиға салдарынан зардап шеккендерге еліміздің әр аймағы мүмкіндігінше көмек көрсетуде. Бұл ретте Павлодар облысы алғашқылардың бірі болып Арыстың 130 оқушысын Ертіс өңіріне ұшақпен жеткізді. Бүгінде балалар Баянауыл баурайында, Жасыбай көлінің жағасындағы "Жас дәурен" лагерінде демалуда.

"Бір апта аралығында көптеген жаңа дос тауып, Баянауылдағы тарихи және киелі орындарға бардым. Қаныш Сәтбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жаяу Мұса сынды қазақтың біртуар азаматтары жүрген жолмен жүрдім. Баянауылдың табиғаты әсем екенін байқадым. Күн сайын ата-анаммен хабарласып, суреттерді жіберіп тұрамын. Олар да менің демалысымның жақсы өтіп жатқанын көріп, қуанып қалады. 10 күннен кейін үйіме ораламын. Бұл демалыс менің есімде ұзақ сақталады", – дейді Арыстан келген оқушы Інжу Ералиева.

Оңтүстіктен балалармен бірге келген тәрбиеші Ақжарқын Кенжебекованың айтуынша, балалардың көңілі тоқ, әр күні қызыққа толы. Олар шығармашылығын шыңдап, түрлі спорт сайыстарында бақтарын сынауда.

"Оқушылар үйді сағынғанымен, Баянауылдан кеткісі жоқ. Тіпті, кейбіреулері ата-аналарына "осы жаққа көшіп келейікші" деген тілегін білдіріп үлгеріпті. Жергілікті ұстаздармен, балалармен қоштасқысы келмейді. Осыдан 10 күн бұрын Арыста орын алған апатты ұмытқандай. "Жас дәурендегі" демалыс олардың ойын сергіткені анық", – дейді Ақжарқын Кенжебекова.

Арыстық оқушылардың екінші легі – 170 бала 9 шілде күні Павлодарға келеді деп күтіліп отыр. Олар Ақсу қаласындағы "Ферросплавщик" және Шарбақты ауданындағы "Чайка" лагерлерінде демалатын болады.

Айта кетелік, таяуда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Арыс қаласына барып, жергілікті тұрғындармен жүздескен еді. Қазіргі кезде 130 павлодарлық қираған үйлерді жөндеп, қалпына келтірумен айналысуда. Тиісті жұмыстарды бір ай дересінде аяқтау жоспарланып отыр.

"Павлодар облысының мамандары 325 үйді, оның ішінде бес көпкөпқабатты баспананы жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Біз Арыстағы ағайынның тезірек өз үйлеріне оралуын қалаймыз. Бұл ретте жұмыстың сапасына баса мән берілетін болады", – деді Болат Бақауов.

Бұған дейін Арысқа павлодарлық тұрғындар мен кәсіпорындар жинаған 90 тонна гуманитарлық көмек жіберілген болатын. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер, полицейлер, депутаттар мен қарапайым тұрғындар 70 млн теңгені арыстықтар үшін ашылған арнайы шотқа аударды.

Ақтоты Қабдықайыр 

 

 


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу