Пекин 2022. Морозов спорттық мансабындағы үздік нәтижеге қол жеткізді

1953

Жалпы есепте Қытай құрамасы көш бастап тұр.

Пекин 2022. Морозов спорттық мансабындағы үздік нәтижеге қол жеткізді

Пекинде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар кезекті жарыс күнін аяқтады. Құрамамыз спорттың үш түрінен бақ сынап, медаль иеленбегендерімен, жекелей жетістіктерге қол жеткізді.

Шаңғы жарысынан Қазақстан құрамасы еркін спринтке қатысты. Отандастарымыз жоғары нәтижелерге қол жеткізе алмай, іріктеуден өтпей қалды. Алғашқы айналымның қорытындысы бойынша 30 үздік шаңғышы келесі кезеңге жолдама алды. Ал қазақстандықтардан Надежда Степашкина 51-ші, Ангелина Шурыга 60-шы, Ксения Шалыгина 67-ші, Ирина Быкова 68-ші, Виталий Пухкало 66-шы, Евгений Величко 62-ші болып жарысты аяқтады. Бұл спорт түрінен келесі жарыстар 10 ақпанда өтеді. Әйелдер 10 шақырымдық классикалық жарысқа қатысады.

Сонымен қатар ерлер арасында биатлоннан 20 шақырымдық жекелей сайыс өтті. Аталған спорт түрінен еліміздің намысын Александр Мухин мен Владислав Киреев қорғады. Мухин өзін жақсы көрсетті. Алайда нысана көздеуде мүлт кетті. Александр бірден төрт қате жіберіп, 52-ші нәтиже көрсетті. Киреев жарыстың талаптарын мүлтіксіз орындағанымен, мәреге 25-ші болып келді.

"Жарыс жақсы өтті. Мен үшін бұл спорттық мансабымдағы алғашқы Олимпиада.  Бірде-бір қателік жіберген жоқпын және бұл мен үшін ең сәтті ойындардың бірі болды деп айта аламын. Сондай-ақ бүгін шаңғылар да жақсы болды. Қызмет көрсету тобына алғыс айтамын. Бәрі ойдағыдай өтті. Олимпиаданың алғашқы күндері өте суық болды. Бүгін күн жылы. Оған қоса қатты жел болған жоқ. Бұл еш қиындықсыз нысана көздеуге мүмкіндік берді. Жарыс жолы қиын болды деп айта алмаймын. Жалпы көңілім толды", – деді Киреев.

Күндізгі жарыстарды конькиші Дмитрий Морозов аяқтады. Ол Олимпиадаға алғаш рет қатысты. 1500 метрлік жарыс жолын Морозов 1:47.01 уақытта бағындырып, 18-ші болып жарысты аяқтады. Бұл оның спорттық мансабындағы ең үздік нәтижесі болып тіркелді. Осы орайда команданың бас бапкері Дмитрий Бабенко өз ойын білдіре кетті.

"Бүгін Дмитрий Морозов өнер көрсетті. Нәтиже біз қалағандай болмады. Дегенмен ол өзінің ең жақсы нәтижесін көрсетті. Сайыста оның жұбы жақсы болмады. Сондықтан Морозов алғашқы 300 метрде қарсыласына кедергі келтірмеу үшін барын салуға мәжбүр болды. Жарыс жолының алғашқы бөлігінде өз күшін дұрыс пайдалана алмады. Менің ойымша, егер бұл сәтті жұп болса, нәтиже жоғары болар еді. Жалпы ол жақсы нәтижеге қол жеткізді", – деді Бабенко.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу