Павлодарлықтар күндіз-түні күл үйіндісінде жүр

3301

Павлодар облысының тұрғындары Ақсу қаласының маңында жиналған күлді қопарып, содан табыс тауып отыр.  

Павлодарлықтар күндіз-түні күл үйіндісінде жүр

Мамыр айының басында "Еуразиялық энергетикалық корпорация" мен "Қазақстан электролиз зауытының" бұрынғы күл үйіндісі маңында қызу тірлік басталды. Қызғылт сары жилет киген жүздеген адам, ондаған техника жерді қазып, оның астынан шыққанды қапқа салып, жүк көліктеріне жаппай тиеуде.  Әуелде мұнда облыстың түкпір-түкпірінен жиналғандар алтын іздеп жүр деген қауесет тарады. Кейін белгілі болғандай, жұрт күл үйіндісінің арасынан микросфера іздеп әлек. Ол – диаметрі жүздеген микрометр болатын шар тәрізді элемент. Күлдің құрамындағы алюмосиликатты микросфералар мұнай, құрылыс, медицина, әскери өндіріс пен электроника салаларында зор сұранысқа ие.  Ескі күл үйінділерінен дәл осы элементті қазып алып жатқан тұрғындар оны сатып, қыруар қаржы тауып отыр. Өзін Еркебұлан деп таныстырған азаматтың айтуынша, бір қап күлдің бағасы – 3-5 мың теңге аралығында. Осылайша, бір адам күніне кем дегенде 15-20 мың теңгені қалтасына басады. Тіпті, кейбіреулер түні бойы кірпік айқастырмай әлгі күл үйіндісінен қап-қап қылып күл жинап, оны сатады. Сөйтіп, бір күндік табысын әжептеуір еселеп алады. Ал экологтар мен жергілікті билік өкілдері тұрғындардың бұл әрекеттері заңға қайшы екенін айтып дабыл қағуда.

"Бұл жер мемлекетке тиесілі. Экология, геология департаменттері, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының ешқайсысы аталмыш аймақтан күл жинаған адамдарға рұқсатқағаз берген жоқ. Демек олардың бұған дейінгі әрекеттері заңсыз. Әзірше бізге күлді не үшін жинайтыны,оны қайда апаратыны белгісіз. Бұл мәселені назарымызға алдық. Тиісті жұмыстар жүргізілетін болады", – дейді Павлодар облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Есжанов.

Бұл іске тәртіп сақшылары да араласты. Бірақ осы уақытқа дейін полиция қызметкерлерінің қолына түсіп, жауапқа тартылған ешкім жоқ.

"Полиция департаменті мен жедел әрекет ету тобының күшімен стихиялық әрекет тоқтатылды және қаруланған күзет қызметі ұйымдастырылды. Ақсу қаласының әкімдігіне бұзылған жерлерді жедел түрде қалпына келтіру және учаскені күзету талап етілген хат жолданды. Ақсу қаласының ішкі істер бөліміне күлді заңсыз түрде шығарған азаматтарды анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жүктелді. Бұл мәселе департаменттің қатаң қадағалауында", – делінген облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.

Десе де, бұл микросфераларды іздеушілерге тосқауыл болмай тұр. Бір айға жуық уақыт бойы олар бұрынғы күл үйіндісінің аумағынан алшақ кетер емес. Кейбір деректерге сүйенсек, Польша, Қытай және Украина елінің компаниялары күлдің бір тоннасын 300-500 мың теңгеге сатып алады.

Күлдің саудасы Екібастұз қаласының маңында да "күйіп" тұр. ГРЭС-1 және ГРЭС-2 электр станциялары өз күлін төгетін Қарасор өзенінің бойында адам қарасы қалың. Бірақ, мұнда заңсыз күл жинайтын қарапайым тұрғындармен қатар, тиісті рұқсатқағаздарды алған 4 компания жұмыс істейді. Микросфера алумен айналысатын сондай компаниялардың бірінің өкілі Сабыржан Қанапияновтың айтуынша, Екібастұз және Ақсу қалаларына қарасты ауылдарда 30-40 күл қабылдау пункті бар. Олардың барлығы күлді заңсыз жинаушылардан қабылдайды.

"Бізде құжаттың барлығы бар. Екібастұздағы ГРЭС-пен де келісімге келгенбіз. Соған сәйкес, жинаған микросфераның бір тоннасы үшін 50 мың теңге береміз. Оған қоса, осы уақытқа дейін мемлекетке 47 млн теңгеден астам салық төлеп, 100-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Біздің ісіміз заңды", – дейді Сабыржан Қанапиянов.

Экологтар мен тәртіп сақшылары бақылауға алмақ болғанымен, заңсыз күл жинаушылардың дәурені жүріп тұр. Олар "күл үйіндісінде, шаң-тозаң ортасында жүруден басқа амалымыз қалмады, себебі тұрақты жұмыс жоқ" дегенді алға тартады. Тіпті, жоғары сынып оқушылары мен студенттер табыс табу үшін сабағын ысырып қойып, микросфера саудасының соңына түсті. Ал жағдайды реттеуге жергілікті биліктің шамасы келер емес.

Ақтоты Қабдықайыр 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу