Павлодарлықтарға 427 мың тонна көмір керек

2910

Қатты отынның бір тоннасы 6700-14500 теңгеге бағаланып отыр.

Павлодарлықтарға 427 мың тонна көмір керек

Павлодар облысында әлеуметтік нысандарға көмір жеткізу басталып кетті. Аймақтағы 575 білім беру, 333 денсаулық және 285 мәдениет пен спорт нысандарын жылыту үшін 135 мың тонна қатты отын қажет. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан 1 млрд 100 млн теңге бөлінді. Жергілікті әкімдіктер ұсынған мәліметке сүйенсек, әлеуметтік нысандардың 60 пайызы жылу маусымына дайын. Бұл ақпараттың шындыққа қаншалықты жанасатынын арнайы құрылған облыстық штаб тексереді. Мамандар тамыз айының соңына дейін ауыл-ауылды аралап, мекемелердің дайындығын пысықтауды жоспарлап отыр.

Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Амангелді Рүстемовтің айтуынша, жеке үйлерді жылытуға 427 мың тонна көмір керек. Отынды облыс орталығындағы 4 сауда нүктесі мен әр аудан орталығында ашылған көмір базарларынан алуға болады. Сонымен қатар, 300-ден астам жеке кәсіпкер көмір тасымалымен айналысады.  

"Елдімекендердегі сату нүктелерінде көмір бар. Қатты отынның бір тоннасының бағасы - 6700-14500 теңге аралығында. Сұраныс артқан тұста көмір бағасының шарықтап кетпесі үшін тиісті шараларды қолданамыз. Десе де, тұрғындардың ертерек қамданып, уақыт оздырмай сатып алғаны дұрыс", - дейді Амангелді Рүстемов.

Бұл ретте басқарма өкілдері ресми сауда нүктелерінің тиісті сертификаттары, салық, эмиссия сынды міндетті төлемдері болғандықтан, бағаны негізсіз өсіре алмайтынын алға тартады. Ал алыпсатарлардың әрекетін бақылау мен оларға шектеу қою қиын. Соған қарамастан, жергілікті билік тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстамақ. Былтыр мониторингтік топ көмірдің бағасын тым қымбаттатқандарды анықтап, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-бабы бойынша 3 әкімшілік хаттама толтырған болатын.

"Мәселен, жұмыс тобы Павлодар қаласы Южная станциясы, 38 мекенжайында орналасқан көмір сату нүктесіне барған кезде "Майкөбе" маркалы көмірдің орнына сапасы да, құны да төмен "Гамма Сарыкөл" көмірінің сатылып жатқанын анықтады. Бұл әрекет әшкере болған соң аталмыш сауда нүктесі жабылып, жұмысын тоқтатты. Биыл мұндай жағдай қайталанып, алыпасатарларға алданып қалмас үшін тұрғындарға тек ресми нүктелерден отын алуға кеңес береміз", - дейді Амангелді Рүстемов.

Айта кетелік, өткен жылы Павлодар облысында көмірдің бір тоннасы сұрпына байланысты 11 мың теңгеден 17 мың теңгеге дейін сатылған еді.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу