Павлодарлықтар Арыстағы үйлерді қалпына келтіруде

2663

Бұл мақсатқа 1,2 млрд теңге қарастырылды.

Павлодарлықтар Арыстағы үйлерді қалпына келтіруде

Арыс қаласындағы жарылыс салдарынан қираған ғимараттарды жөндеу үшін шаһар 17 секторға бөлініп, әр облысқа берілгені белгілі. Бүгінгі күні павлодарлық құрылысшылар жүктелген аумақтағы жұмыстардың жартысынан астамын аяқтады.

Павлодар облысына екінші сектордағы үйлерді қалпына келтіру тапсырылған. Мұнда 5 көпқабатты баспана мен 322 жеке үй бар. Мердігер компания – "Тараз Құрылыс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары осы уақытқа дейін 4 көпқабатты тұрғын үй мен 50-ден астам жеке баспананы жөндеді. Бұл мақсатқа төтенше жағдайларға арналған қордан 600 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Жоспарлы істі толығымен аяқтау үшін тағы 600 млн теңге пайдаланылмақ.  

"Павлодар қаласындағы еңбек ресурстарын оңтүстікке апару тиімсіз. Әрі мұндағы жұмыстардың тұралап қалуы мүмкін еді. Сондықтан жергілікті компаниямен келісімшарт жасадық. Арыс қаласындағы нысандарды қалпына келтіру үшін 1 млрд 200 млн теңге қарастырылды. Жақында біздің облысқа 64 үйі бар тағы бір учаске берілді. Сондықтан қосымша қаржы бөлінуі мүмкін. Жұмыстардың барлығы 20 тамызға дейін аяқталады",– дейді Павлодар облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисов.

Жұмысшылар терезе мен есіктерді, төбелерді ауыстырып, қабырғадағы жарықтарды бекітеді. Ал еден мен түсқағаздарды ауыстыру сияқты ішкі жұмыстарды тұрғындардың өздері атқаруы тиіс.    

"Үйлерді жөндеген соң міндетті түрде иелерімен тілдесіп, өтініш-тілектерін назарға аламыз. Тұрғындардың барлығы дерлік жұмыстың жылдам әрі сапалы атқарылғанын айтып жатады. Демек, діттеген мақсатымызға жеттік",–дейді Р.Раисов.

Айта кетелік, бұған дейін Арыстағы жұмыстың барысымен танысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев павлодарлық құрылысшыларды өзгелерге үлгі еткен болатын.

"Атырау, Павлодар облыстарының жұмысы жүйелі. Толықтай үйлерді бұзып, нәтижелі жұмыс істеуде. Ал өзге облыстар уақытты жоғалтып алды. Құрылысы басталмаған үйлер де бар. Тұрғындармен тіл табысып жұмыс істеу қажет", – деп еді Өмірзақ Шөкеев.

Жалпы, бүгінгі күні Арыс қаласында 7 мыңнан астам адам жарылыс салдарынан қираған тұрғын үйлерді қалпына келтірумен айналысуда. Олардың басым бөлігі әскери полигонда болған жарылыстан толықтай бұзылған 413 үйді қайта салып жатыр. 6,5 мың үйде негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Бұл зардап шеккен тұрғын үй қорының 90 пайызын құрайды.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу