Пекин 2022. Бесінші жарыс күнінің қорытындысы

1769

Бүгін, 9 ақпанда Пекинде өтіп жатқан Олимпиада ойындарының бесінші жарыс күні медальдық есепте Германия құрамасы бірінші орынға шықты.

Пекин 2022. Бесінші жарыс күнінің қорытындысы

Қазақстандық спортшылар арасынан қысқы ойындардың жүлдесіне шорт-трекші Әділ Ғалиахметов біртабан жақын болды. Ол 1500 метр қашықтықта өткен финалдық сайыста өнер көрсетті. Нәтижесінде, финалда сегізінші орын алды. Бұл сайыста оңтүстік кореялық Тэ Хон Хван алтыннан алқа тақса, күмісті канадалық Стивен Дубоа, ал қола жүлдені ресейлік спортшы Семен Елистратов иеленді.

Айта кетейік, Ғалиахметов жартылай финалдық жарыста алтыншы нәтиже көрсеткен еді. Алайда видеоқайталауды көрген соң ереже бұзған қытайлық Чжи Вэй Рен жарыстан шеттетілді. Осылайша қазақстандық спортшы финалға шықты.

Ширек финалда еліміздің тағы бір өкілі Денис Никиша өнер көрсетті. Бірақ ол жарыс жолында голландиялық Йицхак де Лаатпен соқтығысып, жарыстан шеттетілді. Сонымен қатар 1/4 финалда Олимпиада рекорды орнатылды. Жаңа рокордтың авторы венгриялық Шаолин Шандор Лю (2:09.213).

Шорт-тректен Қазақстанның тағы бір өкілі Ольга Тихонова 1000 метр қашықтыққа іріктеуде өнер көрсетті. Ресейлік Софья Просвирновамен соқтығысқан қазақстандық спортшы өз тобында 3-орын иеленді. Бірақ ол келесі кезңге өте алмады. Сондай-ақ Просвирнова да жарыстан шеттетілді.

Шаңғы жарысынан қоссайыста тарихи оқиға орын алды. Қысқы ойындарда Қазақстан бұл спорт түрінен алғаш рет өнер көрсетті. Шыңғыс Ракпаров шаңғымен секіруден 38-нәтиже көрсетті (69,9 ұпай). Ал он шақырымдық жарыста қазақстандық 32:03,1 көрсеткішпен 41-орынға табан тіреді. Аталған жарыс түрі бойынша неміс Винценц Гейгер Олимпиада чемпионы атанды. Бұл оның екінші алтыны. Күміс жүлде норвегиялық Йорген Грабакқа, қола жүлде аустриялық Лукас Грейдерерге бұйырды.

Тау шаңғысынан әйелдер арасындағы слаломда қазақстандық спортшылардан 18 жастағы Александра Троицкая өнер көрсетті. Оның дебюті сәтсіз аяқталды. Александра бірінші мүмкіндігінде жарыс жолынан шығып қалды. Бір қызығы, бұл жарыс бойынша сенсация орын алды. Жарыстың басты фавориттерінің бірі, слалом бойынша бірнеше дүркін әлем чемпионы америкалық Микаэла Шиффрин бірінші мүмкіндігінен кейін көп ұзамай жарыс жолынан шығып, Олимпиадада жүлдесіз қалды. Нәтижесінде, словакиядық шаңғышы Петра Вльхова алтын, аустриялық Катарина Линсбергер (+0,08) күміс, швейцариялық Венди Хольденер (+0,12) қола жүлдегер атанды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу