Пекин 2022. Қазақстандық спортшылар қанша сыйақы алады?

2867

20 ақпанда Пекинде өткен қысқы Олимпиада ойындары мәресіне жетті.

Пекин 2022. Қазақстандық спортшылар қанша сыйақы алады?

Қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарында жүлдегерлер қатарынан табылмады. Тек ұлттық құрамамыздың ту ұстаушысы, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев қана жүлдеге біртабан жақын болды. Ол 500 метрге жүгіруде төртінші нәтиже көрсетті. Бұдан бөлек құрамамыз аралас эстафетада бесінші орынға ие болды. Әжіғалиевтен бөлек, команда құрамында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Ольга Тихонова және Яна Хан бар еді.

Осылайша, Пекинге барған ұлттық құраманың ту ұстаушысы Әжіғалиев мемлекет бюджетінен 40 000 доллар (17,1 миллион теңге), ал қалған шорт-трекшілердің әрқайсысы 10 000 доллар (4,1 миллион теңге) сыйақы алады.

Сонымен қатар Олимпиадада біріншіден алтыншыға дейінгі орындар үшін спортшылардың жаттықтырушыларына да төленеді. Командалық спорт түрлері бойынша табысты өнер көрсеткені үшін команданың үш жаттықтырушысы бірдей мөлшерде сыйақы алады.

Vesti.kz-тің хабарлауынша 2022 жылғы Олимпиада қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушыларға жалпы сомасы 140 мың доллар (60 миллион теңгеге жуық) төлейтін болды. Қаражат республикалық бюджеттен аударылады.

Жазғы және қысқы Олимпиада жеңімпаздарына төленетін төлемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1435 қаулысымен бекітілген. Спортшы алтын медаль үшін 250 000 доллар, күміс үшін 150 000 доллар және қола үшін 75 000 доллар алады. Сондай-ақ сыйақы төртінші, бесінші және алтыншы орындарды иеленген қазақстандықтарға тиесілі, яғни олар тиісінше 30, 10 және бес мың доллар сыайақы алады.

Жалпы Пекин Олимпиадасына Қазақстан құрамасы 87 лицензия жеңіп алған болатын. Барлығы 34 спортшы қысқы ойындарда ел намысын қорғады. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, биатлон, фристайл-могул, фристайл акробатика, шорт-трек, конькимен жүгіру, тау шаңғысы, скандинавиялық аралас және шаңғымен секіру бойынша сынға түсті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу