Пекин 2022. Абзал Әжіғалиев тамаша нәтиже көрсетті

1873

13 ақпан Пекинде қысқы Олимпиада ойындарының тоғызыншы жарыс күні өтті. Медальдық есепте Норвегия құрамасы көш бастады.

Пекин 2022. Абзал Әжіғалиев тамаша нәтиже көрсетті

Қазақстан өкілдері арасынан шорт-трекші Абзал Әжіғалиев жүлделі орынға біртабан жақын болды. Ұлттық құраманың ту ұстаушысы 500 метр қашықтықта конькимен жүгіруде финалға шықты. Ақтық жарыста ол төртінші болып мәреге жетті. Бағдарламаның бұл түрінен алтынды венгриялық шорт-трекші Лю Шаоан жеңіп алды. Ресейлік Константин Ивлиев күміс, канадалық Стивен Дюбуа Олимпиаданың қола жүлдегер атанды. Бұл жарыс бойынша Әжіғалиевтен басқа тағы екі қазақстандық – Денис Никиша мен Әділ Ғалиахметов те сынға түсті. Никиша соңғы сегізінші орынды иеленіп, В финалына өтті. Ғалиахметов 1/4 финалдың қорытындысы бойынша жарыстан шығып қалды. Айта кетейік, Әжіғалиев қысқы Олимпиада ойындарында 500 метрге шорт-тректен жекелей сында финалда өнер көрсеткен тұңғыш қазақстандық болып тарихта қалды.

Қазақстан құрамасының тағы бір ту ұстаушысы, Екатерина Айдова 500 метр қашықтыққа конькимен жүгіруде ел намысын қорғады. Ол жарысты 38,54 секунд көрсеткішпен 20-шы болып аяқтап, жеңімпаз америкалық Эрин Джексоннан екі секундқа жуық уақыт қалып қойды. Күмісті жапониялық Михо Такаги жеңіп алса, қоланы ресейлік Ангелина Голикова иеленді.

Сондай-ақ биатлоннан Қазақстанның екі өкілі өнер көрсетті. Галина Вишневская-Шепоренко әйелдер арасындағы он шақырымдық жарыс бойынша финалда 52-ші болып мәреге жетті. Бұл сайыс бойынша норвегиялық Марте Олсбю-Ройселанн чемпион атанды. Күміс швециялық Эльвира Эбергке бұйырса, тағы бір норвегиялық Тириль Экхофф қола жүлдені қанағат тұтты. Олсбю-Ройселанн Пекиндегі ойындарда үшінші алтын жеңіп алды. Бұған дейін ол аралас эстафета мен спринтте чемпион атанып, сонымен қатар жекелей жарыста қола жүлдеге ие болды.

Ерлер арасында 12 шақырымдық биатлоннан Александр Мухин өнер көрсетті. Ол 57-нәтиже көрсетті. Алтын жүлдені француз Кентен Фийон Майе жеңіп алды. Күміс норвегиялық Тарья Беге, қола ресейлік Эдуард Латыповқа бұйырды. Француз биатлоншысы үшін бұл Пекиндегі екінші алтын медаль. Ол бұған дейін 20 шақырымдық жекелей жарыста жеңіске жеткен болатын. Сондай-ақ француз он шақырымдық спринтте және аралас эстафетада екі күмісі медаль иеленді.

Тау шаңғысынан Захар Кучин слаломда сынға түсті. Өкінішке орай, ол бірінші айналымда мәреге жете алмай, нәтижесінде екінші айналымға қатысқан жоқ. Бұл дисциплина бойынша швейцариялық Марко Одерматт чемпион атанды. Словениялық Зан Краньеч күміс жүлде жеңіп алса, француз Матье Фебвр қола жүлденә қанағат тұтты.

Айта кетейік, фристайл-акробатикадан Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмырзаева өнер көрсетуі керек еді. Бірақ әйелдер арасындағы іріктеу жарысы ауа-райының қолайсыздығына байланысты 14 ақпанға шегерілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу